Президенттің әр жолдауында ел спортын дамыту, оны қолдау мәселесі айтылып, бірқатар іс жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысы спортшылармен жолыққан сәтте де өңірдегі спортты дамыту, нысанды көбейту, тұрғындардың спортпен шұғылдануына кедергісіз жағдай жасау қажеттігін, кәсіби спортпен айналысып жүргендерді қолдап, оның жетісттікке жетуіне ықпал жасау керектігін ерекше айтады.
Бүгінгі таңда әр баланың спортпен айналысуына толық мүмкіндік қарастырылған. Шалғай ауылдардағы өсіп келе жатқан балаларға жағдай жасау, тұрғындарға қолжетімді спорт кешендері мен нысандардың санын арттыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асып келеді.Спорт саласын заңнамалық тұрғыдан жүйелеу мақсатында «Дене шынықтыру және спорт туралы» Заңға бірқатар өзгерістер енгізіліп, мемлекеттік деңгейде басымдық берілетін спорт түрлері айқындалды. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы мен әр теңгенің нәтиже беруі қатаң бақылауға алынып, кәсіби спорт клубтарын қаржыландыруда демеушілік пен нарықтық тетіктерді қатар дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Халқымыздың мәдени коды мен рухының көрінісі болған ұлттық спорт түрлерін жан-жақты дамыту жөнінде де нақты міндеттер қойылды. Дәстүрлі спорт түрлерін заманауи форматта насихаттау, халықаралық деңгейге шығару және жастардың қызығушылығын арттыру бағытындағы ауқымды жұмыстармен қатар, Қазақ ұлттық спорт университетінің ашылуы салаға білікті маман даярлаудың маңызды қадамы болды.
Спорттағы адал бәсекелестік қағидаттары «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының құндылықтарымен толық үндеседі. Қазақстан халықаралық аренада таза, әділ және допингсіз спортты ұстанып, озық әлемдік стандарттарды енгізуге ерекше мән беріп келеді. Халықаралық деңгейдегі ірі жарыстарды ұйымдастыру және жаһандық спорттық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнату жұмыстары жалғасуда. Қорыта айтқанда, Президент Жолдаулары мен тапсырмаларында спорт тек рекордтар жиынтығы емес, еліміздің адами капиталын арттырудың, ұлт денсаулығын нығайтудың және салауатты өмір салтын қалыптастырудың негізгі тетігі ретінде қарастырылған.
Жандос АЛИАЙДАРОВ
Футзалдан Қазақстан құрамасының, «Каспий» командасының қақапшылар бапкері





