Мәслихат сайлауы – азаматтардың жергілікті басқару ісіне қатысуының маңызды тетігі. Өйткені сайланған депутаттар алдағы бес жыл бойы өңірлердің дамуына қатысты шешімдер қабылдауға қатысып, тұрғындардың мүддесін білдіреді.
29 қарашада өтетін кезектен тыс сайлауда қазақстандықтар өз қаласы, ауданы мен облысының атынан өкілдік ететін депутаттарды таңдайды. Жалпы ел бойынша 11 мыңға жуық кандидат тіркеліп, жеті саяси партия сайлауға қатысуға жіберілді.
Мәслихат депутаттарының жұмысы жергілікті бюджеттерді бекіту, өңірлердің даму мәселелерін қарастыру және қабылданған шешімдердің орындалуын бақылау сияқты маңызды бағыттарды қамтиды.
Сайлаушылар үшін басты мүмкіндік – өз мүддесін қорғай алатын кандидатты таңдау. Әсіресе бірмандаттық округтер жүйесі тұрғындарға өздері танитын, жергілікті мәселелерді білетін нақты үміткерге дауыс беруге жол ашады.
Алайда депутаттың міндеті сайлауда жеңіске жетумен аяқталмайды. Ол тұрғындармен тұрақты байланыс орнатып, олардың өтініштеріне назар аударып, өз жұмысының нәтижесі туралы есеп беруге тиіс. Азаматтар да сайланған өкілдерінен нақты мәселелердің шешілуін талап ете алады.
Мемлекет пен қоғам арасындағы кері байланысты нығайтуда жергілікті өкілді органдардың орны ерекше. Тұрғындардың ұсыныстары мен бастамалары ескерілген жағдайда өңірлердің өзекті мәселелерін шешу мүмкіндігі де артады.
Сондықтан сайлауға қатысу – тек дауыс беру емес, туған өлкенің болашағына қатысты шешімдерге ықпал ету мүмкіндігі. Әрбір азаматтың таңдауы алдағы бес жылда жергілікті деңгейде халық атынан сөйлейтін депутаттық корпустың құрамын айқындайды.






