Ескелді ауданының Елтай ауылында тұрғындар үшін маңызды әлеуметтік нысанның есігі ашылды. Заманауи талаптарға сай салынған жаңа дәрігерлік амбулатория ауыл халқының медициналық қызметке қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік береді.
Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Елдос Ахметов ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтап, жаңа нысанның ел игілігі үшін маңыздылығына тоқталды.
– Бүгін баршамыз үшін мәні зор, қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Республика күні ұлттық мерекесі қарсаңында ауданымызда облыс әкімінің қолдауымен салынған екі нысан ашылып отыр. Бірі – осы Елтай ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория болса, екіншісі – Жалғызағаш ауылындағы өрт сөндіру бекеті. Осы игілікті сәтпен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын, – деді аудан басшысы.
«Бірінші байлық – денсаулық» деген халқымыз үшін елдің амандығы мен ұлт саулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсетуге жағдай жасау, әлеуметтік нысандардың әлеуетін арттыру – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Ауылдағы ағайынның жаңа амбулаторияға деген ықыласы ерекше.
Осы ауылда ұзақ жыл медицина саласында еңбек еткен зейнеткер Сарқыт Исабекова жаңа амбулаторияның жабдықталуы мен қолайлы жағдайына айрықша назар аударды.
– Біз еңбек еткен кезде медициналық кабинеттер шағын болатын. Науқастарды қабылдап, ем-дом жасауға кейде қолайсыздықтар кездесетін. Ал бүгін жаңа амбулаторияның кең әрі заманауи жабдықталғанын көріп, ерекше қуандым. Әсіресе медициналық аппараттар мен ем-шара кабинетінің талапқа сай жасақталғаны көңілге қуаныш ұялатады. Мұның бәрі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Еңбегімізді осындай игілікті істердің жалғасып жатқанына қарап бағалайсың, – дейді Сарқыт Исабекова.
Бір ауысымда 25 келушіні қабылдауға арналған амбулаторияда тұрғындарға кешенді медициналық қызмет көрсету үшін қажетті кабинеттер қарастырылған. Олардың қатарында дәрігердің қабылдау, балалар, патронаж, егу, ем-шара, стоматологиялық, скрининг және акушер кабинеттері бар. Сонымен бірге жалпы практика мейіргеріне, күндізгі стационарға, алғашқы оңалту көмегіне және туберкулезге арналған кабинеттер жұмыс істеуге бейімделген. Сүзгі кабинеті, қазандық және жеті санитарлық торап та нысанның инфрақұрылымына енгізілген.
Медициналық мекеменің штатында бір дәрігер, үш мейіргер, бір ем-шара мейіргері, бір акушер, екі санитар және екі жұмысшы бар. Бұл мамандардың жұмысы тұрғындарға алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге, профилактикалық тексерулер жүргізуге және аурулардың алдын алуға бағытталады.
Қазіргі таңда Ескелді ауданында тоғыз дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Елтайдағы жаңа нысан ауданның денсаулық сақтау жүйесін нығайтып, ауыл тұрғындарының қажетті медициналық көмекті тұрғылықты жерінен алуына мүмкіндік береді.
Елтайдағы жаңа амбулаторияның пайдалануға берілуі – ауыл тұрғындарының денсаулығына жасалған қамқорлықтың нақты көрінісі. Ауыл ақсақалының ризашылығы мен медицина саласының ардагері айтқан пікірлерден жаңа нысанның ел үшін маңызы айқын аңғарылады. Мұндай игілікті істер ауылдың әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға ықпал етеді.
Жаңа дәрігерлік амбулатория талай жанның дертіне дауа, көңіліне медет болсын. Ақ халатты абзал жандардың еңбегі жемісті болып, нысан халық игілігіне ұзақ жылдар қызмет етсін!
Гүлжан ТҰРСЫН





