Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облыстық департаментінің ұйымдастыруымен Талдықорғандағы әскери қызметке шақыру мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Кездесуде әскери борышты өтеу тәртібі, жоғары әскери оқу орындарына қабылдау және шекара қызметіндегі мүмкіндіктері таразыланды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облыстық департаментінің кадр бөлімінің бастығы, подполковник Нұрсұлтан Нұрпейісовтің айтуынша, құрылым жастарды ҚР ҰҚК Шекара академиясына, сондай-ақ Ресей мен Түркиядағы әскери оқу орындарына оқуға түсуге іріктейді. Әскери қызмет өткермеген, орта немесе орта білімнен кейінгі білімі бар, оқуға түсетін жылы 17 жасқа толатын және 21 жастан аспайтын азаматтар үміткер бола алады. Әскери не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет атқарған азаматтарға 24 жасқа дейін, келісімшарт бойынша әскери қызметтегілерге 25 жасқа дейін мүмкіндік қарастырылған. Үміткерлерді іріктеу құжат қабылдаудан басталып, медициналық тексеру, денсаулық деңгейі, кәсіби және психологиялық жарамдылығы анықтау, арнайы тексеру кезеңдері арқылы жүргізіледі. Арнайы тексерудің мерзімі 3-4 айға дейін созылады. Қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады. Рейтинг ҰБТ нәтижесі мен кәсіби іріктеу көрсеткіштері бойынша айқындалады. ҰБТ-дан кемінде 50 балл жинау қажет, әр пәннен 5 балдан төмен болмауы тиіс. Дәрігерлік мамандықтарға талап – кемінде 70 балл.
Шекара қызметіндегі сарбаз бен офицерге мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер де қарастырылған. Әскери қызметшілер ай сайын ақшалай төлем алады. Қызметтік тұрғын үймен немесе заңнамаға сәйкес тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз етіледі.
Шекара қызметі қазақстандық жастарға Ресей мен Түркияның бірқатар әскери оқу орындарында білім алуға да жол ашып отыр. Ресейдің ФҚҚ Жағалау күзеті институты мен ФҚҚ академиясы, Әскери-әуе академиясы, Краснодар жоғары әскери училищесі, Әскери-медициналық академиясы және басқа да оқу орындары қатарында Түркияның Әскери-теңіз академиясы, құрлық әскерлерінің әскери училищесі мен Гүлхане медицина ғылымдары университеті бар.
Баспасөз мәслихатында шекара саласына қысқамерзімді даярлық арқылы келу мүмкіндігі де айтылды. ҚР ҰҚК Шекара қызметі ҚР ҰҚК кадрлар департаментімен бірлесіп Шекара академиясында алты айлық курс ұйымдастыру мәселесін пысықтаған. Бағдарлама аясында шекаралық бақылау, тәрбие және идеологиялық жұмыс, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, байланыс және ақпараттандыру бағыттары бойынша мамандар даярлау көзделген. Курсты аяқтағандарға «лейтенант» әскери атағын беру қарастырылған.
Алты айлық даярлыққа жоғары білімі бар, GPA көрсеткіші кемінде 2,67 болатын, әскери билеті бар, жасы 30-дан аспаған азаматтар үміткер бола алады. Кандидаттар ҰҚК талаптарына сәйкес келуі тиіс.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ





