Талдықорған қаласында «Жетісу жастары – нашақорлыққа және вандализмге қарсы» атты ауқымды әлеуметтік акция өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Аталған шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» жалпыұлттық идеологемасы шеңберінде ұйымдастырылды. Бастаманың негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру, есірткінің заңсыз жарнамасы мен вандализм көріністеріне қарсы күресте қоғамдық жауапкершілікті арттыру. Қала көшелерінің тазалығын сақтау мен қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған бұл қадам жастар арасында заңға деген құрметті қалыптастырудың айқын үлгісі.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаевтың тапсырмасына сәйкес өткен шараға Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл, Жетісу облысы Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Сарқытбай Құсайынов, «Әділет» партиясының өкілдері, шаһар жастары, еріктілер мен колледж студенттері қатысты. Акция жалпы саны 150-ден астам адамды қамтып, белсенді азаматтардың басын қосты. Шара барысында қатысушылар есірткі заттарын насихаттайтын заңсыз жазуларды өшіріп, қоғамдық орындарды ретке келтіруге үлес қосты.
Акция барысында Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл жастарға арнайы үндеу тастап, туған қалаға ұқыпты қараудың, тазалықты сақтаудың және жауапкершілікті сезінудің маңызын айрықша атап өтті. Шаршамай еңбек ету мен қала көркін сақтау – әрбір тұрғынның азаматтық борышы. Ернат Бәзіл өз сөзінде:
«Бүгінгі шара – жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға және туған қаламызға қамқорлықпен қарауға шақыратын маңызды бастама. Әрқайсысымыз қаламыздың тазалығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз үлесімізді қоса аламыз», – деп білдірді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау мен нашақорлықтың алдын алу бағытындағы мұндай кешенді шаралар жас буынның өмірлік ұстанымын оң бағытқа бұруға зор мүмкіндік береді. Жастардың қала өміріне белсене араласуы вандализм деңгейін төмендетіп, қауіпсіз де таза шаһар қалыптастырудың берік негізін қалайды. Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау өңірдегі әлеуметтік тұрақтылықты арттыруға тікелей ықпал етеді.





