Жетісу өңіріндегі жер қатынастары жүйесін реттеу шаралары барысында Жетісу облысы аумағындағы шетелдік үлесі бар кәсіпорынның заңсыз иелігіндегі ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылып, аталмыш іске прокуратура органдары белсенді түрде атсалысты, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпарттық порталы Kapital.kz сайтына сілтеме жасап.
Ел аумағында жер ресурстарын тиімді пайдалану және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Мемлекет қарамағына қайтарылып жатқан алқаптардың көлемі жыл сайын артып, олардың шаруашылық айналымына қосылуы өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік береді. Осындай ауқымды жұмыстардың нәтижесінде Жетісу өңірінде де маңызды шешімдер қабылданып, заңбұзушылықтар жойылуда.
Атап айтқанда, сот шешімімен Ескелді ауданындағы көлемі 2,3 мың гектар болатын ауыл шаруашылығы жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды. Аталмыш учаскелердің жалпы құны 50 млн теңге шамасында бағаланып отыр. Жер заңнамасының сақталуына жүргізілген талдау нәтижесінде аталған кәсіпорын құрылтайшыларының арасында шетел азаматтары, атап айтқанда Иранның үш өкілі бар екені анықталды. Қазақстан Республикасының Жер кодексі талаптарына қайшы келетін осындай жағдай заңбұзушылық ретінде тіркеліп, құзырлы органдардың араласуын талап етті.
Мемлекет мүддесін қорғау мақсатында аудандық қадағалау ведомствосы сотқа талап арыз жолдады. Сот талапты толық қанағаттандырып, иеліктен шығарылуы тиіс аумақтарды мемлекеттік меншікке өткізу туралы қаулы шығарды. Жалпы өңір бойынша қадағалау шараларының арқасында көлемі 41,1 мың гектардан асатын алқаптар қайтарылып, олардың жалпы құны 1,7 млрд теңгені құрады. Республикалық деңгейде де атқарылған жұмыстардың ауқымы кең. Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, ел аумағында 2022 жылдан бері 15,4 млн гектар пайдаланылмаған алқап мемлекетке қайтарылып, нақты шаруалардың игілігіне берілген.
Мұндай жүйелі шаралардың басты мақсаты – жерді шетелдіктердің заңсыз иелігінен босатып, оны өз еліміздің азаматтары мен адал кәсіпкерлерге ұтымды пайдалануға ұсыну. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тағайындалуы бойынша жұмсау еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Әрбір кәсіпорын заң талаптарын қатаң сақтап, мемлекеттік нормаларға бағынуға міндетті.





