Кітап – көңілдің көкжиегін кеңейтіп, ойға өріс ашатын рухани қазына. Осы құндылықты ұлықтау мақсатында ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облыстық департаментінің Алакөл ауданындағы шекара басқармасында «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында жас сарбаздармен әдеби сұхбат өтті.
Үшарал шекара басқармасының кітапханасында ұйымдастырылған жүздесуде кітаптың адам танымын тереңдетудегі мәні, жастар арасында оқу мәдениетін орнықтыру және көркем әдебиетке ықыласты арттыру жайы сөз болды. Сарбаздар оқыған туындыларынан түйген ойларын ортаға салып, тағылымды пікірлерімен бөлісті.
Кездесу барысында оқу орталығының жауынгерлері тақырыпқа орай эссе жазып, шығармашылық қарымын танытты. Үздік жұмыс Саят Құдайбергеннің шығармасы деп танылып, белсенді қатысушыларға грамоталар табысталды. Ал кітапханашы М. Әуезовтің «Абай жолы», І. Есенберлиннің «Қаһар», Б. Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармаларынан үзінділер оқып, әдеби мұраның тағылымын танытты.
КӘСІБИ БАҒДАР ЖҰМЫСЫ ЖҮРГІЗІЛДІ
Ел шебін күзету – сертке беріктік пен сергек сана, қайсар мінез бен асқан жауапкершілікті талап ететін абыройлы міндет. Осы жолды таңдап, әскери өмірге қадам басуды көздеген өрендерге бағыт-бағдар беру мақсатында «Қорғас» шекаралық бақылау басқармасының офицерлері кәсіби бағдар кездесуін өткізді.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Жетісу облыстық департаментіне қарасты «Нұр жолы» жолаушылар шекаралық бақылау бөлімінің офицерлері Шекара академиясының 2-оқу дивизионында білім алып, тағылымдамадан өтіп жүрген курсанттармен бірлесіп, Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен жүздесті.
Басқосу барысында жасөспірімдерге ҚР ҰҚК Шекара академиясының құрылу тарихы, негізгі қызмет бағыттары, оқуға қабылдану талаптары мен тәртібі, білім беру үдерісінің ерекшеліктері кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ оқу ордасын тәмамдағаннан кейін Шекара қызметінде әскери міндет атқару мүмкіндіктері жөнінде мағлұмат берілді.
Курсанттар әскери білімнің қыр-сырымен бөлісіп, шекарашы мамандығының өзіндік ерекшеліктерін таныстырды. Оқушылар көкейдегі сауалдарын қойып, ел тыныштығы мен мемлекеттік шептің тұтастығын сақтауға бағытталған қызмет жайында танымын кеңейтті.
Жас ұрпақтың мамандық таңдауына жол сілтеп, әскери қызметке деген ынта-ықыласын оятқан мұндай жүздесулердің мәні зор. Өйткені Отан шебін күзетуге бел буған әрбір жас үшін алғашқы қадам кәсіби таңдаудан басталады.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі
Жетісу облыстық департаменті






