Отандық тау-кен және геология саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды келісімге қол қойылды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Ұлттық геологиялық қызмет» АҚ мен Core Element AI, Inc. компаниясы геологиялық барлауда жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі пилоттық жобаларды іске асыру туралы меморандумды бекітті. Серіктестіктің негізгі мақсаты – кен орындарына қатысты көпжылдық архивтік геологиялық ақпаратты машинамен оқылатын заманауи форматқа көшіру және іздестіру жұмыстарын жеделдету. Өз кезегінде аталған бастама перспективалы учаскелердің карталарын жоғары дәлдікпен дайындауға жол ашады.
CoreElement AI компаниясын отандық мамандар негіздеген, бүгінде АҚШ өңірінде белсенді жұмыс жүргізетін технологиялық ұйым. Серіктестік әзірлеген жасанды интеллект платформасы архивтік есептерді жылдам өңдеп, геофизикалық және геохимиялық деректерді кешенді талдауға қабілетті. Мұндай цифрлық шешімдер бұрын айлап жүргізілетін зерттеу мерзімін 5-10 есеге дейін қысқартады. Модельді оқыту кезінде АҚШ, Аустралия мен Канададағы әлемдік кен орындарының аэрогеофизикалық материалдары кеңінен пайдаланылған. Платформа ауқымды деректерді салыстыра келе, маңызды учаскелерді дәл көрсетеді.
Ынтымақтастық шеңберінде екі пилоттық жоба жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде архивтік құжаттарды цифрландыру арқылы іздеу жүйесі жылдамдайды. Екінші кезеңде белгіленген аумақтар бойынша кешенді талдау жасалып, барлауға басымдық берілетін аймақтар анықталады. Бұл қадам Президенттің 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында айтылған озық технологияларды енгізу және жеке капиталды тарту міндеттеріне толық сай келеді. Сонымен қатар қазақстандық геодезистер мен мамандарды жаңа платформамен жұмыс істеуге оқыту шаралары қарастырылған.





