Жетісу облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығының қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камераларына тұрақты түрде мониторинг жүргізеді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Кезекті мониторинг кезінде сағат 05-20 шамасында ойын-сауық орындарының бірінің маңынан Көксу ауданының 29 жастағы тұрғыны байқалды. Азамат масаң күйде болуы ықтимал деген күдікпен автокөлігіне отырып, жолға шықты. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері дереу бағытталды. Медициналық куәландыру нәтижесінде жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны толық дәлелденді. Аталған факті бойынша жинақталған материалдар сотқа жолданды.
Сот шешімімен құқық бұзушы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Автокөлік арнайы тұраққа қойылды. Мұндай қатаң шаралар жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өрескел заң бұзушылықтардың алдын алуға септігін тигізеді. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары өңірдегі жол қозғалысы ережелерінің сақталуын қатаң бақылауда ұстап отыр.





