І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде дала өркениеті мемлекеттілік дәстүріндегі Құрылтайдың тарихи бастауларына, оның эволюциясы мен маңызына арналған «Құрылтай феномені» кітабының таныстырылымы өтті. Кітап авторлары – мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Омархан Өксікбаев пен шығыстанушы, түркітанушы-лингвист Зәріпбай Оразбай.
Ғылыми еңбекке арналған дөңгелек үстелге облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Кездесуге қатысушылар алдында құттықтау сөз сөйлеген Диас Есдәулетов Құрылтайдың тарихи маңызына тоқталды.
– Құрылтай – халқымыздың қоғамдық өмірінде бұрыннан қалыптасқан кеңесіп шешу, ортақ пікірге келу, ел тағдырын бірге талқылау дәстүрінің көрінісі. Тарихтың әр кезеңінде ол қоғамдық және мемлекеттік басқарудың маңызды институты ретінде қызмет атқарды. Бұл жай ғана тарихи құбылыс емес, мемлекеттіліктің қалыптасу кезеңдерін, саяси мәдениет пен қоғамдық келісім дәстүрін зерделеуге мүмкіндік беретін тарихи мұрамыздың маңызды бөлігі, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жуырда өткен Құрылтай сайлауына тоқталған Диас Рахметұлының айтуынша, тұрғындардың саяси науқанға белсене қатысуы қоғамның жаңа мемлекеттік институттарға деген қызығушылығын және азаматтық белсенділік деңгейінің жоғары екенін көрсетті.
Зерттеудің негізгі идеясы туралы кітап авторларының бірі Омархан Өксікбаев баяндады. Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы зерттеу барысында авторлар әр тарихи дәуірдегі Құрылтайларға қатысты деректерді жинақтаумен ғана шектелмегенін атап өтті. Негізгі мақсат – ұғымның мәнін ашып, оның бастауларын зерделеу және Ұлы Дала сахарасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан мемлекеттік басқару дәстүрлерімен сабақтастығын көрсету.
Зерттеуде саяси мәдениет, мемлекеттік тәртіп, азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық келісім мәселелеріне де ерекше назар аударылған. Автордың пікірінше, тарихи мұраны зерделеу, ең алдымен, өткеннің тәжірибесін терең түсінуге мүмкіндік береді.
Еңбектің тағы бір авторы, шығыстанушы, араб, парсы және шағатай тілдерінің маманы Зәріпбай Оразбай кітаптың деректік негізіне тоқталды. Зерттеуге автордың қазақ тіліне алғаш рет аударған ортағасырлық онға жуық қолжазбасы негіз болған. Түпнұсқа деректермен жұмыс істеу бұрыннан белгілі мәліметтерді толықтырып, әр кезеңдегі Құрылтай дәстүрінің қалыптасуы мен дамуын терең зерделеуге мүмкіндік берген.
– Кез келген ауқымды еңбек ең алдымен идеядан басталады. Идея мықты болса, мазмұнды деректер мен ғылыми ізденіс оны одан ары індете түседі. Меніңше, бұл кітаптың басты ерекшелігі де осында. Оның негізінде халықтың тарихи санасын жаңғырту, өткенді тереңірек зерделеу және оны бүгінгі заманмен сабақтастықта пайымдау секілді ауқымды әрі маңызды идея жатыр, – деді ол.
Дөңгелек үстел барысында тарихи жадының маңызы мен қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуындағы қоғамдық-саяси дәстүрлердің орны жөнінде де пікірлер айтылды. Д. Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Өмірәлі Жалаири тарихи сананың маңызына тоқталды.
Тақырыптың тарихи-саяси қырын «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының төрағасы Амангелді Есбай тарқатты. Сонымен қатар белгілі публицист Талғат Айтбайұлы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі суретші әрі журналист Жанұзақ Мүсәпір, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Сәбит Суатай және басқа да азаматтар сөз сөйледі.
Кездесу соңында қатысушылар «Құрылтай феномені» еңбегінің ұлттық тарих пен мемлекеттілік дәстүрін зерделеудегі маңызына тоқталып, кітапта қамтылған тарихи деректер мен ғылыми тұжырымдар төңірегінде пікір алмасты.\
Дастанбек САДЫҚ





