Қыс мезгілі жақындаған тұста Талдықорған қаласының әкімі Ернат Бәзіл арнайы техникалар мен коммуналдық қызметтердің қарлы маусымға дайындығын тексерді.
Талдықорғанда жолдар мен қоғамдық орындарды қысқы күтіп-ұстау жұмыстары аяқталуға жақын. Қала 4 учаскеге бөлінген. Әр учаскеге көшелерді қардан уақытылы тазарту, көлік пен жаяу жүргіншілердің қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге жауапты мердігер ұйымдар бекітілген. Қала әкімі Ернат Бәзілдің айтуынша, қазіргі таңда төрт мердігер ұйымның барлығы қысқы жұмысқа дайын. Олардың ішіндегі ең ірісі – «Талдықорған Құрылыс» компаниясы.
Қысқы тазалық жұмыстарына 130-дан аса техника мен 240-қа жуық адам жұмылдырылады. Барлық техника мен жұмысшылар алдағы маусымға 100 пайыз дайын, – деді қала әкімі.
Қысқы жұмыстарға қажетті техникалық жабдықтармен қатар, көктайғаққа қарсы материалдардың жеткілікті қорын қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінген. Қаланың қысқы маусымдағы қажеттілігіне сәйкес 4,5 мың тонна құрғақ құм және 1,5 мың тонна тұз қажет. Әкімнің мәліметінше, бұл материалдардың барлығы сатып алынып, қызмет көрсететін төрт ұйымның арнайы базаларындағы құрғақ қоймаларға орналастырылған. Бұл олардың қар жауғанға дейін тиісті жағдайда сақталуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар коммуналдық техникалар паркін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Жүк тиеу жұмыстарына арналған 4 техника, Италияның «Dulevo» маркалы бір вакуумды сыпыру-жинау машинасы және шағын тракторлар сатып алынған. Алдағы уақытта арнайы техникалар санын одан әрі арттыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, желтоқсан айында келесі жылы қосымша шағын техникалар сатып алуға өтінім беру көзделген.
Облыс басшылығының қолдауымен «Bobcat» маркалы техникалар мен шағын тиегіштер алу мәселесі қарастырылуда. Олар саябақтарды, скверлерді және жаяу жүргіншілер аймақтарын тазалауға пайдаланылмақ. Мұндай техника ірі көлемді машиналар кіре алмайтын аумақтарда коммуналдық қызметтердің жұмысын жеңілдетеді. Сонымен қатар қысқы тазалық жұмыстарына кедергі келтіретін мәселелердің бірі – орталық көшелер бойына ретсіз қойылған автокөліктер. Ернат Бәзілдің айтуынша, бұл мәселе әсіресе Жансүгіров, Назарбаев және Қабанбай батыр көшелерінде өзекті.
Жол бойында қалдырылған көліктер арнайы техниканың жолдың жүріс бөлігін және жиектерін толық тазалауына кедергі келтіреді. Соның салдарынан көліктердің айналасына қар жиналып, олар орнынан қозғалғаннан кейін коммуналдық қызметкерлерге қосымша тазалау жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Бұл өз кезегінде уақыт пен қосымша ресурстарды талап етеді.
Аталған мәселені шешу үшін әкімдік полиция қызметімен бірлесіп, қар жауған кезеңдегі ұйымдастыру шаралары мен арнайы іс-қимыл кестесін әзірлеуде. Негізгі магистральдар бойына қар жауған кезде көлік қоймау жөнінде жүргізушілерге ескерту жасау мүмкіндігі қарастырылуда. Мүмкіндігінше автокөліктерді аулаларға немесе қосалқы көшелерге қою ұсынылады.
Қар жауған кезде тұрғындардан, әсіресе түнгі уақытта, негізгі магистральдық көшелердің бойына көлік қалдырмауды сұраймыз. Себебі, негізгі тазалау жұмыстары дәл осы уақытта жүргізіледі. Автокөліктерді аулаларға немесе шағын көшелерге қойған жөн. Бұл арнайы техниканың жолдарды барынша кедергісіз тазалауына мүмкіндік береді, – деп атап өтті қала әкімі.
Осылайша, облыс орталығында қысқа дайындық бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Атап айтқанда, коммуналдық қызметтерді қажетті техникамен қамтамасыз ету, көктайғаққа қарсы материалдар қорын қалыптастыру, арнайы автопаркті жаңарту және қар жауған кезеңде көлік қою тәртібін реттеу мәселелеріне басымдық беріліп отыр.
Айгүл БАЙБОСЫН





