Жетісу облысы бойынша жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі жақындады. Бұл туралы Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйінде өткен баспасөз мәслихатында Мемлекеттік кірістер департаменті бастығының орынбасары Алмат Қалиев мәлімдеді.
2021 жылдан бастап жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу тәртібі жеңілдетілген. Қазіргі таңда мүлік салығы мен жер салығы бір бюджеттік сыныптама коды бойынша төленеді. Яғни азаматтар екі салықты бір төлем арқылы өтеуге мүмкіндік алған. Ал 2025 жылға есептелген жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі осы жылдың 1 қазанында аяқталады. Бүгінде Жетісу облысында 180 623 жылжымайтын мүлік нысаны тіркелген, ал салық төлеушілер саны 176 155 адамды құрайды. Жыл сайын облыс бойынша түсетін мүлік салығының жалпы сомасы шамамен 200 млн теңге.
– Салық төлеушіге алдағы төлем туралы ақпарат алдын ала жіберіледі. Мемлекеттік кірістер комитеті екінші деңгейдегі банктер, оның ішінде Kaspi Bank пен Halyk Bank сервисі арқылы азаматтарға төленуге тиіс салық сомалары туралы PUSH-хабарлама жолдайды. Бұл қызметтің арқасында бірқатар тұрғын салықтарын белгіленген мерзімнен бұрын төлеген, – дейді спикер.
Алайда салық бойынша берешегі бар азаматтар да жоқ емес. Өткен жылға қатысты берешек 4 355 адам бойынша 9,5 млн теңгені құрайды. Оның негізгі бөлігі Талдықорған қаласының тұрғындарына тиесілі, қала бойынша берешек көлемі 9,2 млн теңге.
Салық міндеттемелерін уақытында орындау үшін азаматтарға «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасын пайдалану ұсынылады. Қосымша арқылы алдағы салық сомасын төлеу мерзімі басталғанға дейін көріп, дайын деректемелер бойынша төлем жасай алады. Қосымшаны пайдалану үшін ұялы телефон нөмірі ХҚКО арқылы өзінің ЖСН-іне тіркелуі қажет. Сонымен қатар салықтарды екінші деңгейдегі банк бөлімшесі мен төлем терминалдары, банкоматтар арқылы да төлеуге болады.
Мүлік салығын уақытында төлемеген жағдайда салық органы Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес салық берешегі туралы хабарлама жібереді. Егер хабарлама 30 жұмыс күні ішінде орындалмаса, берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу шаралары қолданылуы мүмкін.
Жеке сот орындаушысы борышкерге қатысты банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру, жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікке шектеу қою, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да мәжбүрлеп орындату шараларын қолдана алады. Белгілі бір жағдайларда шетелге шығуға шектеу қойылып, сот арқылы әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесі де қаралады. Бұдан бөлек, берешекті жеке сот орындаушысы арқылы өндіріп алу кезінде борышкерден қызметі үшін өндірілген қарыз сомасының 25 пайызға дейінгі мөлшерде шығын алынуы мүмкін.
Мақпал Әділханқызы





