Күз келіп, күн салқындаған сайын маусымдық аурулардың да көбейетіні белгілі. Мұндай кезеңде тұрғындардың денсаулығын сақтау, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру – денсаулық сақтау саласының маңызды міндеттерінің бірі.
Осы бағытта Көксу аудандық ауруханасының ұжымы жүйелі жұмыс жүргізіп, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Аудандық аурухананың терапия бөлімінің меңгерушісі Мейрам Қазақбаева атап өткендей, тұрғындарды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және дер кезінде медициналық көмек көрсету – мекеме жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Мен де осы медициналық көмектің игілігін көрген жандардың бірімін.
Жүрек-қантамыр жүйесінің сырқатына байланысты қан қысымым күрт көтеріліп, инсульт алдым. Сол бір қиын сәтте дәрігерлердің кәсіби біліктілігі мен жедел көрсеткен көмегінің арқасында аман қалып, денсаулығымды түзеп, отбасымның ортасына оралдым. Әсіресе емдеуші терапевт дәрігер Сейілхан Айдосұлының дер кезінде қабылдаған емдік шаралары мен біліктілігін ерекше атап өткім келеді. Оның жауапкершілігі мен науқасқа деген жанашырлығы емнің нәтижелі болуына үлкен ықпал етті. Қазіргі таңда амбулаториялық ем қабылдап, денсаулығымды біртіндеп қалпына келтірудемін. Сондай-ақ ем-шара мейірбикесі Несібелі Бақытқызы, кезекші мейірбике Назира Өксікбаева, кезекші медаға Диас Дүйсентайға және кезекші медбике Баян Көксегенге шынайы алғысымды білдіремін. Олар әр науқасқа ықыласпен қарап, өз міндеттерін абыроймен атқарып жүр. Адам өмірі үшін күресіп, науқастың сауығып кетуіне бар күш-жігерін жұмсайтын ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық.
Дәрігердің кәсіби білімімен қатар мейірімі мен жанашырлығы да науқасқа күш-қуат беріп, өмірге деген сенімін арттырады. Өз басым осындай қамқорлықты сезініп, медицина қызметкерлерінің еңбегіне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Барша медицина қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тілеймін. Халықтың алғысына бөленіп, абыройларыңыз асқақтай берсін!
Борамбай Ерқалымұлы
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,





