Қазақстанда жойылып кеткен тұран жолбарыстарының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр. 2033 жылға дейін ел аумағындағы табиғи ортаға кемінде 10 жолбарыс жіберу жоспарланған. Ал ұзақ мерзімді мақсат – олардың санын 50 басқа жеткізу, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы Stan.kz сайтына сілтеме жасап.
Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жолбарыстарды Қазақстан табиғатына қайтару бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде жыртқыштарды табиғи ортаға жіберу көзделсе, одан кейін олардың өздігінен көбейіп, тұрақты популяция қалыптастыруына жағдай жасалады.
«Біздің жоспарымыз бойынша 2033 жылға дейін табиғатқа шамамен 10 немесе одан да көп жолбарыс жіберіледі. Алайда бұл көрсеткіш бағдарламаның нәтижесіне қарай өзгеруі мүмкін. Жолбарыстар адамның араласуынсыз табиғи ортада өздігінен көбейе алуы үшін олардың саны шамамен 50 басқа жетуі керек. Біз осы мақсатқа ұмтылып отырмыз», – деді министр.
Сондай-ақ министр Қазақстан Ресейдегі серіктестерімен бірлескен жұмысты жалғастыратынын атап өтті. Қазір елімізде шетелдік хайуанаттар бағынан әкелінген жолбарыстар арнайы қоршауларда бағылып жатыр.
«Бізде бұрын хайуанаттар бағынан әкелінген жануарлар бар. Оларды табиғатқа жібермейміз. Бұл жолбарыстар Қазақстанда жаңа ұрпақ алу үшін қажет. Кейін олардың төлдерін табиғи ортаға жіберуге дайындаймыз», – деп түсіндірді Әлібек Қуантыров.





