Талдықорған: +15°C
$ 444.30
€ 490.91
₽ 5.41
  • Комплаенс қызметі
  • Сыбайлас жемқорлық картограммасы
Advertisement
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
жазу
No Result
View All Result
Writy.
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР
No Result
View All Result
No Result
View All Result
Басты бет ЖАҢАЛЫҚТАР КҮНДЕРЕК

«АБОРИГЕНДЕР» тұра ма?

Бүгін, 15:00
КҮНДЕРЕК
«АБОРИГЕНДЕР» тұра ма?

Жұмабай Мұсабеков

WhatsAppTelegramFacebook

Заман шіркін зырғып барады. Бір заманда хат-хабар апталап жетсе, бүгінгі жұрт әлемнің арғы шетіндегілермен бейнебайланыс арқылы тілдесіп, тірлігін телефонмен тындырып отыр. Жасанды интеллект жаһан жұртының күнделікті дағдысына айналып, сандық технология салтанат құрған шақта біз де өркениетті елдердің көшіне ілесіп келеміз деп кеуде қағамыз. Ал сол көштің шаңына да ілесе алмай, байланыссыз отырған ауылдарымыз бар десек, сенесіз бе? Сенбесеңіз, Алакөлге барыңыз!

Алакөл ауданының бірқатар елді мекенінде ұялы байланыс пен ғаламтордың жайы мәз емес. Тұрғындардың айтуынша, кей ауылда телефонның өзі кәдеге аспайды, интернетті айтпағанда. Жұрт хабарласудың амалын іздеп, үйдің төбесіне шығып, ауыл шетін жағалап жүруге мәжбүр. Қысқасы, біреудің қолында смартфон болғанымен, оның игілігін көруге мүмкіндік жоқ. Сырты бүтін, іші түтін тірлік осы емес пе?!

Мәселенің мәнісін өз көзімізбен көру үшін Қабанбай ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылына ат басын бұрдық. Ауылға кіргеннен-ақ көңілге қаяу түсіретін көрініс көзге шалынды. Көшелерде қозғалыс аз, тіршілік саябыр. Жөн сұрайтын жанды жолықтырудың өзі мұң болған соң, тұрғындардың бірінің есігін қақтық. Темірлан Зиядан есімді азамат мұңын бірден шақты:

Әр үйдің төбесінде Tele2 антеннасы тұр. Бірақ ауылдың ішінде байланыс ұстамайды. Тек үйдің төбесіне шыққанда ғана аздап сөйлесуге болады. Кәдімгі үндістер сияқты өмір сүріп жатырмыз, – дейді ол.

Қараңызшы, байланыс операторының антеннасын үйінің шатырына дейін орнатқан тұрғынның өзі телефонмен еркін сөйлесе алмайды. Енді мұны қалай түсінуге болады? Байланыс құралын сатып алуға қауқары жеткенімен, оны пайдалануға жағдайы жоқ. Технология дамыған заманда ауыл адамының төбеге шығып, байланысты іздеп жүруі қай қисынға сияды?

Осы жайтты Қабанбай ауылдық округінің әкімі Қайрат Қабдылдаевқа жеткіздік. Оның айтуынша, көктемде ауылдағы байланыс жүйесі толық жолға қойылмақ. «Қазақтелеком» мекемесі ауылға бағаналар орнатып қойған. Демек мәселенің шешімін күткен жұртқа тағы да уақыт керек.

Алайда көктемге дейін тұрғындардың тірлігі қалай жалғасады? Баланың сабағы, үлкеннің жұмысы, елдің күнделікті байланысы сол уақытқа дейін күте тұра ма? Жоспардың болғаны жақсы, бірақ орындалуы одан да маңызды.

Жамбылдан шыққан соң Ақжар ауылдық округіне қарасты Қоңыр ауылына жол тарттық. Мұндағы жағдай да көңіл көншітерлік емес. Ауыл тұрғыны Қуаныш Қияшевтің айтуынша, байланыс ауа райына тәуелді.

Ауылда байланыс жоқ. Бүгін жаңбыр жауып тұр. Осындай кезде интернет те, телефон да істемейді. Мен ауылда туғалы бері дұрыс желі көрген жоқпын. Әкімдер интернет орнатып береміз деп құрғақ уәде айтады, – дейді ол.

Яғни, ауыл тұрғынының күнделікті тіршілігі табиғаттың қабағына қарап қалған. Күн ашық болса, байланыс бар шығар, жаңбыр жауса, телефонның да үні өшеді. Қазіргідей ақпарат заманына мұндай ахуалды қалай сиғызамыз?

Қоңыр ауылындағы бастауыш сынып мұғалімі Әйгерім Тауырбаева да қолайсыз ауа райында жағдайдың қиындай түсетінін айтады. Боран соғып, жел тұрса, байланыс мүлдем жоғалады. Ал Самал Аманғали есімді тағы бір бастауыш сынып мұғалімі оқушылардың жазбаша тапсырма орындауға мәжбүр екенін жеткізді.

Баланың білім алу мүмкіндігі туған жеріне қарап шектелмеуі керек. Қаладағы оқушы қажетті материалын ғаламтордан іздеп, электронды платформалармен жұмыс істеп отырғанда, ауылдағы өреннің дәптерге үңілуден өзге амалы қалмайды. Бірі цифрлық білім кеңістігіне қадам басса, екіншісі байланыс іздеп әлек. Осылайша, бір елдің балалары екі түрлі жағдайда білім алып жатыр. Мұның ертеңгі білім теңсіздігіне ұласу қаупі барын кім ескереді?

Адамзат жаратылғанда тасқа таңба басып, тарихын руна жазуларымен қалдырған. Бүгінгі ұрпақтың сол тас дәуіріне қайта оралғаны ма? Әрине, дәптерге әріп жазудың айыбы жоқ. Бірақ интернетке қолы жетпегендіктен, заман талабынан қағылу өкінішті-ақ.

Бұдан кейін бұрын Әшім аталған, қазіргі Төңкеріс ауылына табан тіредік. Мұнда да жұрттың жанайқайы бір арнаға тоғысады. Ауыл тұрғыны Маржан Қапсадықова осыдан бір жыл бұрын көшіп келген екен. Оның айтуынша, әсіресе бала тәрбиесі мен білімінде интернеттің жоқтығы қолбайлау болып отыр.

Балаларға қиын. Ауылда мүлдем интернет жоқ. Телефонның өзі қажетсіз болып қалды. Әкіміміз интернет орнатып береміз деп үнемі айтады. Бірақ әлі күнге дейін сол баяғы жартас, сол жартас, – дейді ол.

Ал ауылда туып-өскен Асхат Ырымжанның айтуынша, бұл түйткіл тұрғындарды әбден қажытқан.

Қатты қиналып кеттік. Көшіп кетейік десек, баратын жер жоқ. Әйтпесе интернетсіз ауылда не бар? – дейді ол.

Бұл сөздің астарында қаншама мұң жатыр. Адам туған жерінен безінбесе де тұрмыстың тауқыметі қолын байлайды. Кіндік қаны тамған ауылында отырып-ақ әлеммен байланыса алмайтын жағдайға жеткен. Көшіп кетуге мүмкіндік жоқ, қалуға қолайлы жағдай тағы жоқ. Сонда ауылдағы ағайынның несібесі осы болғаны ма?

Мәселенің мән-жайын білу үшін Жыланды ауылдық округінің әкімі Мақсұт Садуақасовпен де тілдестік. Оның қарамағына Жыланды, Майқан, Шынжылы, Көкжар және Төңкеріс атты 5 ауыл қарайды.

Осы ауылдардың ешқайсысында байланыс жоқ. «Beeline» компаниясының өкілдері келіп, мұнара орнатып берсе жақсы болар еді. Биыл орнатамыз деген болатын, – дейді округ әкімі.

Байқап отырсақ, бір ауыл көктемнен үміт күтеді, екіншісі байланыс компаниясының келуіне сенеді, үшіншісі тағы бір уәдеге байлаулы. Ал ауыл тұрғындары күте-күте күдер үзуге айналған. Қай әкімге жолықсаң да жауаптың сарыны бір: «жасалады», «жоспарда бар», «келесі жылы шешіледі». Қағаз жүзіндегі жоспар көп, ал ел ішіндегі нәтиже қайда?

Әкімдік қызметі тек мәселені тыңдап, оны жоғарыға жеткізумен шектелмеуі керек. Халықтың мұңын мұңдап, жоғын түгендеу, жауапты мекемелердің есігін қағып, істің соңына дейін бару да сол міндеттің бір парасы. Ауыл әкіміне 5 елді мекеннің тағдыры аманат болса, аудан басшылығы тұтас ауданның тіршілігіне жауапты. Ендеше, осы бақандай 5 ауылдың байланыссыз отырғаны кімнің назарында?

Ең өкініштісі, мәселе балалардың интернеттен сабақ қарай алмауымен немесе тұрғындардың телефонмен сөйлеспеуімен шектелмейді. Байланыстың жоқтығы адам өміріне тікелей қауіп төндіретін жағдайға да ұласуы мүмкін. Төңкеріс ауылдық ауруханасының фельдшері Ләззат Есенгелдинованың сөзі соның айқын дәлелі.

Түстен кейін жұмысым тұрып қалады. Атқарған жұмысымды базаға енгізу үшін компьютерімді көтеріп алып, Қабанбай ауылына баруға мәжбүрмін. Интернет жоқ. Жедел жәрдемге тұрғындар хабарласа алмайды. Біреу өліп қалса кім жауап береді?! Кәдімгі «аборигендер» сияқты өмір сүріп жатырмыз, – дейді медицина қызметкері.

Осы бір пікірдің өзінен-ақ мәселенің қаншалықты күрделі екенін аңғаруға болады. Фельдшер жұмысын атқару үшін компьютерін көтеріп, басқа ауылға сабылса, бұл қалыпты жағдай ма? Ал науқастың хәлі күрт нашарлап, шұғыл көмекке телефон байланысы кедергі болса кім жауап береді? Жедел жәрдем шақырудың өзі мұңға айналған елді мекенде қауіпсіздік туралы қалай сөз қозғаймыз?

Бір сәт ойлап көріңіз: қалада интернеттің сәл баяулағанына ашуланамыз, ал мұнда тұтас ауыл байланыссыз отыр. Біз үшін бірнеше минуттық қолайсыздық саналатын жағдай олар үшін күнделікті өмірдің дағдысына айналған. Бірі телефонның қуатын үнемдеп әлек, бірі ауыл шетінен желі іздейді, енді бірі жұмысын атқару үшін өзге елді мекенге қатынайды.

Біз мұны өркениеттен тыс қалу демегенде не дейміз? «Абориген» деген ащы теңеуді де ауыл тұрғындары өздері айтып отыр. Бұл сөзді олардың намысына тию үшін емес, өздері бастан кешіп отырған ахуалдың қаншалықты мүшкіл екенін көрсету үшін келтірдік. Өйткені елдің бір шетінде байланыс мұнаралары бой көтеріп, сандық жүйе дамып жатқанда, екінші шетінде жұрт телефонмен тілдесу үшін төбе-төбеге шығуға мәжбүр.

Аудан басшылығы осы мәселені енді бір мәрте қағазға түсіріп, кезекті жиында сөз етумен шектелмесе екен. Қай ауылға қандай байланыс қажет? Қай оператор қызмет көрсетеді? Мұнара орнатуға не кедергі? Қашан нақты іске кіріседі? Осы сауалдардың әрқайсысына жауап беріліп, мерзімі белгіленген іс-шаралар жоспары жасалуы тиіс. Ең бастысы, оның орындалуы жұртшылыққа ашық айтылуы керек.

Алакөлдің атағы әлемге жайылғанымен, ауылдары байланыссыз қалса, мұның өзі үлкен қайшылық. Көл жағасына турист шақырып, елді мекендердегі жұртты ғаламторсыз қалдыруға бола ма?

Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ

Қатысты жаңалықтар

Ата Заң – әділетті қоғам қалыптастырудың құқықтық негізі

Ата Заң – әділетті қоғам қалыптастырудың құқықтық негізі

Бүгін, 15:19
«АБОРИГЕНДЕР» тұра ма?

«АБОРИГЕНДЕР» тұра ма?

Бүгін, 15:00
Инклюзивті білім беру жүйесін дамыту

Инклюзивті білім беру жүйесін дамыту

Бүгін, 14:20
Президент Жолдауда ел дамуының басым бағыттарын айқындады

Президент Жолдауда ел дамуының басым бағыттарын айқындады

Бүгін, 13:30
Шағын шаруаларға серпін берді

Шағын шаруаларға серпін берді

Бүгін, 12:18

«7-su.kz» желілік басылымы

Меншік иесі: ШЖҚ «Жетісу Медиа» МКК

Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы, Жұмахан Балапанов көшесі 28, 4-қабат. Индекс: 65469

Веб-сайт редакторы: Асыл Сұлтанғазы

«www.7-su.kz» желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 13 ақпанда тіркеліп, №KZ38VPY00064529 куәлігі берілген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша сенім телефоны: +7 (777) 388 0990

Facebook Instagram Youtube
  • БАСТЫ БЕТ
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • БАЙЛАНЫС
  • ЖАРНАМА
  • ГАЗЕТКЕ ЖАЗЫЛУ
  • АРНАЙЫ ЖОБА
© 2011 — 2025 7-su.kz — барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.
No Result
View All Result
  • ЖАҢАЛЫҚТАР
  • ӘЛЕУМЕТ
  • ЭКОНОМИКА
  • САЯСАТ
  • РУХАНИЯТ
  • КҮЛТӨБЕ
  • БАСҚА
    • АЛТЫН ТҰҒЫР
    • АНАЛИТИКА
    • АРДЫҢ ІСІ
    • АРНАЙЫ ЖОБА
    • ДЕНСАУЛЫҚ
    • КҮНДЕРЕК
    • МІНБЕР
    • ПРЕСС-РЕЛИЗДЕР

© 2011 - 2025 7-su.kz - барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.