Текелі қаласында туған өңірді таза әрі жайлы етуге бағытталған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы белсенді жалғасып жатыр, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Ауқымды бастама аясында мекеме қызметкерлері, кәсіпорын өкілдері, еңбек ұжымдары мен қаланың жанашыр тұрғындары жиі сенбілікке шығып келеді. Олар көшелерді, аулалар мен қоғамдық орындарды қоқыстан тазартып, айналаны ретке келтіруде. Мұндай жұмыстар үлкен күш-жігерді талап етеді. Біреулер тұрмыстық қалдықтарды жинаса, енді бірі қурайдан аумақты тазартады, ал заңды тұлғалар өздеріне тиесілі ғимарат маңайын ретке келтіруді қолға алған. Атқарылған әрбір таза көшенің артында үлкен азаматтық еңбек пен табандылық жатыр.
Текеліде жеке сектор да, көпқабатты тұрғын үйлер де бар. Күн сайын тұрғындар жұмысқа барып, балалармен серуендеп, өз шаруаларымен асығады. Әрбір азаматтың әрекетіне байланысты қаланың ертеңгі дидары қалыптасады. Тазалық сақтау – тек коммуналдық қызметтердің немесе сенбілікке қатысушылардың ғана міндеті емес, барша тұрғынға ортақ жауапкершілік. Егер жинау жұмыстарынан кейін аумақта қайтадан пластик бөтелкелер мен пакеттер пайда болса, тәртіп орнатқан жандардың еңбегі ескерусіз қалғанын білдіреді.
Аталған акция тұрғындарға қарапайым шындықты ұғындырады: тазалықты қайта-қайта қалпына келтіргеннен қарағанда, оны үнемі сақтап отыру әлдеқайда жеңіл. Шөлмек пен қағазды қоқыс жәшігіне тастау, демалыстан кейін қалдық қалдырмау, аула мен саябаққа ұқыпты қарау секілді кішігірім әрекеттерден тұтас қаланың көркі қалыптасады.
Әсіресе өсіп келе жатқан жас буынға дұрыс үлгі көрсетудің маңызы зор. Үлкендердің табиғатқа деген жанашырлығын көріп өскен бала жастайынан қоршаған ортаны қорғауды әдетке айналдырады. Осындай тәрбие нәтижесінде таза аула мен күтімді көше уақытша науқан емес, күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналады.
Экологиялық акцияға қатысушылар өз істерін мығым жалғастырып келеді. Олар айналаны көркейту арқылы нақты істің үлгісін көрсетуде. «Таза Қазақстан» жобасы жай ғана акция атауы болып қалмай, әрбір тұрғынның күнделікті өмірлік ұстанымына айналуы тиіс. Өйткені таза әрі көркем Текелі жаппай жинаудан емес, әрбір азаматтың қоқыс тастамау туралы қарапайым шешімінен бастау алады.





