Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауы – елдің алдағы даму кезеңіне бағыт-бағдар беретін маңызды құжат. Онда белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда өңірлерге жүктелер жауапкершілік айрықша. Өйткені мемлекеттің өркендеуі әр аудан мен ауылдың тыныс-тіршілігіндегі оң өзгерістерден басталады.
Осы орайда Көксу ауданында Президент Жолдауында айқындалған стратегиялық міндеттерді талқылауға және олардың жергілікті жерде жүзеге асырылу тетіктерін саралауға арналған маңызды кездесу өтті. Жұмыс сапарымен ауданға Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Қайрат Кереев, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смолякова, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова және Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков келді.
Аудан активімен жүздескен мәртебелі меймандар ел дамуының басым бағыттары, экономиканы жаңғырту, аграрлық сектордың әлеуетін арттыру, қаржы ресурстарын тиімді пайдалану және халықтың әл-ауқатын жақсарту мәселелеріне тоқталды. Кездесу барысында Жолдауда көтерілген бастамалар кеңінен сөз болып, әсіресе жалпыұлттық ауқымдағы құрылыс жұмыстары, халықтық құрылыс бағдарламасын жүзеге асыру, басталған жобалардың сапасы мен орындалу барысын бақылау мәселелеріне басымдық берілді.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова саланы жаңғырту, өндіріс тиімділігін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде ой қозғады.
Бүгінгі ауыл шаруашылығы бұрынғыдай тек өнім өндірумен шектелмейді. Заман талабына сай технологиялық жаңару, су ресурстарын ұтымды пайдалану, еңбек өнімділігін арттыру, өнім сапасын жақсарту және өндірілген өнімді терең өңдеу – саланың бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторлар. Әсіресе, өнімді өсіріп қана қоймай, оны сақтап, өңдеп, нарыққа шығару ісін жолға қоюдың маңызы зор. Мұның өзі ауыл кәсіпкерлерінің мүмкіндігін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жергілікті өнімнің нарықтағы орнын нығайтуға жол ашады.
Осы ретте Көксу ауданындағы қант зауытының өндірістік әлеуеті де назардан тыс қалмады. Аудан экономикасында өзіндік орны бар кәсіпорынның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, қант өндірісінің әлеуетін арттыру және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін дамыту – өңір үшін маңызды мәселелердің бірі.
Вице-министр аграрлық саланың тұрақты дамуы үшін мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану, шаруалардың бастамаларына қолайлы жағдай жасау және ауылдық аумақтардың экономикалық мүмкіндіктерін толық іске асыру қажеттігін атап өтті.
Расымен де, ауылдың әл-ауқаты ауыл шаруашылығының жағдайымен тығыз байланысты. Шаруаға қолдау көрсетіліп, өндіріс өркендесе, ауылдағы еңбек те жанданады, тұрғындардың табысы да артады. Сондықтан бұл бағыттағы міндеттер Көксу ауданы үшін айрықша маңызға ие.
Жиында мемлекеттік қаржы ресурстарын тиімді басқару мәселесі де кеңінен қозғалды. Бұл бағытта Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков бюджет қаражатын жоспарлау мен игеру, қаржылық тәртіпті сақтау, мемлекеттік шығыстардың нәтижелілігін арттыру және бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына қатысты түсінік берді.
Мемлекеттік қаражаттың әрбір теңгесі ел игілігіне қызмет етуі тиіс. Бұл – бүгінгі мемлекеттік басқарудың басты талаптарының бірі. Әсіресе, жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылатын әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың сапасы мен тиімділігіне қойылатын талап жоғары.
Жол, су, инженерлік желілер, әлеуметтік нысандар – мұның бәрі тұрғындардың күнделікті өмірімен тікелей байланысты. Сондықтан бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуы, жобалардың уақытылы әрі сапалы орындалуы, атқарылған жұмыстардың нәтижесіне бақылау жасалуы маңызды.
Қаржы вице-министрі сөзінде де осы мәселелерге басымдық берілді. Мемлекеттік инвестицияның экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы, бюджет қаражатының тиімділігі нақты нәтижемен өлшенуі қажеттігі атап өтілді.
Шын мәнінде, қаржының дұрыс жоспарланып, орнымен жұмсалуы – өңірдің тұрақты дамуына негіз болатын маңызды шарт. Ал оның игілігін ең алдымен қарапайым тұрғын сезінуі керек.
Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Екатерина Смолякова өз сөзінде Президент Жолдауында белгіленген міндеттердің ел болашағы үшін маңызын атап өтіп, мемлекет дамуы қоғамның белсенділігімен және азаматтардың ортақ іске деген жауапкершілігімен сабақтас екенін жеткізді.
Ел тағдырына қатысты маңызды бастамаларды жүзеге асыруда халықтың пікірі мен ұсынысын ескеру – демократиялық қоғамның басты қағидаттарының бірі. Әр өңірдің өзіндік ерекшелігі, шешімін күткен мәселелері мен даму мүмкіндіктері бар. Сондықтан жергілікті тұрғындардың үнін естіп, олардың ұсыныстарын назарға алу маңызды.
Кездесудің осы тұсында аудан активінің өкілдері де сөз алып, көкейде жүрген мәселелерін ортаға салды. Аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Сайлау Базилов өңірдің дамуына қатысты ой-пікірлері мен ұсыныс-тілектерін жеткізді. Ауыл ұстаздары да өз ойларын айтып, пікірін білдірді.
Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, қаржы және инфрақұрылым салаларына қатысты сауалдар қойылып, қонақтар тарапынан тиісті жауаптар берілді. Айтылған ұсыныстар мен пікірлер назарға алынды. Мұндай кездесулердің мәні – тек жоғарыдан берілген тапсырмаларды түсіндіруде ғана емес, жергілікті жердегі жағдайды көзбен көріп, халықтың талап-тілегін тікелей тыңдауда. Өйткені әрбір ауданның тыныс-тіршілігі, тұрғындарды толғандырған мәселелері мен шешімін күткен түйткілдері бар. Оларды орталық мемлекеттік органдар өкілдерімен бірге талқылау – өзара байланысты нығайтудың тиімді жолы.
Жалпы, Көксу ауданында өткен кездесу Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттердің өңірлік деңгейде жүзеге асырылу жолдарын саралауға мүмкіндік берді. Аграрлық саланы жаңғырту, өндірістік әлеуетті арттыру, қаржы тәртібін күшейту, инфрақұрылымды дамыту және қоғаммен ашық байланыс орнату – ауданның алдағы дамуында маңызы зор бағыттар.
Елдің дамуы бір күнде жүзеге аспайды. Оның негізінде күнделікті еңбек, жүйелі жоспар, жауапты шешім және ортақ мүдде жолындағы ынтымақ жатыр. Бір ауданда ашылған өндіріс орны, екінші өңірде жаңарған жол, ауылда іске қосылған әлеуметтік нысан – барлығы да мемлекет дамуының ортақ көрінісі. Сондықтан Жолдауда жүктелген міндеттерді орындау мемлекеттік органдардың ғана емес, қоғамның әр мүшесінің ортақ жауапкершілігіне айналуы тиіс.
Көксуде өткен кездесудің де түпкі мәні осында. Елдік мақсат пен өңірлік мүддені ұштастырған басқосу ауданның өзекті мәселелерін талқылап қана қоймай, алдағы міндеттерге деген жауапкершілікті айқындай түсті. Өйткені өңір өркендесе – ел өркендейді, ал елдің ертеңі бүгінгі нақты іспен өлшенеді.
Айгүл БАЙБОСЫН





