Республика күні мен Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай Жетісу облысының әр түкпіріндегі 43 ту тұғырында Мемлекеттік Ту көтерілді. Салтанатты рәсімдер ел бірлігін нығайтып, мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттыруға бағытталды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағында «Қыран елім – Қазақстан» атты Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі өтті. Оған облыс және қала басшылығы, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілер, жастар мен қала тұрғындары қатысып, жалпы саны мыңға жуық адам жиналды.
Іс-шарада «Атамекен», «Көк тудың желбірегені» сынды елге деген сүйіспеншілік пен ұлттық рухты дәріптейтін әндер орындалып, жиналған қауымға ерекше көңіл күй сыйлады.
Мерекеге орай «35 ауыл – 35 Ту тұғыры» патриоттық жобасы аясында Сарқан және Көксу аудандарында жергілікті тұрғындардың қолдауымен жаңа ту тұғырлары ашылды. Жоба мемлекеттік рәміздерді насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеуді көздейді.
Жыл басынан бері облыста 43 ту тұғыры орнатылып, олардың жалпы саны 60-тан асты.
Айта кетейік, Талдықорғандағы орталық ту тұғырының биіктігі – 92 метр. Бұл көрсеткіш Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілген 1992 жылмен байланысты.
Сонымен қатар, Республика күніне арналған мерекелік бағдарлама «Алтын алып бесік» атты іс-шарамен жалғасты. Іс-шарада Global Best of Records Гиннес рекордының марапаты таныстырылып, одан кейін «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің концерттік бағдарламасы мен шеберлердің қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Көрнекі бөлігі ретінде бір үлкен бесік пен 65 шағын бесік ұсынылды. Бастама ұлттық мұраны насихаттауға, бесікке қатысты дәстүрлерді дәріптеуге және қолөнер шеберлерінің еңбегін көпшілікке таныстыруға арналды.






