Жетісу облысы Көксу ауданына қарасты Жамбыл ауылындағы Жамбыл атындағы орта мектепте айтулы оқиға өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жамбыл ауылындағы білім ошағында аудандағы алғашқы «Жас сақшы» сыныбы ресми түрде өз жұмысын бастады. Жаңа бағытты таңдаған 7-сыныптың 18 оқушысы алғашқы қадамдарын жасап, арнайы дайындыққа кірісті. Мектеп оқушыларын алда арнайы дәрістер, полиция қызметкерлерімен кездесулер, құқық қорғау саласындағы мамандықпен танысу және құқықтық дайындық негіздерін меңгеру күтіп тұр. Аталған жоба жасөспірімдердің дүниетанымын кеңейтіп, мамандармен тікелей сұхбаттасуға мүмкіндік береді.
Жаңа бастама мектеп әкімшілігі мен Көксу аудандық полиция бөлімі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында құрылды. Тәртіп сақшылары үшін арнайы сынып жай ғана кезекті жоба емес. Тәртіп сақшылары балаларға жақын болып, заң, қауіпсіздік пен жауапкершілік туралы түсінікті тілде әңгімелесуді көздейді. Сонымен бірге оқушыларға полиция мамандығын сырттай емес, оның ішкі қыр-сырымен таныстыруға мүмкіндік туады. Жоба мектеп қабырғасынан бастап құқықтық сауаттылықты арттыруды көздейді.
Басты мақсат – жасөспірімдердің бойында азаматтық ұстаным мен отансүйгіштік сезімді, жауапкершілік пен тәртіпті, заңға деген құрметті қалыптастыру. Бүгінде оқушылар «Жас сақшы» формасын алғаш рет киіп, полиция қызметінің қыр-сырын үйренуде. Мүмкін олардың арасынан дәл осы күннен бастап болашақта үлкен қызмет жолын таңдайтын азаматтар шығады. Оқушылардың полиция қызметіне деген қызығушылығын арттыру арқылы жастар арасындағы жауапкершілікті күшейтуге жол ашылады.
Ең бастысы – әрбір мектеп оқушысы қазірдің өзінде қарапайым, бірақ маңызды қағиданы меңгеріп келеді. Тәртіп – өзіңнен басталады. Мектептегі бұл қадам аудан бойынша өзге де оқу орындарына үлгі болып, жасөспірімдердің азаматтық жауапкершілігін арттырады. Жас сақшылар алдағы уақытта түрлі қоғамдық шаралар мен құқықтық оқуларға белсене қатысуды жоспарлап отыр.





