ҚР Құрылтайының депутаты Наурыз Сайлаубай мен ҚР Халық кеңесінің мүшесі Руфина Усанова Талдықорған қаласындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында аға буын өкілдерімен кездесті. Құрметті қонақтарды аталар мен әжелер «Жетісу» әнімен қарсы алды.
Кездесуге облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.
Қонақтар орталықты аралап, қарттарға жасалған жағдайлармен және ұсынылатын қызмет түрлерімен танысты. Мұнда аға буын өкілдері ән айтып, шахмат пен теннис ойнап, йогамен және қолөнермен айналысады.
Жиынның ашылуында жұмыс тобының сапары Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерді түсіндіруге, тұрғындармен пікір алмасуға арналғаны айтылды.
Алғаш сөз алған Наурыз Сайлаубай орталықтағы мүмкіндіктерге ризашылығын білдіріп, аға буынмен жүздесудің өзі үшін ерекше мәні бар екенін айтты.
– Өзім ата-әжемнің қолында өстім. Сондықтан сіздермен жүздесу мен үшін ерекше ыстық. Орталықта ән айтып, шахмат пен теннис ойнап, йогамен, қолөнермен айналысып жүргендеріңізді көріп қуандым. Осындай мүмкіндіктер үлкендердің уақытын пайдалы өткізуіне, денсаулығын күтіп, бір-бірімен араласуына жағдай жасайды, – деді депутат.
ҚР Халық кеңесінің мүшесі Руфина Усанова да орталықтағы аға буын өкілдерінің белсенділігіне ризашылығын білдіріп, өзінің 92 жасқа дейін өмір сүрген әжесін еске алды.
– Әжеміз бізді жұмыстан күтіп, кешкісін әңгімелескісі келетін. Ал біз кейде шаршағанымызды айтып, көңіл бөле бермейтінбіз. Сіздерді көріп, үлкендер үшін араласатын ортаның, сырласатын адамдардың қаншалықты маңызды екенін ойладым. Әжем де осындай орталыққа барғанда, өмірі бұдан да шуақты болар ма еді. Сіздерге осындай жағдай жасаған облыс әкімдігіне алғысымды білдіремін, – деді ол.
Кездесуде қарттарды әлеуметтік қолдау, олардың тұрмыс сапасын жақсарту және қоғам өміріне белсенді қатысуына жағдай жасауға байланысты түскен ұсыныстардытыңдап, нақты жауаптар берілді.
Қажет АНДАС





