Бұрын емхана десе көз алдымызға кезек күткен адамдар мен тіркеу бөлімі алдындағы қарбалас елестейтін. Біреуі дәрігерге жазылуға асықса, енді бірі талон күтіп тұратын. Уақыттың едәуір бөлігі ем алуға емес, емханадағы кезекті күтуге кететін.
Бүгінде бұл көрніс біршама өзгерді. Дәліздегі кезек азайғанымен, оның орнына смартфонмен, экрандағы бос орынға телмірген пациент пайда болды. Дәрігерге қаралу үшін емханаға арнайы барудың қажеті жоқ. Қалаған уақытын телефон арқылы белгілеуге болады. Бұл – медицинадағы цифрландырудың күнделікті өмірге енгізген қарапайым мисалы.
Қазақстанда электронды медициналық қызметтерді пайдалану жылдан жылға артып келеді. 2025 жылы елде көрсетілген 215 миллионнан астам медициналық қызметтің 190,8 миллионы электронды форматта ұсынылып, жалпы көрсеткіштің 88,6 пайызына жеткен. Сол жылы 5,6 миллион азамат дәрігер қабылдауына онлайн жазылған.
Цифрлық жүйенің пайдасы даусыз. Пациент дәрігерге жазылу үшін кезекке тұрып, тіркеу бөлімі алдында уақыт өткізбейді. Қабылдау уақытын алдын ала көріп, өзіне ыңғайлы мерзімді таңдай алады. Жолдама мен медициналық мәліметтердің цифрлық форматта қолжетімді болуы да қажетті ақпаратты іздеуді жеңілдетті. Кей жағдайда цифрлық жүйе нақты күту уақытын қысқартуға да мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, ПЭТ/КТ зерттеуіне кезек күту мерзімі 3 айдан 2 аптаға дейін қысқарған. Демек, технология дұрыс ұйымдастырылған жағдайда жай ғана «онлайн қызмет» болып қалмай, медициналық көмекті ұйымдастырудың тиімді тетігіне айнала алады.
Телефоннан дәрігерге жазылудың жеңілдеуі медициналық көмектің барлық кезеңі жылдамдады деген сөз емес. Мәселен, пациент дәрігерге жазылды делік. Бірақ қабылдаудан кейін оған талдау тапсыру қажет болуы мүмкін. Кейбір зерттеуге кезек күтіледі. Диагностика нәтижесін алу үшін де уақыт керек. Одан кейін қайтадан дәрігерге бару, қосымша тексеруден өту немесе басқа маманға жолдама алу қажет. Яғни пациенттің медициналық жолы бір ғана қабылдаудан тұрмайды. Осы тұрғыдан алғанда, электронды жүйе мәселенің бір бөлігін шешеді, бірақ медициналық көмекті күтудің барлық себебін жоя алмайды. Себебі қосымшадағы бос уақыт дәрігерлер санын көбейтпейді. Онлайн жазылу диагностикалық аппараттардың мүмкіндігін автоматты түрде арттырмайды. Ал сұраныс жоғары болған жағдайда цифрлық жүйенің өзі кезекті толық жоя алмайды.
Тағы бір мәселе – электронды қызметтің қолжетімділігі. Жастар үшін қосымшадан дәрігер іздеу, бос уақытты таңдау, жазылуды растау қалыпты әрекетке айналуы мүмкін. Ал цифрлық технологияны сирек пайдаланатын азамат үшін бұл бірнеше қадамнан тұратын күрделі процесс болуы ықтимал. DamuMed қосымшасын пайдалану тәжірибесіне жүргізілген зерттеулер де осы айырмашылықты көрсетеді: жас пациенттер цифрлық сервистерді тезірек меңгерсе, жасы үлкен азаматтар жүйеде бағдарлануда көбірек қиындыққа тап болады. Сондықтан цифрландырудың тиімділігі тек жаңа қосымшаның іске қосылуымен өлшенбеуі керек. Оның басты өлшемі – пациенттің сол қызметті қаншалықты оңай пайдалана алатыны. Өйткені кезекті дәлізден экранға көшіру жеңілдік әкелгенімен, оның мәнін жоғалтпайды. Егер адам экрандағы кезекті түсінбей, қайтадан емханаға барып көмек сұрауға мәжбүр болса, цифрландырудың мақсаты толық орындалды деу қиын.
Медицинадағы кезек туралы сөз болғанда, біз көбіне адамның қанша минут күткенін есептейміз. Бірақ пациент үшін уақыттың өлшемі бұдан әлдеқайда кең. Дәрігерге жазылуға кеткен уақыт, қабылдауды күту, талдау тапсыру, зерттеу нәтижесін алу, қайта қабылдауға жазылу – мұның барлығы бір медициналық қызметтің құрамдас бөліктері. Сондықтан медицинаны цифрландырудың түпкі мақсаты – кезекті көзден таса ету емес, пациенттің медициналық көмекті алу жолын барынша қысқарту болуы керек.
Бүгінде кезек дәлізден экранға көшті. Бұл өзгеріс болғанымен толық шешім емес. Технология адамға уақыт үнемдегенде ғана өзінің шынайы мүмкіндігін көрсетеді. Ал пациенттің смартфонға үңілуі емес, дер кезінде дәрігерге жетуі – цифрлық медицинаның ең маңызды нәтижесі болмақ.
Ақмарал ҚАЙРАТҚЫЗЫ,
Жқ 311-тобының білімгері





