Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, оның атаулылығын арттыру және мемлекеттік ресурстарды әділ үлестіру мақсатында 2027 жылғы 11 қаңтардан бастап арнайы пилоттық жобаны іске қосады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жаңа бастаманың негізгі міндеті – мемлекеттік қолдауды отбасылардың нақты материалдық жағдайын ескере отырып тағайындау және қазына қаражатын, ең алдымен, шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтарға бағыттау. Қазіргі таңда еліміздегі әлеуметтік қорғау жүйесі халықтың түрлі санатын қамтып, қолдау шараларының кең ауқымын ұсынады. Дегенмен жекелеген жәрдемақы түрлерін тағайындаудың қолданыстағы тетіктері өтініш берушілердің нақты табысы мен тұрмыс деңгейін әрдайым толық ескере бермейді. Салдарынан табысы жоғары әрі ауқатты отбасылар да өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтармен бірдей деңгейде мемлекеттік жәрдемақы алып келген.
Осы олқылықты жою үшін министрлік әлеуметтік қолдау көрсету тәсілдерін түбегейлі жетілдіріп, бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін арттыруға басымдық беріп отыр. Пилоттық жоба шеңберінде әзірленген жаңа тәсілдер отбасының материалдық ахуалын цифрлық бағалау нәтижесінде әл-ауқаты жоғары және ауқатты санаттарға жатқызылған отбасылар алатын 36 әлеуметтік төлемнің 12 түріне қатысты қолданылады. Мамандардың айтуынша, ұсынылып отырған жаңашылдықтар мемлекеттің өз азаматтары алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартуын мүлде білдірмейді. Керісінше, мемлекеттік қолдауды бөлу тетіктерін әділетті етуге және қаржыны нақты мұқтаж жандарға көбірек жұмсауға бағытталған. Өзгерістердің басты қағидаты – әлеуметтік көмектің көлемі мен сипатын азаматтардың нақты қажеттіліктері мен отбасыларының материалдық мүмкіндіктеріне қарай айқындау.
Пилоттық жобаны жүзеге асыру барысында азаматтардың заңды құқықтарын қорғауға, отбасылардың материалдық жағдайын объективті бағалауға және мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуді негізсіз шектеуге жол бермеуге ерекше мән беріледі. Ол үшін әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың қолданыстағы тетіктеріне жан-жақты талдау жүргізіліп, ықтимал әлеуметтік салдарлар мұқият бағаланады. Аталған маңызды жұмысты сапалы үйлестіру мақсатында Еңбек министрлігінің базасында арнайы жобалық офис құрылып, жұмыс істеуде. Жобалық офистің құрамына Президент Әкімшілігі, Үкімет Аппараты, Құрылтай өкілдері және білікті сарапшылар қауымдастығының мүшелері енген. Сонымен қатар туындайтын мәселелерді кешенді қарастыру үшін сала мамандары мен тәуелсіз сарапшылар да тартылады.
Жобаны іске асыру кезең-кезеңімен, заңнамада белгіленген әлеуметтік кепілдіктерді қатаң сақтай отырып жүргізіледі. Пилоттық кезеңнің қорытындысы бойынша әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіруге қатысты нақты ұсыныстар әзірленеді.





