Футболдан ел чемпионатының аяқталар тұсы жақын. Чемпиондыққа ұмтылғандар мен Премьер-лигадан шығып қалмау үшін жанталасқандар арасында бәсекелестік артты. Командалар қарқын қосып, чемпионатты жақсы аяқтағанды қалайды. Алайда ел чемпионаты түгесілген сайын, «Жетісуға» тықыр таянып келеді. Турнирлік кестенің соңғы жағына орналасқан талдықорғандықтардың бүгінгі жағдайы жанкүйерлерді толғандырады. Алдыңғы басшылықтың қателігі, бүгінгі қызметкерлердің ісі – биыл құрылғанына 45 жыл толатын команданың түбіне жетуі мүмкін. Неге?
«Жетісу» футбол клубы жөнінде жиі жазып, үнемі айтып жүрміз. Әлемдік футбол қауымдастығы бекіткен ережені бұзғаны үшінде айыпты болып, айыппұлды әлі төлмегендігіде белгілі болды. Кешіріммен қарап, уақытын созғанымен әлі «Жетісу» тарапынан әрекет байқалмады. Дәл осылай жалғаса берсе, ФИФА «Жетісуды» өзінің қара тізіміне қосып, екі жыл ауыс-түйіс жасауға тіпті команданың қандайда бір чемпионатта (Ол премьер-лига болсын, Бірінші лига болсын) ойнауына рұқсат бермеуі де ғажап емес. Жетісулықтар болса бейқам. Осы маусымда ойран-асыр жасағанымен клубтың келешегін ойлап іс жасап жатқандарды көрмейсің. Бұл шындық. Әйтпегенде «Жетісудың» қарыздан құтылып, бар назарды Премьер-лигаға аударып, соған ғана күш салар еді. Ал бұл «Жетісудың» не іске, не ойынға икемі келмей-ақ қойды. Қызғыштай қорып, төбесінен құс ұшырмауға тырысқанымызбен бұл клубтың түбіне осындай әрекеттер жететіндігі сөзсіз. Бір орынға өсіп шыққан ертегідегі шалқандай оңайлыпен алынбас, сан сын айтылсада, жұмысына басшылықтың көңілі толмағанымен орнынан қозғалмас Марк Гурман тұрғанда команданың тағдырына алаңдауға негіз бар.
«Жетісудың» келешегі үшін алаңдаймыз. Жас дарынды ойыншылар өсіп келе жатқанда келіп-кетер азаматтардың кесірінен өз қаласындағы клуб жабылып, қарызға белшесінен батса – сол жасөспірімдерге жасаған қиянатымыз болар еді. Мәселен, QJ лиганың В санатында «Жетісу» командасы «Оқжетпес», «Атырау», «Оңтүстік», «Елімай», «Қызылжар» және «Алтайды» артқа тастап 4-орында келеді. Талдықорғандықтар сапында ойнап жүрген 16 жастағы Айбын Дәулетұлы турнирдің мергендер тізімінде үздік бестікке кіреді. Ал нәтижелі пас бергендер қатарында 17 жастағы Тамерлан Қайратдин бар. Жетісудың ғана ел футболына баланған ойыншылар да бар. Бірақ, біз оларға өздері күткендегідей жағдай жасап бере аламыз ба? Өз туған командасы құрдымға кетудің алдында аз-ақ қалғанда, олардың ойы бөлініп, көңілдерінде сұрақ белгісі тұратындығы анық.
«Жетісу» футбол клубы дәл қазір Премьер-лиганың кестесінде 22 ұпаймен соңғы орында (16-орын) келеді. Талдықорғандықтар 26 ойын өткізіп, 5 кездесуде жеңіп, 7 матчта тең түсіп, 14 ойында жеңілді (26 гол салып, өз қақпаларына 44 гол жіберді). Чемпионатта қалған төрт ойын – «Қайрат» (сырт алаңда), өз алаңында «Қайсар», «Тобыл», «Астана» клубтарымен ойнайды. «Қайраттың» чемпиондыққа әлі де үміті барын ескерсек, Еурододаға қатысу үшін тартысып жатқан «Астананы» «Оқжетпестің» (екеуін 3-ақ ұпай бөліп тұр) қуып келе жатқанын ойласақ, «Тобылдың» да бестікке кіруге мүмкіндігі барын түсінгенде «Жетісудың» шашыраңқы ойынына қарап түңіліп-ақ кетесің. «Қайсармен» ойын Премьер-лига тағдырын шешіп кетуі мүмін. Дәл қазір Ұлттық құраманың ойындары болып жатқандықтан, клубтар да үзіліс. Осы аралықта бас бапкер Қайрат Нұрдәулетов бір тактика ойластырар, оның да нәтижесін көреміз. Бастысы «Жетісу» қай чемпионатта ойнаса да, тарихы бар команда болып қала бергені абзал. Ол үшін бүгінгі басшыдан бастап ойлану керек. Ең бастысы, биыл «Жетісу» футбол клубының құрылғанына 45 жыл! Ал мерейлі сәтте команда құрдымға кетпесінші.
Серік ҚАЛИАСҚАР
Оқи отырыңыз. Қырсық бір айналдырса… «Жетісудың» айыппұлы өсіп барады





