Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және азаматтарға қолайлы жағдай жасау – мемлекеттік органдар қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Осы бағытта Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізу саласында электрондық қызметтерді дамытуға ерекше көңіл бөлуде. Соның бірі – Атқарушылық іс жүргізудің мемлекеттік автоматтандырылған цифрлық жүйесінде (АІЖ МФЦЖ) жұмыс істейтін «Тараптар кабинеті» электрондық сервисі.
«Тараптар кабинеті» – атқарушылық іс жүргізудің тараптарына, яғни борышкер мен өндіріп алушыға, өздеріне қатысты қозғалған атқарушылық іс жүргізудің барысын онлайн режимде бақылауға және қажетті ақпараттарды қашықтан алуға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық құрал.
Аталған сервистің басты мақсаты – атқарушылық іс жүргізудің ашықтығын қамтамасыз ету, азаматтардың сот орындаушыларымен өзара байланысын жеңілдету және қағазбастылықты азайту.
«Тараптар кабинеті» арқылы қандай мүмкіндіктерді пайдалануға болады?
Электрондық сервис арқылы атқарушылық іс жүргізу тараптары бірнеше маңызды қызметті пайдалана алады:
- өздеріне қатысты атқарушылық іс жүргізулер туралы мәліметтерді алу;
- атқарушылық іс жүргізу материалдарымен электрондық форматта танысу;
- сот орындаушысы қабылдаған процестік шешімдер мен атқарушылық әрекеттерді бақылау;
- қаулылар мен өзге де құжаттарды PDF форматында жүктеп алу;
- сот орындаушысына электрондық өтініштер, арыздар мен шағымдар жолдау;
- жолданған өтініштердің қаралу мәртебесін және берілген жауаптарды бақылау;
- атқарушылық іс жүргізу бойынша берешекті онлайн режимде төлеу;
- жеке сот орындаушысы туралы мәліметтермен танысу және оның қызметін бағалау.
«Тараптар кабинетіне» қалай тіркелуге болады?
Сервисті пайдалану үшін азаматтар АІЖ МФЦЖ-нің ресми интернет-порталына – https://aisoip.adilet.gov.kz сайтына кіріп, электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы тіркелуі қажет.
Сонымен қатар, азаматтар «AdiletGov» мобильді қосымшасы арқылы да тиісті қызметтерді пайдалана алады. Ол үшін қосымшаны ұялы телефонға жүктеп, авторизациядан өту қажет.
Тіркеуден кейін пайдаланушы өзіне қатысты атқарушылық іс жүргізулер туралы ақпаратқа қол жеткізіп, қажетті электрондық қызметтерді пайдалана алады.
«Тараптар кабинеті» – атқарушылық іс жүргізу саласын цифрландырудағы маңызды қадамдардың бірі. Бұл сервис азаматтарға уақытын үнемдеуге, өз құқықтарын тиімді пайдалануға және атқарушылық іс жүргізудің орындалу барысын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.
Ақпараттың қолжетімділігі, қызметтің ашықтығы және азаматтардың құқықтарын қорғау – тиімді мемлекеттік қызмет көрсетудің басты көрсеткіштері.
А.С.Кусмолдинова
Жетісу облысы Әділет департаментінің сот орындаушылардың қызметін реттеу және
бақылау бөлімінің жетекші маманы





