Күз келіп, күн салқындаған сайын тұмау мен түрлі вирустық инфекциялардың қаупі арта түседі. Осындай кезеңде денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы – аурудың алдын алу. Уақытында жасалған екпе тұмау тиген жағдайда асқыну қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Облыс емханаларында тұрғындарды тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны басталды. Иммундау науқаны аясында өңір тұрғындары тіркелген жері бойынша емханаларда тұмауға қарсы екпені тегін ала алады.
Биыл облыс үшін тұмауға қарсы вакцинаның 80 мың дозасы сатып алынды. Иммундау Ресей Федерациясында өндірілген «Гриппол Плюс» вакцинасымен жүргізіледі.
Мамандардың айтуынша, екпе тұмаудың алдын алудың ең тиімді шараларының бірі болып қала береді. Уақытылы иммундау ағзаның вирусқа қарсы қорғанысын қалыптастырып, ауруға шалдығу және оның асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Екпе алмас бұрын тұрғын учаскелік дәрігердің тексеруінен өтеді. Медицина қызметкері оның жалпы денсаулық жағдайын бағалап, дене қызуы мен қан қысымын өлшеп, жедел респираторлық аурулардың белгілері мен созылмалы сырқаттарының бар-жоғын анықтайды.
Қарсы көрсетілімдер болмаған жағдайда және тиісті медициналық тексеруден кейін ғана пациент екпе салдыру кабинетіне жіберіледі. Мұндай тәртіп әр адамның денсаулық жағдайын жеке бағалап, иммундаудың қауіпсіз жүргізілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Облыс тұрғындары вакцинаны тіркелген жері бойынша емханадан тегін ала алады. Иммундау арнайы жабдықталған егу кабинеттерінде медициналық қызметкердің міндетті тексеруінен, денсаулық жағдайын бағалаудан және вакцинацияға рұқсат алғаннан кейін жүргізіледі. Бұл ретте қауіп тобына жататын азаматтарға ерекше көңіл бөлінеді.
Бірінші кезекте жабық мекемелерде тәрбиеленіп жатқан адамдар, оның ішінде балалар үйлері, қарттар мен мүгедектер үйлерінің тұрғындары, мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері, сондай-ақ жиі ауыратын, иммунитеті әлсіреген балалар вакцинацияланады. Сонымен қатар созылмалы аурулары бар ересектер, медицина қызметкерлеріне және жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдерге де ерекше назар аударылады.
Айта кетейік, облыста эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіледі. 1 қазаннан бастап жіті респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмаумен сырқаттану деңгейі күн сайын бақылауға алынған. Тұрғындарды вакцинациялау барысы да тұрақты бақылауда.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мәліметінше, 2025-2026 жылдардағы өткен эпидемиялық маусымда облыста ЖРВИ-дің 180 мыңға жуық жағдайы тіркелген. Зертханалық зерттеулер нәтижесінде тұмаудың 220 жағдайы расталды. Оның 219 жағдайында H3N2 штамы анықталса, бір жағдай В типті тұмауға тиесілі болған.
Дәрігерлер азаматтарды вакцинацияны кейінге қалдырмай, маусымдық инфекциялардың алдын алуға шақырады. Екпе алғаннан кейін мамандар денсаулық жағдайына мұқият көңіл бөліп, жалпы ұсыныстарды сақтауға кеңес береді. Вакцина салдырғаннан кейінгі алғашқы күндері ағзаның жағдайын бақылап, шамадан тыс дене жүктемесінен бас тартып, ұйқы мен демалыс тәртібін сақтаған жөн. Сондай-ақ екпе салынған жерді күтуге қатысты медицина қызметкерінің кеңесін орындау қажет. Егер денсаулық жағдайы нашарлап немесе әдеттен тыс белгілер байқалса, дәрігерге жүгінген дұрыс.
Г. МҰҚАШҚЫЗЫ





