Жетпісіңде жігерлісің – басты олжаң,
Атақ пен даңқ жаумайды ғой аспаннан.
Көкейіңе өлең қонған ұлан ең,
Тұлға болдың маңдайына бақ қонған.
Сый мен құрмет бір өзіңді таңдапты,
Таудай талап биіктерге самғатты.
Жетісудың жігітісің құрметті,
Астананың ақынысың ардақты.
Жетпіс деген мерейжасқа жігерлі жеткен қаламдас ақын досымыз, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Ахмет Кендірбекұлының бүгінге дейінгі бағындырған белестерін, алған асуларын саралағанда оның ақындық сапарының олжалы болғанына, азаматтық жолының адастырмағанына, өнерінің өзекті бағытынан ауытқымағанына тәнті боларымыз хақ.
Ахмет ақынды алғаш көрген сәтім есімде. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары Талдықорған өңіріндегі баспасөз өкілдерінің білім жетілдіру курсында бас қостық. Семинар сабақ басталды. Бізге үйреншікті тақырып. Жаңалығы жоққа тән. Алдымдағы ақ қағазға ойға оралған тіркестерді тізіп, терезеге көзімді қадап отырғанмын. Артқы партадан дәптер парағына жазылған бірер шумақ өлең келді.
Ойланасың, толғанасың,
Қаламыңды қолға аласың.
Кемел жасқа келмей жатып,
Ойға батқан қай баласың?
Мұңға батып қарманасың,
Үміт болып жалғанасың.
Өлең деген патшалыққа,
Сапар шеккен қай баласың?
Жұмбақ жанға айналасың,
Жыр-аруың аймаласын.
Ауыр ойдан жүдеп жүрген,
Қай баласың, қай баласың?
Қолтаңбасы айқын екен. Ұнаттым да осынау қысқа да нұсқа жыр сәлемін жолдаған жігітке ризашылығымды жасыра алмай қарадым. Ат жақты, аққұба, кескінді жігіт. Тіп-тік өскен қарағайдай ұзын бойы еріксіз көз тартады.
Бір-бірімізді сырттай танитынбыз. «Жалын» журналынан алдында ғана өлеңін оқығанмын. Ортақ тақырыбымыз бізді бірден жақын қылып жіберді. Төрт-бес сағатқа созылатын дәрістен соң қонақүйді бетке аламыз. Ортамыздағы Ахметтің дауысы өзгемізден жарқын, сөзі жүйелі, ісі үйлесімді. Осылайша екі апталық бас қосуымызда біздің буынның көш бастаушысына айналған тамаша азаматпен танысқанымды олжа санағанмын.
Биікке бастаған баспалдақ
Жанарыңнан шуақ кетпей,
нұр кетпей,
Мінезіңнен айнымайсың бірбеткей.
Жамандыққа жақын қонған
кезің жоқ,
Ақ жейдесін жан дүниеңнің
кірлетпей.
Парасатың, ақыл-ойың серігің,
Дүниеқоңыз лас тірліктен жерідің,
Күздің күні дүниеге келіп ең,
Күздей дарқан, күздей мырза
пейілің.
Сол жылдары біріміз Бөрлітөбенің, екіншіміз Алакөлдің аудандық газеттері редакторының орынбасары едік. Тәуелсіздік алған жылдары аудан әкімінің орынбасары лауазымына көтерілді. Туған жеріне айқын ізін қалдырды. Алматы облыстық ішкі саясат басқармасында қызмет атқарды. Талдықорған облыстық Тіл басқармасын басқарды. Қазақстанда алғашқы болып бой көтерген Тіл сарайында әріптестері әлі күнге дейін айтып жүретін ауқымды іс-шаралардың бастамашысы болды. Астанаға шақырылып, Төтенше жағдайлар министрлігінің басқарма басшысы, Талдықорған облысы әкімінің кеңесшісі, «Жетісу» телекомпаниясы директорының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарып, зейнет демалысына шықты.
Ол өмірде де, өнерде де қарапайымдылығынан танбады, өзгеден биік болуды мұрат тұтпады. Ойы да биік, бойы да биік. Бірақ қатарластарынан ойы мен бойын асырып, мықтымсынғанын көрген жоқпын. Қайта керісінше жанындағылардың жетістіктерін айтып, жақсылығын асырып жүруге бейім. Сондықтан оның төңірегінен талантты топ үзіліп көрген жоқ.
Біз білетін Ахмет ақын туабітті бойына сіңген өнеріне биік талғам тұрғысынан қарайды. Өз-өзіне, ертең өлең болып дүйім жұртқа тарайтын сөзіне қатал талап қоя біледі. Алғашқы кітабы «Көкпар» оқырмандарын ойлы ақынмен жүздестіруімен құнды.
– Болмасам да бетке шығары
сорпаның,
Перзентімін белгілі бір ортаның.
… Әлі күнге бір мақсатқа
ұмтылсам,
Өрем жетпей қала ма деп
қорқамын, –
деп ірі іске жүрексініп кіріскен жас ақынның жігерін ұлт жұмысына жұмсайтынын алғашқы аяқ алысынан танығандар қатары аз болған жоқ. Осынау құнан-жырдың күні ертең аламанға қосылатын арғымаққа айналарына сенген Халық жазушысы, қазақтың үлкен ақыны Тұманбай Молдағалиев:
– Өмір бірде шілде ғой,
өмір кейде суық та,
Оның соңғы шегіне жетпей-ақ қой
жуықта.
Жансын сәуле көзіңде, мейірімнің
сәулесі,
Төрде отырған кезіңде босағаны
ұмытпа, –
деп жүрекжарды лебізін арнады.
Өзінің өзгеден бөлек ақындық бітімі мен мінезін таныту қолға қалам алғандардың басты мақсаты. Әйтпесе балаң кезде еліктеген белгілі ақындардың көлеңкесінен шыға алмай, өзіндік қолтаңбасын қалыптастыра алмай өкінішпен өтетіндер қатарын толықтыру абырой әпермейді. Аз жазса да саз жазатын талғампаз Ахмет ақынның «Ойтұмар», «Зер», «Өмір, өмір», «Қос қағыс», «Ғиззат», «Қарашада өмір тұр» кітаптарының қай-қайсысын оқығандар мазмұн жағынан да, пішін жағынан да үйлесімді жырлармен молынан ұшырасады да көл-көсір ойға жетелеген қаламгердің туындыларын іздеп жүретін болады.
Ақын өлеңдеріндегі өзгелердің ойына жөпшендіде оралмайтын тың толғам ойнақы кестеленеді де оқырмандарын еріксіз елең еткізеді. Мәселен, сіз «қара жерден қара үздіріп, ақ бұлттармен араластырып» ұшатын алып ұшаққа отырдыңыз. Құс қанаты талатын зәу биікте қалқып келесіз. Ақын осының өзінен оқыс түйін жасайды:
– Ештеңе жоқ асып тұрған,
Қызығатын ауа-көлде.
… Қос аяқпен басып тұрған,
Не жетеді қара жерге?! Осы лепті түйінді сіз де мойындайсыз. Ойыңыздағыны айшықтап берген ақын өлеңдеріне құштарлығыңыз арта түседі.
Ақынның кітаптан кітапқа жалғасқан туындыларында ала-құлалық емес, үзілмей келе жатқан үндестік, тұтастық бар. Қай тақырыпты арқау етсе де адамдықты, адалдықты, тазалықты жырлайды. Ата-ананың қадірі, ұрпақ тәрбиесі, достық, ізгілік, өмір белестері, тағдыр сынағы ақын көзімен беріліп, ақын қабылдауымен ойлы да, орамды жыр болып сомдалады. Туған елді, туған жерді, туған тілді Ахметше сүюдің қаншалықты қастерлі екендігін ақын шығармашылығымен танысқан адам айқын сезінеді. «Өмірдің жолы бұралаң, өмірдің жолы тайғанақ, өмірдің жолы күрделі, өмірдің жолы мың тарау» екендігін ұғынған күні өмірден ерте кеткен әкенің ақылын, әкенің бағдарын, әкенің демеуін аңсайды. «Таң атқан сайын сібірлеп, Күн батқан сайын іңір кеп. Анашым, арнап балаңа, дұғаңды оқы күбірлеп», – деп дұғагөй анасының қадірін сезінеді. «Азаматқа бұл жалғанда артылады-ау нелер сын, Табаныңа тас батырмай шығара ма кемел шың», – деп абырой-атақтың еңбектің арқасында келеріне сенеді.
Қалам қайраты
Аз емес деп көрешегім, көргенім,
Біраз жолды шиырладың, өрледің.
Раушаныңның ықыласы білгенге,
Шалдықпай-ақ жетпіс жасқа
келгенің.
Кедергілер жолықпасын жолыңнан,
Күнің күліп,айың тусын оңыңнан,
Ел ұлықтап Ахмет ақын мұрасын,
Ұрпақ ерсін бір ауыл боп соңыңнан.
Жыл санайды айдың, күннің
тізбесін,
Бой көрсетпей қалсаң қауым
іздесін.
Беттен қызыл, тәннен қызу
кеткенше,
Жаратушым ғұмырыңды үзбесін.
Ол туған тілін сүйеді. «Тілім анау – арнасынан алшақтаған, жырақ аққан» деп күйініп, мемлекеттік тіліміздің мерейін арттыруға бүкіл саналы өмірін арнап келеді. «Ана тілін – өз анасын кеудесінен тепкендерді» кешіре алмай өлеңде ғана емес, өмірде де қажымай, талмай тайталасқаны айналасына аян.
Ол туған жерін сүйеді. Қайда жүрсе де сағынып келіп «Толқындары таулардай, ауылдары аудандай, Алакөлім армысың!» деп сәлемдеседі. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде Алакөлдің айдыны кең, тірлігі тынысты болуы үшін қалам қарымын аяп қалған жоқ. Ауданның 90 жылдығына жарық көрген «Алты Алаштың Алакөлі» атты палуан кітабында туған өңірдің табиғаты, тарихи шежіресі, аңызға айналған адамдары толық қамтылды.
Ол туған елін сүйеді. Биыл ұзақ жылғы зерттеуінің нәтижесінде тұтастай бір ғылыми институттың жүгін бір өзі көтеріп, «Қаракерей Қабанбай» атты энциклопедияны құрастырып, оқырманға ұсынды. Жоңғар шапқыншылығы кезінде қазақ қолын бастап, еліне ес, жауына сес болған батыр хақында қағаз бетіне түскен үлкенді- кішілі деректерді қалыс қалдырмаған жанкешті де білікті қаламгердің, үздік өлкетанушының бұл еңбегінің де ғұмыры ұзақ боларына күмән жоқ.
Өлеңнен өзін тауып, қолтаңбасынан айнымаған ақын отбасында да бақытты. Жары Раушан ардақты да ардагер ұстаз, қаламы қарымды жазушы. Балалары ата-анасының алғысына лайық азаматтар, немерелері көгеріп-көктеп, өмірден өз жолдарын іздеуде.
Ақынның арманы айшықталған төмендегі өлеңімен қошуақ лебізімді түйіндегім келеді.
– Кейде ашық, кей кездерде
мұнар дала,
Тірлігіңде жүргенің мың алдана.
Арманымнан сонда да адастырма,
Жан жарымнан мені, өмір,
сыңарлама!
Мінген жоқпын туғаннан
әзір атқа,
Қанағат деп келемін азыраққа.
Осы ағымнан ешқашан алыстатпа,
Қосағымнан мені, өмір, ажыратпа!
Біреуімізді ертерек керек деме,
Таза ауаңды аямай бер өкпеге.
Дария боп кеткенше біздің әулет,
Қария боп жеткенше бөлектеме!
Біз де осы тілекті құп көреміз. Жамандық көрмей, амандықта жүздесуге жазсын!
Жомарт ИГІМАН
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты





