Отан алдындағы борышын абыроймен өтеген азаматтарды әлеуметтік тұрғыдан қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы. Елордада мерзімді әскери қызметін аяқтаған жастарға мемлекеттік білім беру гранттарын бөлу мәселесі бойынша күштік құрылымдар өкілдерінің қатысуымен ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Жиын барысында сарбаздардың білім алуына қатысты маңызды шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, еліміздің азаматтық және ведомстволық жоғары оқу орындарында оқу үшін барлығы 1 040 орын бөлінді. Оның ішінде 800 мемлекеттік білім беру грантын Ғылым және жоғары білім министрлігі ұсынса, қалған 240 орынды күштік құрылымдардың жоғары оқу орындары өз мойнына алды. Мұндай қолдау жас азаматтардың әскери қызметтен кейін өз жолын тауып, сұранысқа ие мамандықты меңгеруіне зор мүмкіндік береді.
Конкурстық іріктеу үдерісі «Срочники 2.0» платформасы арқылы толықтай цифрлық форматта жүзеге асырылды. Бұл жүйе әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған. Үміткерлердің рейтингін қалыптастыру кезінде жауынгерлік даярлық нәтижелері, әскери тәртіп деңгейі, қызметтік міндеттерді орындау сапасы, психологиялық даярлық пен тестілеу қорытындылары жіті ескерілді. Аталған көрсеткіштер негізінде еліміздің 160 әскери бөлімінен қатысқан 8 823 әскери қызметшінің арасынан үздіктер анықталды. Жарыс қорытындысы бойынша грант иегерлері атанған азаматтардың тізімі мен сертификаттары арнайы платформада ресми түрде жарияланды.
Мемлекет тарапынан әскери қызметшілерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер қатары жыл сайын кеңейіп келеді. Заңнамалық деңгейде бекітілген ережелерге сәйкес, жоғары оқу орындарына түсетін әскери қызметшілер үшін оқудың алғашқы жылында жатақханадан басымдықпен орын беру және ай сайын шәкіртақы төлеу қарастырылған. Құрылтай депутаттары да бұл бастамаға белсенді атсалысып, білім беру жеңілдіктерін жүзеге асыруда туындайтын өзекті мәселелерді шешуге қолдау көрсетуде. Бүгінгі таңда мерзімді әскери қызметін аяқтаған жастарды кәсіби даярлау негізгі бес бағыт бойынша жүргізіледі. Олардың қатарында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, инженерлік және құрылыс салалары, ауыл шаруашылығы мен биоресурстар, ветеринария, сондай-ақ заманауи қызмет көрсету саласы бар.





