Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы ел дамуының басты стратегиялық бағдарын айқындады. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңында әрі халық жаппай қолдаған жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі кезеңінде жарияланған тарихи құжат мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттыруға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған.
Мемлекет басшысы өзінің бағдарламалық баяндамасында еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтап, алтын-валюта резервтері мен Ұлттық қор активтері 130 миллиард доллардан асқанын атап өтті. Қуатты экономикалық резервтерді ел игілігіне жұмсау мақсатында Президент «Халықтық құрылыс» ауқымды бағдарламасын жариялап, 2027 жылды Жалпыұлттық құрылыс жылы ретінде белгіледі. Бағдарлама шеңберінде 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге қарастырылып, барлық өңірде әлеуметтік, инфрақұрылымдық және туристік нысандар салу көзделген.
Ұлттық даму жоспарының басты басымдықтары Жетісу облысында кең көлемде жүзеге асырылуда. Өңірдегі тұрмыс сапасын арттыру мақсатында Республикалық бюджет комиссиясы Жетісу үшін жалпы сомасы 81,1 миллиард теңгені құрайтын 27 маңызды жобаны мақұлдады. Қомақты мемлекеттік инвестицияның басым бөлігі аймақты газдандыруға, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға және судан қорғау нысандарының құрылысына бөлінеді. Нақты айтқанда, Ақсу, Сарқан, Алакөл, Панфилов пен Қаратал аудандарының 22 елді мекеніне табиғи газ тартудың жобаларына 37,4 миллиард теңге бағытталмақ. Денсаулық сақтау саласын қолдауға 21,6 миллиард теңге бөлініп, соның ішінде Үшарал қаласында 200 төсектік заманауи орталық аурухана бой көтереді. Сондай-ақ Алакөл көліндегі қоршау бөгетінің құрылысын аяқтауға 10,5 миллиард теңге жұмсалады.
Мемлекеттік стратегияның негізгі өзегі ретінде Жетісу облысының туристік әлеуетін кешенді дамыту мәселесі айқындалды. Табиғаты әсем, тарихи орындары бай өңірде саяхатшылар ағынын ұлғайту үшін ең алдымен сапалы жолдар мен инфрақұрылым қажет. Осы бағытта өңірде бірнеше ауқымды жоба қолға алынып отыр.
Алдымен, Ескелді ауданында орналасқан әйгілі «Бұрхан-Бұлақ» сарқырамасына апаратын автокөлік жолын реконструкциялауға 8,9 миллиард теңге қарастырылды. Орталық Азиядағы ең биік табиғи сарқырамалардың біріне қауіпсіз әрі ыңғайлы жолдың тартылуы отандық және шетелдік демалушылардың санын арттыруға тікелей ықпал етеді.
Екіншіден, Алакөл шипажайлы аймағындағы туристік инфрақұрылымды жақсарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жетісу мен Абай облыстарын өзара жалғайтын Алакөл маңындағы жолдың күрделі учаскелерін ретке келтіру бойынша нақты шаралар іске асуда. Көлік қатынасының жақсаруы демалыс орындарының қолжетімділігін арттырады.
Үшіншіден, белсенді демалыс түрлерін ұнатушылар үшін парапланеризм алаңына апаратын арнайы айналма жол салу туралы шешім қабылданды. Мұндай жобалар Жетісуда экотуризм, тау туризмі және экстремалды спорт түрлерінің дамуына өзгеше серпін береді. Оған қоса, «Алтынемел», «Тамшыбұлақ» сияқты әйгілі рекреациялық зоналар мен экопарктерді қоқыстан тазарту және көркейту шаралары да жүйелі жүргізілуде.
Өңір экономикасын әртараптандыруда агроөнеркәсіп кешені мен кәсіпкерлік секторды қолдаудың маңызы зор. Биыл Жетісуда 13,5 мың гектар алқапқа қант қызылшасы егіліп, жаңғыртудан өткен Көксу және Ақсу қант зауыттары өнім қабылдап жатыр. Ақсу зауытын табиғи газға қосу өндірістік шығындарды азайтып, отандық өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро мен шағын бизнеске тексеру жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу ұсынылды. Аталған жеңілдіктер жергілікті кәсіпкерліктің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуға қолайлы орта қалыптастырады. Талдықорғанда, Үштөбеде және Жетісу университетінде өткен қоғамдық кездесулерде азаматтық қоғам өкілдері Жолдаудағы міндеттерді қызу талқылап, қолдау білдірді.
Жетісу топырағында атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, өңірді еліміздің алдыңғы қатарлы туристік орталығына айналдыруға бағытталған. Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану арқылы жүзеге асатын инфрақұрылымдық бастамалар мемлекетіміздің іргесін бекемдеп, өскелең ұрпаққа қалдырар бағалы мұра болмақ.
Жібек Қадырбаева,
М. Горький атындағы орта мектебінің мұғалімі
Қаратал ауданы





