Қазақстанда азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру және өмірлік қиын жағдайларда қаржылық сүйемелдеу жасау бағытында кешенді жүйе орныққан, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылғы 1 қаңтардан бастап тұрақты жұмыс істеп келе жатқанын мәлімдеді. Оның басты мақсаты әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жұмыс істейтін азаматтарға қосымша материалдық демеу көрсету саналады. Бұл жүйе арқылы берілетін қаржыны алу құқығы азаматтың жүйеге қатысуына және жұмыс берушінің оның атынан әлеуметтік аударымдар төлеуіне байланысты қалыптасады. Жүйе 20 жылдан астам уақыт ішінде қарқынды дамып, әлеуметтік төлемдердің мөлшері мен оларды тағайындау тәртібі сапалы түрде жетілдірілді. Мемлекеттік қызметтерді электронды және проактивті түрде көрсету толықтай жолға қойылды. Бүгінде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры (МӘСҚ) еңбек ету қабілетінен, асыраушысынан айырылған және жұмыссыз қалған азаматтарға, сондай-ақ ана мен баланы қолдау мақсатында әлеуметтік төлемдер тағайындайды.
Аталған саладағы басты қағиданың бірі мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру мен міндетті әлеуметтік сақтандырудың қатар жүргізілуі. Яғни МӘСҚ тарапынан төленетін қаражат мемлекет кепілдіктерінің орнына жүрмейді, керісінше, олардың көлемін толықтырады. Соның арқасында әлеуметтік тәуекелге тап болған азамат бұрынғы еңбек қызметі мен өзі үшін төленген аударымдарға қарай қосымша қолдау иеленеді. Мұндай тиімді тетік әсіресе еңбек ету қабілетінен және асыраушысынан айырылу жағдайларында айқын байқалады.
Еңбекке қабілеттілігінен айырылуына байланысты әлеуметтік төлем азаматқа белгіленген еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесі сақталған барлық кезеңде, зейнет жасына жеткенге дейін беріледі. Адамның еңбек қызметін жалғастыруы бұл құқыққа кедергі келтірмейді. 2026 жылдың 9 айында бұл бағытта 97,6 мың адамға 45,3 млрд теңге төленді. Ал жүйе іске қосылғалы бұл мақсатқа 338 млрд теңге бағытталды. Оған қоса, асыраушысынан айырылуына байланысты төлем қайтыс болған адамның отбасы мүшелеріне асырауындағылар кәмелетке толғанша, ал күндізгі бөлімде оқыса 23 жасқа дейін беріледі. Қазір бұл төлемді 68,5 мың отбасы алып отыр, оған 33,3 млрд теңге бөлінді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жиырма жылдан астам уақыт ішіндегі басты жетістігі – өмірлік қиын жағдайға тап болған жандарды ұзақ мерзімді әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету. Мұндай оң қадамдар тұрғындардың болашаққа деген сенімін арттырып, әлеуметтік әділеттілікті нығайта түседі.





