Қазақстанда қандас мәртебесін немесе тұрақты тұруға рұқсат алғысы келетін азаматтарға арналған ҚАЗТЕСТ жүйесінің талаптары түсіндірілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтайтын онлайн тестілеу азаматтардың елге бейімделуін жеңілдетуді көздейді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ведомство мамандарының айтуынша, ҚАЗТЕСТ қазақ тілін терең меңгеруді талап ететін күрделі емтихан емес. Сынақ форматы күнделікті қарым-қатынас жасауға және қоғамға жылдам сіңісуге қажетті негізгі дағдыларды тексеруге бағытталған. Тапсырмалар қарапайым тұрмыстық жағдайларға негізделгендіктен, қатысушылар тыңдалым мен оқылым бағыттары бойынша өз мүмкіндіктерін еркін көрсете алады.
Қатысушылар барлығы 60 тапсырма орындауы тиіс. Тестілеу 1 сағат 10 минутқа созылып, үйден шықпай-ақ онлайн форматта тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар тілдік сынаққа алдын ала дайындалу үшін бейімдеу және интеграция орталықтарында тегін кеңес алуға жол ашылған. Сынақтан сүрініп қалған жағдайда, соңғы талпыныстан кейінгі 30 күнтізбелік күн ішінде емтиханды тағы екі рет тапсыруға рұқсат етіледі.
Барлық процесс прокторинг жүйесі арқылы қадағаланатындықтан, қатысушылар камера мен микрофонның жұмысын, интернет байланысының тұрақтылығын алдын ала тексеруі қажет. Нәтижелер 3 жұмыс күні ішінде шығады. Мемлекеттік тілді меңгеру арқылы елге толыққанды интеграциялануға қадам жасап, құжат рәсімдеу процесін жеңілдету үшін Testcenter.kz мен migration.enbek.gov.kz ресми ресурстары арқылы толық мәлімет алуға болады. Қандас мәртебесін алып, тұрақты тұруға рұқсат алу барысында туындайтын сұрақтар бойынша тиісті орталықтарға жүгініп, әрбір азамат өз мүмкіндігін тиімді пайдалана алады.





