Дін мен мемлекеттік қызметтің арақатынасы, зайырлылық қағидаты мен кәсіби жауапкершілік үйлесімінің маңызы зор. Өйткені азаматтардың мемлекетке деген сенімі ең алдымен мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысынан қалыптасады. Азаматтың өтінішін мұқият тыңдау, мәселесін заңға сәйкес шешу, баршаға тең қарау – мемлекеттік басқару сапасының нақты көрінісі.
Қазақстанда түрлі этнос пен дін өкілдері өмір сүреді. Олардың дүниетанымы мен діни ұстанымы әртүрлі болғанымен, барлығына ортақ құндылықтар бар. Олар – заң алдындағы теңдік, өзара құрмет, қоғамдық келісім және ел алдындағы жауапкершілік. Мемлекеттік қызмет осы құндылықтарға сүйенуі тиіс.
Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Конституция әр адамның ар-ождан бостандығына кепілдік береді. Демек, адамның діни сенімі де, ешқандай дінді ұстанбайтын ұстанымы да құрметтелуі тиіс. Мемлекеттік қызметші де азамат ретінде осы құқықтарды пайдаланады. Сонымен бірге оның кәсіби міндеті – мемлекет атынан әрекет еткенде заңды басшылыққа алу және азаматтардың құқықтарын тең қамтамасыз ету.
Мемлекеттік органға жүгінген адам ең алдымен әділ шешім мен сапалы қызмет күтеді. Оның қандай дінді ұстанатыны немесе діни сенімінің бар-жоғы өтінішінің қаралуына әсер етпеуі керек. Құжат қабылдау, кеңес беру, әлеуметтік қолдау көрсету немесе өзге де шешім қабылдау кезінде негізгі өлшем – заңда белгіленген талаптар.
Мысалы, бір мәселемен келген екі азаматтың діни көзқарасы әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ олардың өтініштері бірдей құқықтық негізде, белгіленген тәртіппен қаралуы қажет. Қызметшінің жеке сенімі азаматтардың біріне артықшылық беруге немесе екіншісіне кедергі келтіруге негіз бола алмайды. Осы тұрғыдан алғанда, зайырлылықтың практикалық мәні – мемлекеттік қызметтің әділдігі мен бейтараптығын қамтамасыз ету.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңда мемлекет пен діни бірлестіктердің бөлінгендігі, сондай-ақ дінге деген көзқарасына қарамастан адамдардың заң алдында теңдігі бекітілген. Бұл құқықтық негіз діни сенім бостандығын қорғауға және қоғамдағы келісімді сақтауға қызмет етеді. Сондықтан зайырлылық туралы түсіндіру жұмыстарында адамның сеніміне құрметпен қарау мен мемлекеттік қызметтің бейтараптығын сақтау қатар жүруі тиіс. Мемлекеттік қызметтегі тағы бір маңызды мәселе – қызметтік өкілеттікті жауапкершілікпен қолдану.
Мемлекеттік қызметшінің лауазымы оған белгілі бір міндеттерді орындау үшін беріледі. Сол мүмкіндіктерді жеке діни көзқарасын таратуға, әріптестеріне ықпал етуге немесе діни бірлестіктің мүддесін ілгерілетуге пайдалануға болмайды. Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде де қызметтік жағдайға байланысты мүмкіндіктерді діни бірлестіктердің мүддесіне пайдалануға қатысты шектеу көзделген. Әсіресе басшы мен қызметкер арасындағы қатынаста бұл талапқа мұқият қарау керек. Басшының ұсынысы кей жағдайда бағынышты қызметкерге міндетті тапсырма секілді сезілуі мүмкін. Сондықтан ұжымда адамның діни таңдауына қысым жасалмауы, ешкім сеніміне байланысты қолайсыз жағдайда қалмауы қажет.
Бүгінде мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігі жұмыс орнымен шектелмейді. Әлеуметтік желілердегі жазбалары мен көпшілік алдында айтқан сөздері де оның кәсіби беделіне әсер етеді.
Діни мәселелер қоғамда әртүрлі пікір туғызуы мүмкін. Сондықтан мұндай тақырыптарға қатысты пікір білдіргенде ақпараттың дұрыстығын тексеру, өзге адамдардың қадір-қасиетін құрметтеу және араздық туғызатын сөздерден сақ болу қажет.
Мемлекеттік қызметшінің жеке пікірі кейде мемлекеттік органның ұстанымы ретінде қабылдануы мүмкін. Осы себепті жария кеңістіктегі сөздің мазмұнына да, оны жеткізу тәсіліне де жауапкершілікпен қараған жөн. Бұл жауапкершілік адамның жеке сеніміне құрметпен қараумен ұштасуы тиіс. Қызметкердің кәсіби жұмысына баға бергенде оның міндеттерін қаншалықты сапалы орындайтыны, заң талаптарын сақтауы және азаматтармен қарым-қатынасы басшылыққа алынуы қажет.
Осы бағытта мемлекеттік органдарда құқықтық және діни сауаттылықты арттырудың маңызы зор. Қызметкерлер зайырлылықтың мәнін, ар-ождан бостандығының мазмұнын және қызметтік әдеп талаптарын түсінуі керек. Нақты жағдайға қатысты күмән туындағанда, мәселені өз бетінше жорамалдамай, заңгерден немесе Әдеп жөніндегі уәкілден түсіндірме алғаны дұрыс.
Ұжымдағы өзара құрмет те күнделікті әрекеттен қалыптасады. Біреудің сенімін келемеждемеу, жеке таңдауына қысым жасамау, келіспеушілікті сабырмен шешу – ортақ жұмыс мәдениетінің негізі.
Қоғамдық келісімді сақтау әркімнің жауапкершілігінен басталады. Ал мемлекеттік қызметшінің бұл бағыттағы міндеті айрықша. Өйткені азаматтар оның іс-әрекеті арқылы мемлекеттік органның жұмысына баға береді.
Зайырлылық пен кәсіби жауапкершіліктің үндестігі күнделікті қызметте көрінуі тиіс: заңға сүйенген шешімде, азаматқа көрсетілген құрметте, адал еңбекте және әділ қарым-қатынаста.
Біздің ортақ міндетіміз – әр адамның құқығын құрметтеп, халыққа сапалы қызмет көрсету. Жеке дүниетанымымыз қандай болса да, қызметтік шешімдеріміз заңға, кәсіби міндетке және қоғамдық мүддеге негізделуі қажет.
Мемлекеттік қызметтің қадірі – сеніп тапсырылған өкілеттікті қоғам игілігі үшін әділ әрі жауапты пайдалана білуде. Осы ұстанымға берік болу мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтып, елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауға үлес қосады.
Сағыныш ЖАҢАБАЙ
облыстық дін істері
басқармасының басшысы





