Жетісу облысында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету бағытында рейдтік және профилактикалық шараларды күшейтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Өңірде тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғамдық орындарды ластау және қоқысты белгіленбеген жерлерге тастау фактілерінің алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Тәртіп сақшылары аумақтардың тазалығын бақылап, белгіленген қағидаларды өөрескел бұзған азаматтарды анықтауды күнделікті әдетке айналдырған. Осындай кешенді шаралар өңірдегі тұрғындардың жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне жағдай жасайды.
Аталған құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауда Жедел басқару орталығының заманауи бейнебақылау камералары үлкен септігін тигізіп отыр. Бейнекамералардың көмегімен қоғамдық орындарға тұрмыстық қалдықтар мен темекі тұқылдарын тастау, сондай-ақ абаттандыру қағидаларын сақтамау деректері жедел тіркелуде. Тәртіп бұзған тұлғаларға қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес тиісті шаралар қолданылып, хаттамалар толтырылады. Негізгі мақсат – тұрғындарға айыппұл салу емес, қоғамда жауапкершілік сезімін ояту.
Сонымен бірге полиция қызметкерлері тұрғындармен, кәсіпкерлермен және мекеме басшыларымен арнайы профилактикалық әңгімелесулер жүргізуде. Кездесулерде тазалық сақтау мен абаттандыру талаптарын орындаудың маңыздылығы түсіндіріледі. Аталған бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы жүктеген «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында қарқынды жүзеге асырылуда. Тәртіп сақшылары әрбір азаматты қоршаған ортаға ұқыптылықпен қарауға, туған өңірдің абаттануына өз үлесін қосуға шақырады.





