Өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар нысандарды уақытылы пайдалануға беру мәселелері әрқашан басты назарда. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар туралы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Санжар Қабдыбек кеңінен баяндады.
2025 жылы басқарма бюджетінің көлемі 107,2 млрд теңгені құрап, оның 90,1%-ы тиімді игерілді. Жыл ішінде жалпы саны 309 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, соның 240-ы халықтың игілігіне берілді. Пайдалануға берілген нысандар қатарында білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ мәдениет және спорт ошақтары бар. Қалған 69 нысанның құрылысы биыл жалғасын тапты. Бүгінде 94 нысанның құрылысы жүріп жатса, қосымша 22 жоба бойынша жобалау жұмыстары атқарылуда.
2026 жылғы 10 қарашада 29 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 30 нысанды (білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй, инженерлік желілер, мәдениет, спорт және ауыл шаруашылығы бағытындағы) аяқтау жоспарланып отыр. Ал келер жылға 35 нысанның құрылысы өтпелі. Соңғы екі жыл көрсеткіштерін салыстырсақ, бюджет көлемінің 107,2 млрд теңгеден 155,7 млрд теңгеге өсуі өңірдің әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуға және халыққа көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруға зор мүмкіндік берді, – дейді спикер.
Басқарманың алдағы басты міндеттері – жыл соңына дейін жоспарланған нысандарды сапалы әрі уақытылы пайдалануға беру, бюджет қаражатын тиімді игеру, сондай-ақ құрылыс сапасы мен мерзіміне қатаң бақылау орнату. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 24 қыркүйектегі № 792 қаулысын (бюджет қаражатын жоспарлау мен жұмсаудағы қатал тәртіп пен мораторийді) басшылыққа ала отырып, қаржының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына ерекше көңіл бөлінуде.
Брифинг барысында Санжар Қабдыбекұлы Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында 2027 жылды ауқымды жалпыхалықтық құрылыс жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысын толық қолдайтындарын жеткізді.
Мемлекет басшысының 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауы – Жетісу өңірі сияқты қарқынды дамып келе жатқан аймақтар үшін үлкен мүмкіндік. Бұл бастама әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртуға ғана емес, жергілікті құрылыс компанияларына, өндіріске және жұмыссыздықты азайтуға тікелей ықпал етеді. Бөлінген әрбір теңгенің тиімді әрі мақсатты жұмсалуын бақылау – біздің басты міндетіміз, – деді Санжар Қабдыбек.
Мақпал Әділханқызы





