Бас прокуратура қылмыстық істер бойынша кассациялық практиканы талдап, азаматтардың бұзылған құқықтарын қорғау бағытындағы ауқымды жұмыстарды қорытындылады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сот реформасы шеңберінде 2025 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жаңадан кассациялық соттар өз жұмысын бастаған болатын. Қылмыстық істерді қараудағы басты жаңалық «жаппай кассация» жүйесінің енгізілуі. Енді барлық арыздар судьялардың алдын ала сүзгісінен өтпей-ақ, тікелей қайта қаралуға жіберіледі. Бұл жүйе бүкіл республика бойынша бірыңғай әрі әділ сот практикасын қалыптастыруға жол ашты.
Жаңа жүйенің арқасында қайта қаралған қылмыстық істер саны екі есеге жуық артты. Бір жылдық қызмет барысында 1 717 адамға қатысты 1 320 қылмыстық іс зерделенді. Нәтижесінде, сот актілерінің 30%-ы, соның ішінде прокурорлардың қорытындылары негізінде қайта қаралды немесе толығымен күші жойылды. Сондай-ақ process қатысушыларының арыздары бойынша 381 азаматтың ісі қайта қаралып, 10 адам толықтай, ал 15 сотталған ішінара ақталды.
Прокурорлық наразылықтар 182 сотталғанның жағдайын жақсартуға мүмкіндік берді. Мәселен, азаматтардың іс-әрекеттері ауыр емес қылмыс құрамына қайта сараланып, жаза мерзімдері жеңілдетілді. Кейбір жағдайларда түзеу мекемесінің түрі өзгертіліп, қылмыстың қайталануы сияқты ауырлатушы белгілер алынып тасталды. Ал 5 азамат толықтай ақталып шықты. Бұл қадамдар сотталғандардың заңды құқықтарын қалпына келтіруге бағытталған.
Әділдікті қамтамасыз етуде азаматтардың қорғалу құқығын сақтау басты орында тұр. Тексеру барысында кейбір соттарда айыпталушылардың жеке қатысуынсыз немесе қорғаушылардың сөз сөйлеуін шектеу сияқты заңбұзушылықтар анықталды. Мұндай фактілер сот шешімдерін толықтай жоюға негіз болды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстарды дұрыс сараламау жағдайлары әшкереленді. Қатаң шаралардың арқасында 8 адамға қатысты іс қайта қарауға жіберілді. Мысалы, 9 жасар қызға қатысты аздыру әрекеті үшін сотталған Ж. есімді азаматтың ісі кайта зерттеліп, ол өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Экономикалық қылмыстар бойынша да мемлекеттік мүдде қорғалды. Тәркіленбеген қылмыстық кірістерді өндіру бойынша 17 наразылық енгізілді. Нәтижесінде заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған Е. есімді сотталғаннан 2,8 млрд теңге өндіріліп, мемлекет қазынасына қайтарылды. Өзге де істер бойынша қосымша 141 млн теңге тәркіленді. Мұндай шаралар жазаның бұлтартпастығы принципін айқын көрсетеді.
Жаңадан құрылған кассациялық соттар жүйесін ары қарай жетілдіру және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау мақсатында мынадай жүйелі қадамдар жасалуда. Біріншіден, сот отырыстарын онлайн форматта өткізу мүмкіндігін кеңейту арқылы шалғай өңірдегі тұрғындардың сотқа қолжетімділігін арттыру қарастырылған. Екіншіден, тергеу және сот процестерінде цифрлық бақылауды күшейту адами фактор мен заңсыз шешімдерді азайтады. Бұл реформалар құқық қорғау саласының ашықтығын камтамасыз етеді.





