Елімізде орта білім мен балабақша саласын түбегейлі жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары мектептердегі орын тапшылығы едәуір азайып, ауыл мен қала арасындағы алшақтық қысқарып келеді. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын оқу үдерісіне енгізу арқылы оқушылардың білім сапасын арттыруға басымдық берілуде, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазіргі уақытта білім беру сапасын арттыру мақсатында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, соңғы үш жылда балабақшаларда 232 000 орын ашылып, ваучерлік қаржыландыру жүйесі арқылы кезек едәуір қысқарды. Бұл бағыттағы пилоттық жоба арқылы бюджет қаражаты тиімді үнемделіп, ата-аналарға балабақшаны өз бетінше таңдау мүмкіндігі берілді.
Инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Соңғы бес жылда 1 млн-нан астам оқушы орнына арналған 1 120 мектеп салынды. Олардың қатарында заманауи зертханалармен және робототехника кабинеттерімен жабдықталған «Келешек мектептері» де бар. Мұндай орта оқушылардың инженерлік әрі шығармашылық қабілеттерін дамытуға үлкен септігін тигізеді.
Бұдан бөлек, цифрландыру үдерісі шағын жинақты мектептерді де қамтыды. Павлодар мен Қызылорда облыстарында жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы оқушылардың жеке қажеттіліктерін анықтап, білімдегі олқылықтарды жою бағытындағы пилоттық жоба сәтті іске қосылуда. 2029 жылға дейін бұл жүйені елдегі барлық осындай мектептерге енгізу көзделген.
Педагогтердің әлеуметтік мәртебесін көтеру және кәсіби біліктілігін арттыру басты назарда қала береді. Ұстаздардың еңбекақысы артып, оларды қолдауға бағытталған жүйелі шаралардың арқасында саладағы кадрлық әлеует нығая түсті. Сондай-ақ халықаралық олимпиадаларда топ жарған дарынды балалар мен олардың тәлімгерлеріне арнайы ақшалай сыйақылар беріліп, отандық жоғары оқу орындарына грант негізінде түсу мүмкіндігі жасалған. Нақтырақ айтсақ, Колумбияда өткен 56-шы IPhO халықаралық физикалық олимпиадасында қазақстандық оқушылар барлық алтын медальді жеңіп алып, ел мерейін үстем етті.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға да жағдай жасалып, инклюзивті орта кеңейтілуде. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде де оң өзгерістер бар. Колледж студенттері үшін мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайып, экономика сұранысына сай жаңа мамандықтар қосылды.
Ал 2027 жылдан бастап mGov платформасы арқылы отбасыларға көрсетілетін көмекті оңтайландыратын «Бала жолы» жүйесін іске қосу жоспарлануда. Бұл бастамалар өскелең ұрпақтың қауіпсіз, сапалы әрі заманауи білім алуына зор мүмкіндік ашады.







