Қазақстанның хоккейден ұлттық құрамасы Оңтүстік Кореяда өткен құрлықтық додада қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, қатарынан үшінші рет Азия чемпионы атанды, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Шешуші кездесуде ұлттық құрама алаң иелері Оңтүстік Корея ойыншыларымен шеберлік байқасты. Негізгі уақытта есеп ашылмай, жеңімпаз буллит сериясында анықталды. Таразы басын біздің пайдамызға аударған мерген соққыны Диас Гусейнов орындап, ел қоржынына кезекті алтын медальді салып берді.
Талғат Жайлауов баптайтын біздің спортшылар турнир барысында сенімді ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы матчта Жапония құрамасын 3:2 есебімен ұтса, екінші кездесуде Қытай командасының қақпасына жауапсыз 5 шайба соғып, 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Ал шешуші ойында Оңтүстік Кореяны 1:0 есебімен буллит сериясында қапы қалдырды. Осылайша, жігіттер жарыстағы 3 кездесудің бәрін де жеңіспен аяқтады.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Мұхаметов турнирдің үздік шабуылшысы номинациясын иеленді. Ол 3 ойын ішінде 2 шайба соғып, 2 нәтижелі пас берді.
Бас жүлдені Қазақстан иеленсе, турнирдің күміс жүлдесі Жапонияға, ал қола медаль Оңтүстік Корея құрамасына бұйырды.





