Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, білімнің қайнар бұлағы, ұлттың ой-санасын қалыптастыратын баға жетпес құндылық. Кітап оқыған адамның дүниетанымы кеңейіп, ойлау қабілеті артады, сөздік қоры молайып, өмірге деген көзқарасы қалыптасады. Сондықтан кітап оқу мәдениетін дамыту қоғамның рухани өркендеуіне ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі.
Мемлекетімізде білімді, саналы, рухани бай ұрпақ тәрбиелеу және халықтың оқу мәдениетін арттыру мәселесіне ерекше мән беріледі. Осы орайда «Кітап оқитын ұлт» жобасын қолдау, оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті кеңінен насихаттау мақсатында еліміздің кітапханаларында түрлі мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Осындай игі бастамалардың бірі – «Кітап оқу керуені» жобасы. Бұл бастама кітаптың қоғамдағы орнын айқындап, оқырман мен әдебиеттің арасындағы рухани байланысты нығайтуға бағытталған.
Құрақсу ауылдық кітапханасында оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, көркем әдебиетті насихаттау, ұлттық әдеби мұраны дәріптеу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кітапханада ұйымдастырылатын кітап көрмелері, әдеби кештер, ақпараттық сағаттар мен оқырман кездесулері көпшіліктің рухани сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
«Кітап оқу керуені» аясында қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармаларын оқуға ерекше назар аударылады. Абай Құнанбайұлының терең тағылымға толы өлеңдері мен қара сөздері, Мұхтар Әуезовтің көркем туындылары, Бауыржан Момышұлының өнегелі шығармалары, Дулат Исабеков пен Қабдеш Жұмаділовтің романдары – оқырманды ойландырып, адамгершілікке, отансүйгіштікке және парасаттылыққа тәрбиелейтін рухани мұралар.
Кітап оқу – адамның өзін-өзі дамытуына, кәсіби және тұлғалық тұрғыдан өсуіне ықпал ететін маңызды құрал. Кітапхана – осы игі мақсаттарды жүзеге асыратын маңызды рухани орталық. Ол оқырманға кітап ұсынумен ғана шектелмей, білім мен мәдениеттің, ұлттық құндылықтар мен заманауи танымның тоғысқан мекеніне айналуы тиіс.
Кітаптың керуені тоқтамасын, оқырманның қатары көбейсін. Рухани байлыққа бастайтын кітап жолы әр шаңыраққа, әр жүрекке жетсін!
Жанар РАЙХАНОВА,
Құрақсу ауылдық кітапханасының
кітапханашысы
Ақсу ауданы





