Қазақстандық семсерлесушілер халықаралық аренада тағы бір тарихи жеңіске қол жеткізді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы. Қазанның 15-18 аралығында Мароккода өткен семсерлесуден әлем кубогында ерлер командасы жеңімпаз атанды.
Тартысты бәсеке барысында отандастарымыз Түркия, Гонконг және Египет құрамаларын жеңіп, жартылай финалда әлемдік семсерлесудің көшбасшысы саналатын Франция командасын қапы қалдырды. Ал ақтық сында Ресей құрамасымен кездесіп, тартысты сайыста 45:40 есебімен жеңіске жетті.
Ел абыройын асқақтатқан сында ұлттық құрама намысын Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Александр Федотов және Кирилл Павлов сынды саңлақтар қорғады. Отандық семсерлесушілердің бұл жетістігі – спорт тарихымыздағы елеулі белестердің бірі.





