Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында экономика, бюджет, құқықтық тәртіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, депутаттық өкілеттіктер мен этика туралы мәселелер қаралды.
Жиында облыстық мәслихат төрағасы Гүлнар Тойлыбаева төрағалық етті. Сонымен бірге облыстық мәслихат депутаттары мен департамент, басқармалардың өкілдері шақырылды. Отырыста 2025 – 2027 жылдарға арналған облыстық бюджет бекітіліп, облыстық мәслихаттың 2022 жылғы 23 қарашадағы «Жетісу облысының 2021 – 2025 жылдарға арналған даму жоспарын бекіту туралы» № 12-35 шешіміне өзгерістер енгізілді. Осыған байланысты облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Рауан Дауталиновтың баяндамасы тыңдалды.
Белгілі болғандай, ҚР «Республикалық және облыстық, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2023 – 2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемдері туралы» Заңына сәйкес Жетісу облысы бойынша 2025 жылға арналған субвенциялар көлемі 386,5 млрд. теңге көлемінде бекітілді. Жалпы, облыстың 2025 жылға арналған бюджет жобасы 525,5 млрд. теңге, оның ішінде күрделі шығындарды есепке алғанда ағымдағы шығындар 463,4 млрд. теңге, даму бюджеті 62,1 млрд.теңге. 2025 – 2027 жылдарға арналған бюджет кірістерінің болжамы 2023 жылға арналған бюджет кірістерінің атқарылуы туралы есеп деректері, осы жылдың кірістер жоспары мен 9 айдағы бюджет түсімдерінің серпіні негізінде қалыптастырылды. 2025 жылға арналған кірістер болжамы 2024 жылға белгіленген жоспардан 109,7%-ға ұлғайып, 91,1 млрд. теңгеге айқындалды.
Кірістер түсімінің жалпы көлемінде 94% салықтық түсімдерге тиесілі немесе 85,6 млрд. теңге, салықтық емес түсімдер 1,7 млрд. теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 3,8 млрд. теңге.
Салық түсімдерінің негізгі көздері жеке табыс салығы 34,9 млрд. теңге немесе 38,3%, әлеуметтік салықтар (26,7%), корпоративтік табыс салығы (12%). 2025 – 2027 жылдарға арналған облыс бюджетінің жобасы 14 млрд. теңгені құрайды, оның ішінде 2025 жылға бюджет 5,3 млрд. теңге. Осы 3 жылға арналған даму бюджетінің шығыстары 1,2 млрд. теңге, оның ішінде 2025 жылға 212,1 млн. теңге Көксу ауданының Балпық би ауылындағы өрт сөндіру депосының құрылысын аяқтауға бағытталмақ.
Азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысын арттыруға республикалық бюджет есебінен қомақты қаражат қарастырылған.
Жоғарыда аталған екі мәселенің шешім жобасы облыстық мәслихаттың кезекті ХXIV сессия отырысына енгізілді. Сонымен бірге жиында ҚР Оқу-ағарту министрлігінің білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен құрылысын салуға арналған мектептер туралы мәселелер қаралды. Бұл жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов баян етті. Ұсынылып отырған ҚР Оқу-ағарту министрлігінің білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры есебінен құрылысын салуға арналған мектептердің құжаттарын мақұлдау және қорға жолдану үшін депутаттар бірауыздан дауыс берді. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасына тиісті құжаттарды уақытылы өткізуді қамтамасыз ету міндеттелді.
Айгүл БАЙБОСЫНОВА





