Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру – халықтың әл-ауқатын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі.
Осы ретте Талдықорған қаласында тұрғындарды күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік өнімдерімен қолжетімді бағада қамтамасыз ету, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу және тұрақтандыру тетіктерінің тиімділігін бағалау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін осындай тетіктермен таныстыру үшін салаға жауапты мамандардың қатысуымен арнайы мониторинг ұйымдастырылды. Іс-шара барысында әлеуметтік дүкендердің қызметі, азық-түлік өнімдерінің бағасы мен қолжетімділігі, сондай-ақ көкөніс сақтау қоймаларындағы өнім қорының жай-күйі таныстырылды.
Сала қызметерлері мен тілшілердің бірлескен аралауы «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның әлеуметтік сауда орындарымен танысудан басталды. Алғашқы аялдама – қалалық коммуналдық базар маңында орналасқан «Жерұйық» сауда дүңгіршегі. Мұнда мамандар әлеуметтік сауда нүктесінің тыныс-тіршілігімен таныстырып, тұрғындарға ұсынылып отырған азық-түлік өнімдерінің түрлері мен бағасын көрсетті. Әлеуметтік сауда орындарының санын арттыру да күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Бұл жөнінде «Жетісу» ӘКК» АҚ әлеуметтік жобалар департаментінің директоры Бақтияр Сембеков алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Қазіргі таңда қалада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сататын екі сауда дүңгіршегі жұмыс істеп тұр. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және қолжетімді өнімдердің қамту аясын кеңейту мақсатында осы айдың соңына дейін тағы жеті сауда нүктесін ашу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде әлеуметтік сауданың қолжетімділігін арттырып, халықтың күнделікті сұранысын өтеуге мүмкіндік береді, – дейді Бақтияр Сембеков.
Біз барған сәтте дүңгіршек маңында сауда жасауға келген тұрғындардың қарасы қалың болды. Бірі күнделікті дастарқанына қажетті күріш пен қант алуға асықса, енді бірі қарақұмық, нан секілді негізгі тұтыну тауарларын таңдап жатты. Сатып алушылардың кезек күтіп тұрғанын көріп, мұндай сауда орындарының қала тұрғындары үшін маңызы зор екеніне көз жеткіздік.
– Мұндай әлеуметтік сауда орындарының халық үшін пайдасы зор. Әсіресе, күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларын қолжетімді бағамен сатып алу – әр отбасы үшін үлкен көмек. Қазіргі таңда олардың бағасының құбылып тұрғаны белгілі. Бүгінгі таңда әлеуметтік дүкендердің жұмыс істеп, қажетті өнімдерді тиімді бағамен ұсынып отырғаны қуантады. Ең бастысы, мұндай сауда нүктелері жұртшылықтың тұрмысын жеңілдетіп, отбасылық бюджетті үнемдеуге мүмкіндік береді. Осындай орындардың қатары көбейіп, жұмысы тұрақты жалғасын тапса екен дейміз, – дейді кезекте тұрған зейнеткерлердің бірі Зейнеп Әшімбекқызы.
Әлеуметтік дүкендердің басты ерекшелігі – халыққа күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерін нарықтағы бағадан төмен әрі қолжетімді құнмен ұсынуында. Бұл, әсіресе, азық-түлік шығынын үнемдеуге тырысатын отбасылар үшін тиімді мүмкіндік. Ал мұндай сауда орындарының тұрақты жұмыс істеуі әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының шарықтауына жол бермеуге септігін тигізеді.
«Жерұйық» дүңгіршегіндегі сауда барысымен танысу барысында әлеуметтік сауда орындарының тек өнім сататын нүкте ғана емес, сонымен қатар баға тұрақтылығын сақтаудың маңызды тетіктерінің бірі екеніне назар аудардық.
Әлеуметтік дүкендердегі жұмыспен танысқан соң, аралау тобы Алматы-Өскемен айналма жолы бойынан орын тепкен көкөніс сақтау қоймаларына бағыт алды. Мұнда мамандар көкөніс өнімдерінің сақталу жағдайын, қоймадағы қор көлемін және алдағы кезеңге арналған дайындық жұмыстарын көрсетті. Көкөніс сақтау қоймаларының маңызы ерекше. Себебі, маусымаралық кезеңде өнім тапшылығын болдырмау, нарықтағы бағаның күрт өсуіне жол бермеу ең алдымен жеткілікті қордың болуына байланысты. Әсіресе, картоп, сәбіз, пияз бен қырыққабат секілді күнделікті тұтынатын көкөністерді алдын ала жинақтап, талапқа сай сақтау – баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің негізгі тетіктерінің бірі.
– Біз биыл 700 гектар алқапқа 10 мың тоннаға дейін картоп өсірдік. Оның бір бөлігі чипсы өндіретін зауытқа жөнелтілсе, қалғаны тағамдық мақсатта пайдаланылады. «Жетісу» ӘКК» АҚ-ның қолдауымен жергілікті нарыққа 1 600 тонна картопты тұрақты бекітілген бағамен жеткіземіз. Шаруашылығымызда «Импала», «Лисана», «Севим» сынды шетелдік сұрыптар өсіріледі. Біздің негізгі мақсат – Жетісу тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз ету. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациямен жасалған келісімнің тиімділігі – өнімімізді арнайы сауда нүктелері арқылы алдын ала белгіленген бағамен өткізуге мүмкіндік бар. Бұл бір жағынан халыққа қолайлы баға ұсынуға жағдай жасаса, екінші жағынан бізге өнім көлемі мен түсетін табысты алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді, – дейді «Жетісу достық» ЖШС-нің қаржы жөніндегі жетекшісі Айнұр Герман.
Қойма жұмысымен танысу кезінде өнімдерді сақтаудың тиімді жолдары мен азық-түлік қорын қалыптастырудың маңыздылығына мән берілді. Өйткені бүгінгі қалыптастырылған қор – ертеңгі нарықтағы тұрақтылықтың негізі. Ал бұл, түптеп келгенде, қала тұрғындарын жыл он екі ай бойы қажетті көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Бағаның тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында қазіргі таңда 7,9 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша келісімдер жасалды. Қор құрамына көкөністермен қатар, ұзақ уақыт сақтауға жарамды күнделікті тұтыну тауарлары да енгізілген. Атап айтқанда, көкөніс сақтау қоймасына 2,5 мың тоннаға жуық картоп, пияз, сәбіз сияқты өнім түрлерін жинақтау көзделген. Олар сәуір айына дейін сақталып, кейін әлеуметтік дүкендерде қолжетімді бағамен сатылатын болады. Белгіленген баға бойынша картоптың бір келісі 200 теңгеден, сәбіз 160 теңгеден, ал пияз 80 теңгеден аспайды. Бұдан бөлек, қоймада күнделікті сұранысқа ие, ұзақ сақталатын азық-түліктің жеті түрінен 200 тоннадан астам өнім бар. Қордың басым бөлігі Жетісу өңіріндегі отандық өндірушілердің тауарларынан жасақталған. Қазіргі уақытта жергілікті алты кәсіпорынмен жасалған келісімдер аясында көкөніс жеткізу жұмыстары жүргізілуде, – дейді Бақтияр Сембеков.
Келесі кезекте қала орталығында орналасқан «Атамекен» ғимаратындағы «Тоймарт» сауда желісіне ат басын бұрдық. Бұл жерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына назар аударылып, сауда сөрелеріндегі өнімдердің құны сараланды.
Сондай-ақ, мамандардың баға тұрақтылығын сақтау бағытында жүргізіп отырған мониторинг жұмыстарының барысымен таныстық.
Мұндай бақылау шаралары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің негізсіз қымбаттауына жол бермеу, тұрғындар үшін тауарлардың қолжетімділігін қамтамасыз ету және нарықтағы баға тұрақтылығын сақтау мақсатында жүзеге асырылады.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының сауданы дамыту жөніндегі бөлімінің басшысы Азамат Жаңбырбаевтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және негізсіз қымбаттаудың алдын алу мақсатында арнайы комиссия тобы жұмыс жүргізуде. Комиссия құрамына республикалық деңгейдегі департаменттердің өкілдері, өңірлік мәслихат депутаттары, сондай-ақ аудандық және қалалық сауда бөлімдерінің мамандары енген. Комиссия мүшелері сауда орындарына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, азық-түлік бағасының белгіленген талаптарға сәйкестігін қадағалайды.
Сонымен бірге мониторинг барысында немесе комиссия отырыстарында тұрғындардан түскен өтініштер мен ұсыныстар қаралады. Атап айтқанда, өнімсіз делдалдықты анықтау, сауда орындарында тауар бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу және белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталуын бақылау бағытында тиісті шаралар қабылданады. Жыл басынан бері облыс аумағында сауда үстемесінің 15 пайыздық шектен асып кетуі және сауда орындарында тауар бағасының көрсетілмеуі бойынша жүзден астам сауда субъектісіне қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қарастырылған.
Осылайша комиссия өз құзыреті шегінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мұндағы басты мақсат – негізсіз баға өсіміне жол бермеу, өнімсіз делдалдықты болдырмау және тұтынушылардың құқықтарын қорғау. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Айгүл Байбосын





