Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттарын айқындап, Үкімет пен мемлекеттік органдарға бірқатар міндет жүктеді.
Президенттің айтуынша, еліміздің басты мақсаты – экономиканы нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру және келер ұрпаққа технологиялық тұрғыдан дамыған мемлекет қалдыру.
Жолдауда инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық берілді. Осы мақсатта Үкімет бұрын-соңды болмаған Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын әзірлейді. 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Оның аясында өңірлерде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны, сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесі салынады. Бұл бастама «Халықтық құрылыс» деп аталады.
Көлік-логистика саласын дамыту да негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленді. Атап айтқанда, «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосу, «Арал – Каспий» автожолын салу, «Көкшетау – Петропавл» тасжолын кеңейту және шекарадағы өткізу бекеттерін жаңғырту міндеттері қойылды. Сонымен қатар Қазақстанның Еуразиядағы ірі көлік-логистикалық орталыққа айналуына қажетті инфрақұрылымды дамыту тапсырылды.
Энергетика саласында 2029 жылға қарай электр энергиясын артығымен өндіру деңгейіне жету көзделіп отыр. Ол үшін жаңа электр станцияларын салу, қолданыстағы нысандар мен желілерді жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту қажет. Мемлекет басшысы келесі жылы Балқаш АЭС-інің құрылысын бастаудың маңызын атап өтті.
Ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану және өнімді терең өңдеу де назардан тыс қалған жоқ. Президент су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізуді, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін құруды және агроөнеркәсіп кешенін жасанды интеллект мүмкіндіктерімен дамыту қажеттігін айтты.
Шағын және орта бизнесті қолдау бағытында кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайту ұсынылды. Осыған байланысты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізу мәселесін қарастыру тапсырылды. Сонымен қатар экономикалық құқықбұзушылықтар бойынша қылмыстық қудалауды ізгілендіру және кәсіпкерлерге тең мүмкіндік қалыптастыру қажеттігі айтылды.
Цифрлық экономиканы дамыту Жолдаудың маңызды бағыттарының бірі болды. Үкіметке жасанды интеллектіні экономиканың негізгі салаларына енгізу, цифрлық жұмыспен қамтуды дамыту және азаматтардың онлайн табыс табуына жағдай жасау міндеті жүктелді.
Әлеуметтік салада ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру тапсырылды. Бұл өзгеріс 1,8 миллион адамның табысына әсер етеді. Сондай-ақ учаскелік қызмет мамандарының жалақысын 40 пайызға дейін арттыру, перинаталды орталықтар мен балалар ауруханаларын салу, инклюзивті білім беру инфрақұрылымын дамыту көзделген.
Мемлекет басшысы инфляцияны төмендету, салық жүйесін жетілдіру, инвестиция тарту және мемлекеттік басқару сапасын арттыру қажеттігін де атап өтті. Сонымен қатар жаңа Азаматтық кодексті әзірлеп, оны келесі жылдың соңына дейін қабылдау міндетін қойды.
Жолдау соңында Президент ел дамуының негізгі тірегі әділдік, заңға құрмет, тәртіп және адал еңбек екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның болашағы білім мен ғылымға, инновацияға және жасанды интеллектіні тиімді пайдалануға тікелей байланысты.
«Жетісу-Ақпарат»





