Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсатындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялады. Игі бастама ізгілік жолындағы азаматтардың еңбегін дәріптеуді, еріктілер қозғалысының өрісін кеңейтуді және қоғамдағы өзара жәрдем мен жауапкершілік ұғымдарын нығайтуды көздейді. Осы орайда Жетісу жерінде де жалпақ жұртты жақсылыққа жұмылдыратын тағылымды шара бастау алды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Jetisu jastary» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен 26-28 қазан аралығында «ZHETISU VOLUNTEER: Бірлік. Ізгілік. Әрекет.» атты республикалық волонтерлер слеті өтуде. Үш күнге жоспарланған жиынға еліміздің 20 өңірінен 70 ерікті, жастар ұйымдарының жетекшілері, волонтерлік қозғалыстың өкілдері мен сала сарапшылары жиналды. Басқосудың мақсаты – өңірлер арасындағы ынтымақты бекемдеу, озық тәжірибелерді ортаға салып, ізгілік жолындағы бастамалардың тынысын кеңейту, сондай-ақ өскелең ұрпақты қоғамдық маңызы бар істерге белсенді тарту.
Слеттің алғашқы күні Талдықорған төрінде бас қосқан делегаттар ортақ іске жұмылудың өнегесін көрсетті. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында еліміздің 20 өңірінен келген өкілдер «Jetisu jastary» мекемесінің алдына 20 түп ағаш көшетін отырғызды. Жас шыбықты жерге қадау – келешекке үміт артып, туған өлкенің көркеюіне үлес қосудың нышаны. Әр көшет ертең саялы бәйтерекке айналып, ұрпаққа сая болары анық. Ал оны отырғызған жастардың ниеті қоршаған ортаны аялаумен шектелмей, елге қызмет етудің ортақ мұратына ұласады.
Ақмола облысының Көкшетау қаласынан келген Аяулым Дарханбек те осы игі іске белсене атсалысты. Шоқан Уәлиханов атындағы университеттің орман шаруашылығы мамандығы бойынша 4-курсында білім алып жүрген ол алғашқы курстан бері еріктілер қатарында. Болашақ маманның таңдаған саласы мен қоғамдық қызметінің өзара сабақтасуы да көңіл қуантады. Табиғатты қорғауға кәсіби тұрғыдан ден қойған жас қоршаған ортаның тазалығын адам жанының тазалығымен астастыра қарайды.
Мен үшін волонтерлік – жүрек қалауы. Адамның жаны таза болса, өзі өмір сүріп отырған ортаның да таза болғанын қалайды. Айналаға жанашырлық танытып, өзгелерге көмектесу маған ерекше қуаныш сыйлайды. Сондықтан қолымнан келгенше пайдалы іске үлес қосуға тырысамын, – дейді Аяулым.
Жақсылыққа бастар жолдың жасқа да, тәжірибеге де шектеу қоймайтынын Жамбыл облысы, Жамбыл ауданынан келген Айдана Ходжамердің әңгімесінен де аңғаруға болады. Еріктілер қатарына қосылғанына 3 ай ғана болған ол қоғамдық іске деген қызығушылығының жетегімен осы жолды таңдаған. Жетісуға табан тіреген сәттегі көңіл күйін ерекше ықыласпен жеткізген жас өкіл үшін мұндай басқосулардың мәні зор. Әртүрлі өңірден келген қатарластарымен танысып, ой бөлісу, ортақ мұрат жолында күш біріктіру – оның алдағы уақытта да қайырымды істерге құлшына қатысуына серпін бермек.
Республикалық слеттің салтанатты ашылуында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Мәди Шәкенов қатысушыларды құттықтап, волонтерліктің қазақы болмысымызбен біте қайнасқан қасиет екенін атап өтті.
Халықаралық волонтерлер жылына орай ұйымдастырылған шараға қош келдіңіздер! Қазақта «асар» деген тамаша дәстүр бар. Жақыныңа жәрдем ету, қол ұшын созу, ауыртпалығын бірге көтеру – халқымыздың ежелден қалыптасқан салты. Бұл – ана сүтімен, баба қанымен бойға дарыған төл қасиетіміз. Сол асыл мұраны ардақтап, ізгілікті істің басы-қасында жүрген баршаңызға алғысымызды білдіреміз, – деді Мәди Шәкенов.
Шындығында, асар – қазақтың бірлігін бекемдеп, ағайынның арасын жақындастырған елдік дәстүр. Көптің күшімен жалғыздың жүгін жеңілдету, мұқтаж жанның мұңына ортақтасу, игілікті істі жұрт болып атқару сынды ұлағатты ұстанымдар бүгінгі еріктілер қозғалысының да өзегіне айналған. Заман өзгергенімен, адамға деген мейірім мен елге қызмет ету мұратының қадірі кеміген жоқ. Қайта қоғамдық өмірдің жаңа талаптарына сай түлеп, тың сипатқа ие болды.
Салтанатты жиында «Ұлттық волонтерлер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры, Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің басшысы Айбек Досымбетов те сөз алып, еліміздегі еріктілер қозғалысының даму барысына тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары волонтерлік қызметке мемлекеттік деңгейде айрықша назар аударылып, азаматтардың қоғамдық іске араласуына кеңінен жол ашылған.
Ең алдымен, осы салтанатты жиынның ашылуымен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Кейінгі жылдары волонтерлікке мемлекеттік деңгейде ерекше көңіл бөлініп келеді. 2020 жылдан бергі кезеңмен салыстырғанда, еріктілердің қатары едәуір артты. Мұның өзі – елге қызмет етуді жүрек қалауымен таңдаған жастардың қатары көбейгенінің белгісі. Сонымен бірге волонтерлік қызмет тұңғыш рет Ата Заңымыздан орын алып отыр. Сондықтан еріктілерді қоғам дамуына серпін беретін қозғаушы күштердің бірі деп білеміз, – деді Айбек Досымбетов.
Ол Халықаралық волонтерлер жылы аясында еліміздің әр аймағында ұйымдастырылып жатқан экологиялық және қоғамдық шараларға да тоқталды. Балқаш көлінде өткен табиғатты қорғау бастамалары, Павлодар облысында волонтерлікті дамытуға арналған форум, Маңғыстау өңіріндегі Каспий аймағын қорғауға бағытталған басқосулар мен Қызылорда облысында Арал тағдырына назар аударған шаралар – соның айғағы. Павлодардағы форумға ТМД елдерімен қатар Әзербайжан мен Түркиядан келген еріктілер қатысып, тәжірибе алмасқан. Мұндай халықаралық және республикалық жүздесулер ізгі бастамалардың аясын кеңейтіп, табиғат пен қоғам алдындағы ортақ жауапкершілікті тереңдете түседі.
Биыл елімізде халықаралық маңызы бар бірқатар шара ұйымдастырылып жатыр. Олардың барлығы волонтерлік қозғалыстың өрісін кеңейтіп, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Енді міне, жер жаннаты Жетісуға келіп отырмыз. Мұндағы басқосу да өңірлер арасындағы байланысты нығайтып, игі істердің жаңа белестеріне жол ашады деп сенемін, – деді Айбек Досымбетов.
Слеттің екінші күні ізгілік жолындағы игі істердің аясын кеңейтіп, Текелі төрінде жалғасын тапты. Тауы мен тасы тұнған шежіреге, табиғаты тұмса көркем өлке саналатын кеншілер қаласында бас қосқан еріктілер бұл жолы қоршаған ортаны қорғау мен қоғамдық бастамаларды өрістетуге ден қойды. Өйткені туған жердің тазалығын сақтау, елдің еңсесін көтеретін іске үлес қосу – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
27 қазанда қатысушылар «Таза Қазақстан» жалпыұлттық идеологиясы аясында Орта Азиядағы ең ұзын көшелердің бірі саналатын Дінмұхамед Қонаев атындағы көшенің бойында тазалық жұмыстарын жүргізді. Ұзындығы шамамен 38 шақырымға созылатын күре жолдың бойын қоқыстан тазалау, айналаны ажарландыру жұмыстары табиғатқа жанашырлық танытудың нақты үлгісіне айналды. Жер-анаға құрметпен қарау, елді мекеннің көркін кіргізу – бір күндік науқанның шеңберіне сыймайтын, әр азаматтың күнделікті дағдысына айналуға тиіс ізгі ұстаным.
Күннің екінші жартысында «Тау Жетісу» демалыс аймағында еріктілердің тәжірибе алмасуына, тың бастамаларды талқылауына және ортақ жобалардың келешегін бағамдауына арналған интерактивті сессиялар ұйымдастырылды. Мұнда қоғамдық жұмысты жүйелі жүргізудің жолдары, жастардың белсенділігін арттыру, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және игі бастамаларды көпшілікке кеңінен таныту мәселелері сөз болды.
Сала сарапшысы, әдіскер әрі тренер Елена Амреева еріктілер бастамаларын ұтымды ұйымдастыру, ынтымаққа ұйысқан топпен жұмыс жүргізу және қоғамдық жобалардың нәтижелілігін арттыру жөніндегі тәжірибесімен бөлісті. Ал «Project Virus Ecology» жобасы арқылы танылған экобелсенді, блогер Дулат Набиев әлеуметтік желілердің әлеуетін пайдаланып, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, экологиялық бастамаларға жұртшылықты жұмылдыру жайын қозғады.
Жастар арасында «Alpamyspyn» парақшасы арқылы танылған мотиватор Алпамыс Жарылқасынов та өз ойларын ортаға салып, еріктілік қызметтің мән-маңызына, өскелең ұрпақтың қоғамдық өмірдегі орнына және елге пайдалы істерді қолдаудың қажеттілігіне тоқталды.
Интерактивті кездесулер барысында әр өңірден келген делегаттар өз аймақтарында жүзеге асқан табысты жобаларды таныстырып, алдағы уақытта бірлесіп атқаруға болатын шаруаларды талқылайды. Мұндай жүздесулердің жөні бөлек: бір өңірде жемісін берген бастама екінші аймаққа үлгі болып, ортақ іске жаңа тыныс бітіруі мүмкін. Слет соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.
Жалпы, Жетісу жерінде волонтерлік қозғалыстың өркендеуіне айрықша мән беріліп келеді. Бүгінде өңірде 1 100-ден астам ерікті, 13 волонтерлік ұйым мен 18 бастамашыл топ қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға атсалысуда. Олардың қайырлы қызметі табиғатты қорғау шараларын өткізуден бастап, қарияларға қамқорлық көрсетуге, әлеуметтік қолдауға зәру жандарға жәрдемдесуге, қайырымдылықты өрістетуге және жастардың азаматтық белсенділігін арттыруға дейінгі сан алуан бағытты қамтиды.
Өңірдегі осы жұмысты үйлестіруде 2023 жылы құрылған «Мейірімді Жетісу» фронт-офисінің орны айрықша. Фронт-офис басшысы Шырай Саматқызының жетекшілігімен еріктілердің ұсыныс-бастамаларын қолдау, қоғамдық ұйымдармен әріптестікті бекемдеу және жаңа жобалардың жүзеге асуына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Мұның бәрі қайырымдылықты жекелеген азаматтардың ниеті деңгейінде қалдырмай, көпшілік жұмылатын ортақ іске айналдыруға мүмкіндік береді.
Жыл басынан бері облыс еріктілерінің қатысуымен мәдениет, білім беру, экология және денсаулық сақтау салаларында 6 000-нан астам акция өткізілген. Көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға, сондай-ақ жалғызілікті қарттарға қолғабыс көрсетіліп, талай жанның көңіліне медет ұялатқан қайырлы істер атқарылды. Осы шараларға 50 мыңға жуық ерікті қатысқан.
Қазақта «Көп түкірсе – көл» деген қанатты сөз бар. Көптің күшімен атқарылған істің қайыры мол болатынын ұғындырған осы тәмсіл бүгінгі еріктілер қозғалысының мұратымен де үндеседі. Бірі ағаш егіп, айналасын таза ұстаса, енді бірі қарияның көңілін аулап, мұқтаж жанның қолтығынан демейді. Әрекеттері әрқилы болғанымен, барлығының көздегені – елге пайда келтіру, қоғамға қызмет ету.





