Талдықорған: +27°C
$ 446.56
€ 512.34
₽ 5.30
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
    • Алтын қол
    • Ардың ісі
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Дін мен дәстүр
    • Екі тізгін
    • Жансарай
    • Жас қалам
    • Ізгілік ізі
    • Күлтөбе
    • Күндерек
    • Құқық-заң
    • Мереке айшығы
    • Мінбер
    • Он саусақ
    • Руханият
    • Саясат
    • Таным-таразы
    • Түпсана
    • Ұлт ұяты
    • Экономика
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР ЖАНСАРАЙ

Тәлім берген қазақтың баласына

21.09.2026
ЖАНСАРАЙ
Тәлім берген қазақтың баласына
WhatsAppTelegramFacebook

Ғылыми зерделеу жұмыстарының арқасында Жетісудің қоғамдық-саяси даму тарихында орны бар қайраткер тұлғалардың ғұмырнамасы ғана емес, тұтас империяны қамтыған алапат саяси қудалау құйынының құрбаны болған қарапайым адамдардың өміріне, қызметіне, тағдырына қатысты деректер жинақталуда. Кеңестік кезеңдегі қоғамдық-саяси оқиғалардың қарапайым адамға қалай әсер еткенін ағартушы-ұстаз, Жетісудағы білім беру саласының қайраткері, шығармашыл тұлға Қапез Байғабылұлының тағдырынан көруге болады.

Ол ұстаздық қызметіне қатысты мағлұматты «Тілші» газетіне жазған мақалаларында көрсетіп отырған. Мысалы, осы газеттің 1923 жылғы 20 наурыздағы №28 санында жарияланған «Ескергені осы ма?» атты сын мақаласында (төте жазудан аударған: Е. Білал) Жаркент уездік оқу бөлімінің жарлығымен осы жылдың қараша айында Торайғыр ауылына келген Қапез Байғабылұлы құрылған мектеп комиссиясының жауапсыздығынан салынуға тиіс мектеп құрылысы қолға алынбағанын ашына жазады. Мектеп құрылысына деп халықтан жиналған қаржы талан-таражға түсіп, Торайғырға мұғалім болып келген Қапез Байғабылұлы орыстардан қалған «збошкелерде» балаларды оқытуға мәжбүр болған.

«Мектепті дайындайтын комиссиялардың түрі мынау: қайтпек керек, амал жоқ, тар үйде бала оқытып жатырмыз. Мектеп керек, халықтан алым жинау керек, оқусыз жұмыс қиын деп айта салатын адамдарымыздың сиқы анау, бәрі өз құлқынын ойлайды. Мектепті, оқуды ескергені осы ма?», – деп түйіндейді автор.

Осыдан Қапездің кеңестік ауыл өмірінің сан қырларын, әсіресе, білім беру саласы проблемаларын талқылағанын көруге болады. Өзінің ең алдымен ұстаз-тәлімгер екенін шығармаларына арқау еткен Қапез Байғабылұлының «Тілші» газетіндегі мақалаларында бұдан басқа жергілікті шаруалардың «Қосшы» одағы, аңның саудасымен күрес, мал індеті секілді, т.б. мәселелер қамтылған.

Жетісу уезіне қарасты Ақтоғай болыстығының Жалаңаш ауылында өтетін болыстық атқару комитеті жиналыстарына Қапез Байғабылұлының хатшылық қылғаны құжаттардан көрінеді. Әсіресе, ҚР Президенті архивінде сақталған 116 беттен тұратын «Жаркент уезі Ақтоғай болыстығы қызметкерлерін тексеру бойынша ақпараттық материалдар» атты 1925 жылдың 30 маусым – 16 шілдесі аралығын қамтыған құжаттар маңызды мәлімет береді.

1925 жылы 25 ақпанда уезден келген өкіл Әубәкір Жүнісов, уездік қаржы бөлімінің меңгерушісі Бектұрсын, Ақтоғай болыстық РК(б)П ұяшығының жауапты хатшысы Мұсаев қатысқан жиналыста күн тәртібіндегі бесінші мәселе болып оқу-ағарту мәселелері қаралады. Тақырыпқа қатысты сөз алған Қапез Байғабылұлы білім беру саласындағы кемшіліктерді көтереді. Жалаңаш мектебінің мұғалімі айтқан мәселелер аясында жиналыс құрамында Майлы Орманов, Қасан Саяқов және Арзабаев кірген мектеп комиссиясын құру туралы қаулы қабылданады. Әубәкір Жүнісов Ақтоғайда «Сауатсыздықты жою қоғамын» құруды, қоғамның төралқасына Майлы Орманов, Салағаев және Кәрімқұловтарды сайлап, мектеп құрылысы бойынша жұмысқа кірісуін ұсынады.

Алайда уездік өкімет орындарынан келген жауапты қызметкерлер қатысқан жиналыста қабылданған шешім орындалмай қалған. Бұл туралы сол жылы 27 қыркүйекте жарық көрген «Тілші» газетінің №196 санында Қапез Байғабылұлы хабарлап, мақала арнаған. Газет тілшісі ретіндегі мақаласында Жаркент уезі Ақтоғай болыстығына қарасты Меркі ауылына қарайтын Ұзынбұлақ елді мекенінен басқа Торайғыр, Шелек ауылдарында мектеп құрылысы қолға алынбағанын күйіне көрсетеді.

Тағы бір айта кететін дерек Ә. Жүнісов, Бектұрсын, Мұсаевтар қатысқан жоғарыдағы 25 ақпандағы жиналыста қабыл алынған қаулының ішінде «Тілші» газетіне жазылу жайы еді. Ақтоғай ауылынан «Тілші» газетіне 50 адам, оның 20-сын Торайғыр, 15-ін Меркі, 10-ын Шелек, 5-еуін Жалаңаш жаздырып алатын болып шешіледі. Ауылдағы білім беру ісінде де маңызды рөл атқарған баспасөзге жаздыру ісімен «Тілші» газетінің авторы Қапез Байғабылұлы айналысқан.

«Тілші» газетінің 1925 жылғы 11 желтоқсандағы №210 санында Қ. Байғабылұлының газетке жазылу бойынша квитанциялары қабылданып, жазылым ақшасы келгені арнайы хабарланған.

1925 жылы жазда Жаркент уезіне қарасты Ақтоғай болысына арнайы тексеру ұйымдастырылып, уездік атқару комитетінің өкілі ретінде Ілияс Жансүгіров барған. Сонымен қатар Жетісу губерниялық атқару комитетінің атынан да өкілдік еткен І. Жансүгіров тексерілуге жатқан Ақтоғай болыстығының орталығы Жалаңаш ауылында орналасып, Меркі, Торайғыр, Шелек ауылдарын да қараған. Меркіде 557 үй, Торайғырда 682 түтін, Шелекте 280 үй тіркелген.

Болыстықтың орталығы Жалаңаштағы тұрғындар саны 156 отбасыны құрап, жалпы алғанда болыстық атқару комитетіне 1675 шаңырақ қараған. Болыстықты зерттеу құжаттарында мал басы, еңбек құрал-саймандары жайлы мәліметтер де қамтылған. Жалаңаш ауылында қазақтармен қатар 70 үй орыс бар екені көрсетілген. Ауылдағы жалпы мал саны 196 жылқы, 209 сиыр, 434 қой-ешкі тіркелген.

Қапез Байғабылұлының қоғамдық-саяси қызметі туралы деректер 1929–1930 жылдарда жүргізілген БК(б)П мүшелерін, жергілікті басқару аппаратын, қызметкерлерді жаппай тазарту науқаны тұсындағы деректерде де кездеседі.

1929 жылдың 16 тамызында Алманов, Дроздов және Ақтановтан құрылған Қарқара аудандық партия ұйымын тазарту бойынша Алматы округтік комиссиясы Шырғанақ ұйымын қызметкерлерін тексерген. 1926 жылдың 25 сәуірінен БК(б)П мүшелігіне кандидат Нұрбек Балабектің ісі қаралады. Тазарту комиссиясы хаттамасында Қапез Байғабылұлымен бірге 1920 жылы алты айлық мұғалімдер даярлау курсында білім алған Н. Балабеков 1921 жылдан бері білім беру саласында қызмет атқаратыны айтылған. Тазарту комиссиясы аясында берген жауаптарында Нұрбек Балабеков өз әкесінің кедей болғанын, 17 жасқа дейін әжесінің қасында болғанын, 1916 жылы Қытайға қашып, 1917 жылы оралғанын, 1917–1920 жылдар аралығында жалдамалы жұмыспен күнелткенін көрсеткен. Нұрбек Балабеков Қапез Байғабылұлымен бірге 1920 жылы Алматыда ұйымдастырылған педагогикалық курста оқып, 1921 жылы ұстаздық қызметке кіріскенін айтады.

Алматы облыстық мемлекеттік архивінде сақталған «Алматы округі Қарқара ауданындағы аппарат, жұмысшы және қызметкерлерді тазарту бойынша мәжілістер протоколдары мен материалдар» деп аталатын 1930 жылды қамтитын істе Қапез Байғабылұлының партиялық тазалаудан өтуі бойынша деректер бар.

Қарқара ауданы бойынша қызметкерлерді тазалау комиссиясына Айтжан Түркебаев төрағалық жасаған. Қарқара ауданы бойынша қызметкерлерді тазарту комиссиясы қызметінің құжаттарында ауданда қызмет атқарған тұлғаларға қатысты бірқатар тың дерек кездеседі. Тазарту науқанының мәнісі партия мүшелерінің, кандидаттардың, БЛКЖО мүшелерінің өмірбаянындағы ресми саясатқа сәйкес келмейтін деректерді жариялау тазаланушы тұлғаның өткір сұрақтарға жауап беруімен ерекшеленген. Қапез Байғабылұлына да сондай сұрақтар қойылған.

Сұрақтардың бір бөлігі Қапездің 1916 жылдан кейін Қытайға өтіп кетуіне қатысты болған. Қазақстанның оңтүстік-шығыс аумағындағы жергілікті Батыс Қытайға эмиграция үдерісінің шарпуы көпшілікті қамтығаны белгілі. Әсіресе 1916 жылғы Жаркент уезіне қарасты 16 болыстың өкілдері бас қосқан жиын ақ патша жарлығына мойынсұнбай билік орындарына қарсы шығуға шешім қабылдауы көтерілістің қанмен басылуына алып келді. Жетісудың 94 болысы бүліншілікке ұшырап, 5373 үй өртеліп, 1905 адам өпді, 684 адам жараланды, 1105 адам тұтқынға алынды. Жетісу халқының төрттен бір бөлігі, шамамен 300 000 адам Қытай жеріне босып кетті. Жетісу облысына қарасты Алматы, Жаркент, Пішпек, Пржевальск уездеріндегі 44 болыста тұратын 47 мың 759 түтіннің 40 мың 250-і Қытай асқан. Бір ғана Верный уезіндегі Қызылбөрік болысына қарасты 1129 отбасының 263-інен басқасы Құлжа аумағына ауып кеткен.

Қапез Байғабылұлының өмірбаянындағы бетбұрыс кезеңдердің бірі ретінде осы 1916 жылғы көтеріліс аталады. 1930 жылы Қарқара аудандық саяси сауаттандыру бөлімінің меңгерушісі ретінде партиялық тазарту бойынша арнайы комиссия талқысынан өткен Қапез Байғабылов туралы партиялық тазарту комиссиясының хаттамасында:

«Байғабылов Қапез аудандық саяси сауаттандыру бөлімінің меңгерушісі. 1896 жылы туған. Орташа отбасынан шыққан. 1916 жылы Қытайға қашқан. Шекарадан өтіп, сонда қалған. 1920 жылға дейін жалдамалы кәсіпті атқарған, 1920 жылы оқуға барған. Екі жыл оқып, арнайы атақ алған. Әлі күнге дейін оқиды. Әлеуметтік жағдайы 30 қойы бар», – делінген.

Тазарту комиссиясы мүшелерінің қойған сұрақтары былай өрбиді: Сұрақ: Мәдени сауаттандыру қалай жүріп жатыр? Жауап: Мәдени сауаттандыру жоспары орындалған. Сұрақ: Бесжылдық барысында қанша бала оқуы керек? Жауап: Барлығы 100 пайыз. Сұрақ: (Онда) байлармен оқыдыңыз ба? Жауап: Тоғызбұлақта мен оқуға қабылданғанда олар (байлар) шығарылған. Сұрақ: Неге ауданда «Степная газета» шығарылмайды (таралмайды)? Жауап: Ауыл қызметкерлерінің жетімсіздігі және енжарлық (себебінен).

Тазарту комиссиясы жиналысындағы пікірталаста Қарқара ауданындағы алғашқы мұғалімдердің бірі Б. Момбекбаев сөз алып, Қапез Байғабылұлы туралы жақсы пікір білдіріп, оны жігерлі қызметкер ретінде бағалаған.

1930 жылы партиялық тазарту бойынша «тазартудан өтті» деген қорытынды алған Қапез Байғабылұлының бұдан кейінгі өмірі күштеп ұжымдастыру, жаппай босқыншылық, аштық оқиғаларымен астасып жатты. КСРО аумағында жолға қойылған жаппай қуғын-сүргіннің шыңы 1937 жылға дөп келгені белгілі. Кеңестік орталық билік республикаларға жаулардан тазарту жұмыстарының қалай өтуі керектігі туралы тиісті түсініктемелер жіберіп отырған. 1937 жылы 2 шілдеде Иосиф Сталин қол қойған БК(б)П ОК қаулысына сай жазалануға жататын адамдарды алдын ала есепке алу туралы нұсқау жіберіледі. КСРО-ның барлық облысынан түскен мәліметтерді ІІХК халкомы Николай Ежов жинақтаған. 1937 жылы 20 шілдеде БК(б)П Алматы обкомының 1-хатшысы Жанайдар Сәдуақасов облыс бойынша 305 адам атылатыны, 818 адам айдауға жіберілетіні туралы шифрлі жеделхат жолдаған. Жаппай жазалаудың тоқтаусыз легі 1937 жылдың 30 шілдесінде Н. Ежов қол қойған №00447-бұйрық бойынша күшейіп, Алматы облысының тұрғындарын зарлатты.

Осындай бүкіл ел ауқымын қамтыған «тергеу құйынының» орбитасына түскен Қапез Байғабылұлының аты-жөні құжаттарда түрліше аталғаны оған қатысты қылмыстық іс материалдарынан көрінеді. Алматы облыстық мемлекеттік архивінде сақталған Қ. Байғабылұлының қадағалау ісінде оның есімі Байғабулов Хафиз деп берілген. 1958 жылдың 9 шілдесінде Қазақ ССР МҚК есеп-архивтік бөлімі бастығының орынбасары Васильев арнайы қорда 1937 жылы сотталған Байғабулов Қапездің ісі ғана бар екенін хабарлаған.

1958 жылы 23 шілдесінде облыс прокуроры Мухамедьяров Алматы облысы Кеген ауданы «Ұзынбұлақ» қой совхозының №2 фермасында тұратын Қапез Байғабыловтың әйелі Жібек Байғабылованың арызы негізінде қадағалау өндірісін қозғап, облыстық сот төрағасына қарсылық жолдаған. Облыс прокурорының Қапез Байғабылұлының ісі бойынша қарсылығында тергеу «қылмыстық-процессуалдық кодекс нормалары мен социалистік заңдылықты өрескел бұзу» арқылы жүргізілгені атап көрсетілген. Прокурор Қ. Байғабылұлына қарсы іс ресми қозғалмағандығын, оған айып тағу жөніндегі қаулының жоқтығын, оның прокурордың санкциясынсыз тұтқынға алынғанына назар аударған.

1958 жылы 8 тамызда Алматы облысы прокурорының орынбасары Федоренко Жібек Байғабыловаға күйеуіне қатысты қылмыстық іс облыстық сот қаулысымен тоқтатылғанын, ақтау жөніндегі анықтама облыстық сот тарапынан жолданатынын хабарлаған. Алматы облыстық сотының төрағасы міндетін атқарушы Ермағамбетов қол қойған 1958 жылдың 8 тамызындағы қаулы бойынша 1937 жылдың 25 желтоқсанындағы Алматы облыстық ІІХК үштігінің Қапез Байғабылұлына қатысты қаулысының күші жойылып, оған қатысты қылмыстық іс өндірістен қысқартылды.

Жетісу аумағындағы оқу-ағарту саласында аянбай қызмет еткен Қапез Байғабылұлының туған халқымен қауышуы үшін оның ресми түрде ақталғанынан кейін де 30 жылдан артық уақыт керек болды. Біздің әңгімеміздің мақсаты биыл туғанына 130 жыл толып отырған ағартушы-қайраткер, шығармашыл тұлға Қапез Байғабылұлы ғұмырнамасының бір қырына жарық түсіру. Қапез мұраларын толық зерделеу, қайраткер ғұмырының қалтарыс тұстарын жарыққа шығару жас зерттеушілердің еншісінде.

Еркін СТАМШАЛОВ,
PhD доктор,
Жетісу облыстық М. Тынышпайұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері

Қатысты жаңалықтар

Жетісуда «Алтай – Атырау» қойылымы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

Жетісуда «Алтай – Атырау» қойылымы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады

21.09.2026
Әкем, анам және мен – спорттық отбасы

Әкем, анам және мен – спорттық отбасы

21.09.2026
Жетісуда және Семейде орман өрті тіркелді

Жетісуда және Семейде орман өрті тіркелді

21.09.2026
Президент Жолдауын жүзеге асыру

Президент Жолдауын жүзеге асыру

21.09.2026
Азия ойындары: Санжар Әділов ММА-дан тарихи қола жүлдені жеңіп алды

Азия ойындары: Санжар Әділов ММА-дан тарихи қола жүлдені жеңіп алды

21.09.2026

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Қабылдау бөлімі: 8 (7282) 40-20-64
Жарнама бөлімі: 8 (7282) 40-20-69

Пошта: jetisu2002@mail.ru

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • АРНАЙЫ ЖОБА
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.