Қазақстанда қараша айының басында климаттық жағдайлар күрт өзгеріп, еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын, тұман мен үсік тіркеледі, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
«Қазгидромет» синоптиктерінің болжамынша, 4-6 қараша аралығында жауын-шашын ықтималдығына байланысты Түркістан облысының таулы және тау етегіндегі аудандарындағы өзендерде жоғарғы ағыстан судың жетуі мен су деңгейлерінің көтерілуі болжанады. Сондай-ақ аталған аймақта судың жайылуы мен елді мекендерді су басу қаупі бар. Күндіз Түркістан облысының таулы өңірлерінде кей уақыттарда қатты жаңбыр жауып, желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Түнде Қызылорда облысының солтүстігінде 2 градус, ал Жетісу облысында 2-7 градус үсік тіркеледі. Сондай-ақ Талдықорған қаласында түнде термометр бағаны 4-6 градус үсікті көрсетеді.
Еліміздің солтүстік, батыс және орталық аймақтарында көріну қашықтығын шектейтін тұман құбылысы жиілейді. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан және Абай облыстарында түнде және таңертең қою тұман түседі. Шығыс Қазақстан облысының таулы аудандарында қар жауып, жолдарда көктайғақ түзіледі. Ал Алматы, Маңғыстау және Жамбыл облыстарының кей аймақтарында солтүстік-шығыстан соққан желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді. Алакөл көлдері ауданында да екпінді жел сақталады.
Ауа райының сууын мен жауын-шашынға қарамастан, республиканың оңтүстік және батыс өңірлерінде өрт қауіпсіздігі ерекше назарда. Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Ұлытау және Маңғыстау облыстарының бірқатар аудандарында төтенше өрт қаупі сақталып отыр. Төтенше жағдайлар қызметі азаматтарға таулы жерлерге шыққанда, алыс жолға шыққанда және шаруашылық жүргізу кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерге жылдамдық режимін сақтау ұсынылады.





