Жаркент мешіті көпшілікке қытай сәулет өнерінің элементтерімен ерекшеленетін және бірде-бір шеге қолданылмай салынған бірегей тарихи нысан ретінде белгілі. Алайда ғимараттың толық зерттелмеген қырлары әлі де бар. Соның бірі – мешіт қабырғаларындағы араб-парсы жазулары. Осы уақытқа дейін мағынасы ашылмаған көне мәтіндер енді арнайы ғылыми зерттеуге алынды.
Жаркенттің төрінде ғасырдан астам уақыт бойы тұрған көне мешіт бүгінде жаңғыру кезеңін бастан өткеруде. Нақтырақ айтқанда, қазір сәулет ескерткішінде ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілуде. Мұндағы мақсат көне ғимараттың бастапқы сәулеттік келбеті мен қайталанбас ерекшелігін бұзбай, ғұмырын мыңжылдыққа жеткізу.
Бұл жұмыстың маңызы биыл тіпті арта түсті. Себебі, Қызылорда қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жаркент мешіті мен Алматыдағы Вознесенск кафедралды шіркеуінің тарихи құндылығына назар аударған болатын. Кейін қос нысан ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді. Содан бері Жаркент мешітін сақтау мен жаңғырту жұмыстарына айрықша мән беріліп келеді.
Жаркент мешітінің әр бөлшегіне мұқият қараудың өзіндік себебі бар: ағаштан тұрғызылған құрылымдар, шығыстық нақыштағы өрнектер мен өзгеше архитектуралық шешімдер мешітті еліміздегі сирек кездесетін тарихи ескерткіштердің қатарына қосады.
Осы бастамалар легіндегі тағы бір маңызды жұмыс – бүгінге дейін сыры толық ашылмай келген мешіт қабырғаларындағы араб-парсы жазуларын зерттеу.
Музей басшылығы көне мәтіндерді оқып, мағынасын анықтау жайы талай жылдан бері сөз болып келгенімен, жазулардың күрделілігі бұл істі кейінге шегеріп келгендігін айтады.
«Мәтіндердің мазмұнын анықтау оңайға соқпай отыр. Бұған жазулардағы бірнеше тілдік элементтің тоғысуы мен сөздердің күрделі өрнектермен астасып жатуы себеп. Сонымен қатар бұған дейін жүргізілген реставрация жұмыстары кезінде кеткен техникалық қателіктер кейбір таңбалардың бастапқы қалпын өзгертуі ықтимал. Мамандар жазулардың мағынасы әлі күнге дейін толық ашылмауының себебін осындай жайттармен байланыстырады», – дейді музей меңгерушісі Арай Тоқтарбайқызы.
Енді осы бағыттағы жұмыс нақты қолға алынып, көне жазуларды кәсіби мамандардың көмегімен жан-жақты зерттеуге мүмкіндік туды. Бұл мақсатта музей мен ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институты арасында меморандумға қол қойылды.
Жуырда институт мамандары мешіт қабырға жазуларымен алдын ала танысып, зерттеу жұмысының бағытын айқындау үшін Жаркентке арнайы келді. Біз де осы сапар барысында мамандармен тілдесіп, алғашқы пайымдарын біліп қайттық.
Институт басшысы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Төрәлі Еділбайұлының айтуынша, қабырғадағы мәтіндерді тек Құран аяттары мен хадистерден тұрады деп қарастыруға болмайды. Мұнда бәйіттер, ғибраттық мазмұндағы сөздер мен насихат ретінде қалдырылған сөйлемдер де кездесуі мүмкін.
(Құран аяты. Намаздарыңа мекем болыңдар. Әсіресе ортаңғы намазға толық. Бақара сүресі 238 аят)
«Мешіт қабырғасындағы жазуларды оқу – жай ғана көне мәтінді аудару емес. Ол үшін әр таңбаның бастапқы нұсқасын анықтап, тілдік ерекшелігін, тарихи контекстін бірге зерттеу қажет. Осы тұрғыдан алғанда, қабырғадағы жазулардың құпиясын ашу Жаркент мешітінің бізге әлі белгісіз қырларын танытуға мүмкіндік беретін маңызды ғылыми жұмыс болмақ», – дейді Төреәлі Қыдыр.
Ғалымның тарихи контекстке мән беруі зерттеу жұмысының қызықты әрі күрделі тұсы. Себебі аталмыш ғимарат XIX ғасырдың жауһар туындысы. Демек біз жазулардың сырын аша отыра, мешіт бой көтерген кезеңнің дүниетанымына, рухани ортасына, ойлау жүйесіне де жақындай түсеміз. Бір сөзбен айтқанда, өткен дәуір мен бүгіннің арасында көзге көрінбес көпір орната аламыз.
Ал күрделі болуының себебін діни ағарту саласында ұзақ жыл еңбек еткен институт маманы Ғалымбек Жапек түсіндіріп берді.
«Зерттеу барысында мамандар алдымен қабырғадағы әр жазуды жеке-жеке зерделеп, мәтіннің түпнұсқасын қалпына келтіруге тырысады. Таңбалардың жазылу ерекшелігіне, қолданылған сөздер мен тіркестерге қарап, оның қай тілде және қандай үлгіде жазылғанын анықтайды. Одан кейін мәтін сөзбе-сөз аударылып, мазмұны сол кезеңге қатысты тарихи деректермен салыстырылады. Жазуда кездесетін адам есімдері, жер-су атаулары немесе белгілі бір оқиғаға қатысты ишаралар болса, олардың да ізі жеке зерттелмек», – дейді маман.
Зерттеу жұмысы жазулардың мағынасын анықтаумен шектелмейді. Институт басшылығы аударылып, ғылыми тұрғыда сараланған мәтіндерді арнайы жинақ етіп жарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Кейін сол еңбектің негізінде ғалымдар мен сала мамандарының басын қосатын ғылыми конференция өткізу де көзделген. Осылайша мешіт қабырғасында сақталған жазулар алғаш рет жүйеленіп, жеке ғылыми еңбекке айналмақ. Бұл бір жағынан көне мәтіндерді ғылыми айналымға енгізуге мүмкіндік берсе, екінші жағынан Жаркент мешітінің тарихын жаңа деректермен толықтыруға жол ашады. Ең бастысы, бүгінге дейін қабырғадағы көркем өрнектің бір бөлігі ретінде қабылданып келген жазулардың нақты мазмұнымен көпшілік те таныса алады.
Айша СЕРІКҚЫЗЫ







