Конституция – мемлекеттің саяси-құқықтық жүйесін қалыптастырып, қоғамдық дамудың негізгі бағыттарын айқындайтын басты құжат. Онда билік құрылымы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары, мемлекеттік органдардың өкілеттіктері мен қоғам алдындағы жауапкершілігі белгіленеді. Осы тұрғыдан алғанда, 2026 жылы қабылданған жаңа Конституция Қазақстанның конституциялық дамуындағы маңызды кезең саналады.
Жаңа Ата Заңның мәні мемлекеттік басқару жүйесін заман талабына сай жетілдіріп, мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Конституциялық жаңғыру билік институттарының тиімділігін арттыруға, олардың жауапкершілігін күшейтуге және азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге негіз болады.
Конституцияның басты құндылығы – адам және оның құқықтары мен бостандықтары. Бұл қағидат азаматтардың заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге, ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға, сондай-ақ құқықтық мемлекеттің негіздерін нығайтуға бағытталған. Ал заң үстемдігі мен тәртіпті сақтау қоғамда әділдік пен өзара жауапкершілік мәдениетін қалыптастырудың маңызды шарты болып табылады.
Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру де конституциялық өзгерістердің негізгі бағыттарының бірі. Билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігін қамтамасыз ету басқару сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл ретте мемлекеттік шешімдердің қоғам мүддесіне сай қабылдануы және билік институттарының халық алдындағы жауапкершілігі айрықша маңызға ие.
Ата Заңның қоғамдық маңызы азаматтардың мемлекет ісіне араласу мүмкіндіктерімен де тығыз байланысты. Қоғамдық бақылаудың дамуы, азаматтық бастамалардың қолдау табуы және тұрғындардың шешім қабылдау үдерісіне қатысуы демократиялық құндылықтарды нығайтады. Дегенмен бұл бағыттағы ілгерілеу мемлекеттік институттардың жұмысына ғана емес, халықтың құқықтық сауаттылығы мен азаматтық белсенділігіне де тәуелді.
Конституциялық нормалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да негіз қалайды. Заң үстемдігі, меншік құқығының қорғалуы және кәсіпкерлік қызметке қолайлы жағдай жасалуы экономикалық тұрақтылықтың маңызды алғышарттары саналады. Мұндай құқықтық орта инвестициялық ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлікті дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Ата Заңда бекітілген қағидаттардың нақты өмірде жүзеге асуы – ортақ жауапкершілік. Мемлекеттік органдар заң талаптарын мүлтіксіз орындап, азаматтардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуі қажет. Ал әрбір тұрғын өз құқығы мен міндетін білуге, заңды құрметтеуге және қоғамдық мәселелерге бейжай қарамауға тиіс.
Қорыта айтқанда, жаңа Конституция – Қазақстанның алдағы даму бағытын айқындайтын құқықтық негіз. Оның тиімділігі құжатта белгіленген нормалардың іс жүзінде орындалуымен және азаматтардың күнделікті өмірінде нақты көрініс табуымен өлшенеді. Әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет қалыптастыруда Ата Заңның талаптарын сақтау мен оның қағидаттарын жүзеге асыру мемлекет пен қоғамның басты міндеттерінің бірі болып қала береді.
«Жетісу-Ақпарат»





