Кез келген мемлекет надандықты талқандауға қарекеттенбесе ширек ғасыр ішінде күйреп тынбақ. Бұл ілгерідегі ғалымдардың дәйекті дәлелі. Мұндайда көкейде «Біздің қоғам надандықпен күрес жүргізіп жатыр ма?» деген сұрақтың туындауы заңдылық. Аталған сауалға жауап Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында берілді. «Болмыс» әдеби-клубының жетекшісі Шынаргүл Оңашбайдың шақыруымен арнайы келген шығыстанушы, ағартушы Санжар Керімбай көрнекті ғалым Қаныш Сәтбаев жөнінде ой толғап, тың туындысын талды қаланың тұрғындарына таратты.
Қазақ тумысында надандық дертіне шалдықпаған халық. Ол жалғыз Құдайға және біліміне сенді. Сондықтан ойы таза, рухы азат күй кешті. Алайда аққа қараның өшпенділгі қай дәуірде де болғанын ескерсек, ұлтымыздың ынтымағын ыдыратқысы келетін, жер байлығы мен ел байлығын тонағысы келетін дұшпан қасымызда ере жүргенін кеш түсінудеміз. Қазақ зиялыларының күресін жалғайтын ұрпақтың оянатын күні жеткендей.
– «Бақыт шақыратын күнделікті», «Ақша шақыратын бақаны» сатып алу үлкен надандық. Саудагерлер мұндай заттарды Қытайдан 150-300 теңгеге алып, елге келіп оны 10 мың теңгеден сатады. Санасы ұйқыдағы жұрт сол затқа Құдайындай сеніп, сатып алып жүргенін көріп жүрміз. Қазіргі смартфондар елді мүлде тұншықтырып, білімсіздікке қарай сүйреп әкетіп жатқаны ақиқат. Ұялы телефонға телмірген жастан қайдан ғалым шықсын?! Ғалымдар шықпаған мемлекет алға жылжымайды, алға жылжымаған мемлекет соңында азып-тозып кетеді де көрінгенге құл болып бірақ оянады. Біз қазір надандық жайлаған ортада өмір сүріп жатырмыз, – деді Санжар Керімбай.
Сөзін іле жалғап, надандықпен күресуге әлі де кеш еместігін ескертіп өтті. Барлығы жастардың қолында, олардың ғылымға бет бұрып, миға сыйымсыз істерден бойларын оқшау ұстағаны ләзімдігін жеткізді. Оған Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, Кеңес одағы мен Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаевтың өмір жолы мен «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының түрткі болатыны айтылды.
Аталған кітапта автор ғалымның ғылым саласындағы адал қызметі мен ғылым жолындағы күресі, ерлік істері мен жетістіктерін тереңінен талдайды. Қаныш туралы бұрын-соңды айтылмаған дәйектерді келтіріп, оның қазақ балаларын оқытуға ықпалы тиген ерен тұлға болғандығын айқындайды. Бұл оқулықтың басқа кітаптан ерекшелігі – кейіпкердің өмірбаянын толық баяндап шығуды мақсат етпейді. Қаныш Сәтбаевтың кейбір шешімі мен іс- әрекетін экзистенция анализі, онтология, логотерапия, феноменологиялық әдіспен түсіндіреді. Сонымен қатар бұған дейін аз тираждалып, қайта басып шығаруға рұқсат етілмеген «Бала Қаныш оқыған кітаптар», «Қаныштың жастық шағы», «Жас Қаныш», «Қуғындалған Сәтбаев» кітаптары да көпшілікке таныстырылды.
– Қаныш Сәтбаев мың жылда бір туатын тұлға. Біздің көздегенміз ол кісіні насихаттау арқылы жастардың рухын көтергіміз келеді. Ұлтын сүйген азамат СССР кезінде билік тарапынан қасақана насихатталмаған. Ол туралы кітаптың барлығы қуғын-сүргінге түсіп, толықтай жойылып кеткен. Қазіргі кітаптың бәрі тәуелсіздіктен кейін ғана шыққан. Соңғы 35 жылда ғалымды мүлде танымайтын жаңа буын пайда болды. Міне, енді жаңа буынның санасына Қаныштың тұлғалық қасиеттерінің бәрін қайтадан сіңіру, жұқтыру мақсатында осы туындыны шығардық. Бұл кітапты оқығандардың өмірге деген құлшынысы артатынына кепілдік беремін, – деді туынды авторы.
Кітап иесінің бұл айтқан сөзінің әсте өтірігі жоғына біз де куә. Шара аясында залда денесі шымырламаған қазақ қалмады. Қаныштың өмірі сүйіндіре отырып күйдірді, риза қыла тұрып жылатты. Санжар Керімбайдың қазақтың дәстүрлі құндылықтарын заманауи көзқараспен ұштастырып, адамды рухани, мәдени тұрғыда дамытуға бағытталған пікірлері, тыңдаушыларды өз өміріне басқа қырынан қарауға мәжбүр ететін тұсы көпшілік көңіліне айрықша әсер етті. Одан бөлек, жастарды ұлттық құндылықтарды сақтауға шақыру тәсілі тың серпін екенін айта кеткеніміз жөн.
Жиында 1946 жылы ашылған Қазақ ғылым академиясының тарихы мен жетістігі кеңірек баяндалады. Қаныш Сәтбаевтың жанына серік болған ғылым майданындағы достары – Мұхтар Әуезов, Жұмабай Шаяхметов, Шапық Шөкин, Шахмардан Есенов, Eвней Бөкетов, Есмағамбет Ысмайлов, Бейсембай Кенжебаев жайында да кеңінен мәлімет берілді.
Бұл күні Мәдениет сарайына жиналған халық Қанышымен қайта жолыққандай күйге түсті. Оның рухына іштей дұға еткенін көздері айтып тұрды. Қазақтың жоғалғанын түгендеп жүрген Санжар Керімбайға алғысын жаудырып, автордың қолындағы кітапты қолтаңбасымен алып, «Ел болуға» аттанды.
Медет ЖҰМАБАЙ





