«БӘРІ ОСЫЛАЙ ШЕШІЛЕДІ». «ТАНЫСЫҢ БОЛМАСА, ІСІҢ БІТПЕЙДІ». «КӨКЕМЕ АЙТАМЫН. СОЛ ШЕШІП БЕРЕДІ». Бұл көпшілігіміздің күнделікті естіп жүрген сөзіміз. Өкінішке қарай, мұндай түсініктер қоғам үшін ең үлкен қауіп. Ал біз кейде қоғамдағы өзекті мәселені экономикалық дағдарыстан, жұмыссыздықтан немесе әлеуметтік теңсіздіктен іздейміз. Алайда тамырында жатқан, көзге көрінбейтін, бірақ салмағы тым ауыр бір дерттің барын ұмытып кетеміз. Ол – жемқорлық.
Жемқорлықты сөз еткенде ойымызға көбіне пара алу, заңсыз ақша, қызмет бабын асыра пайдалану сынды әрекеттер келеді. Бірақ оның шынайы қауіптілігі мұнымен шектелмейді. Жемқорлық – ең бірінші адамның әділдікке деген сеніміне селкеу түсіріп, адал еңбектің қадірін төмендетеді. Бұл тізімді санауға саусақ жетпей жатқаны да бізді алаңдатады. Бір қарағанда, пара берген адам өз мәселесін шешкендей, пара алған адам өз пайдасын тапқандай көрінуі мүмкін. Бірақ сол сәтте қоғам тең мүмкіндіктен, әділдіктен және өзара сенімнен айырылғанына мән бермейді. Ең қауіптісі – жемқорлықтың қалыпты құбылысқа айналуы. Адамдар әділетсіздікке таңғалмайтын, заңсыздықты ақтауға бейімделетін, адал жолмен жетістікке жетуді аңғалдық санайтын жағдайға жетсе, бұл қоғам үшін үлкен рухани дағдарыстың белгісі дей бергеніміз дұрыс.
Жемқорлықтың ең ауыр түрі – біреудің маңдай терімен жетуге тиіс мүмкіндігін тартып алу. Ол кейде талантты жастың жолын кеседі, кейде адал кәсіпкердің еңбегін құнсыздандырады, кейде қарапайым азаматтың мемлекеттік жүйеге деген сенімін жоғалтады. Бұл тұтас қоғамның дамуына жасалған тосқауыл.
Мәселен, білім беру саласындағы жемқорлық жас ұрпақтың сапалы білім алуына кедергі келтіреді. Денсаулық сақтау саласындағы заңсыздық азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Мемлекеттік сатып алудағы әділетсіздік бюджет қаржысының тиімсіз жұмсалуына, ал құрылыс саласындағы жемқорлық сапасыз нысандардың бой көтеруіне әкелуі мүмкін. Әсіресе бюджет қаражатына салынатын мектептер, ауруханалар, жолдар мен әлеуметтік нысандардың сапасы қатаң қоғамдық бақылауда болуы тиіс. Өйткені бұл қаражат – белгілі бір мекеменің немесе лауазымды тұлғаның жеке мүлкі емес, халықтың ортақ байлығы.
Біз жемқорлықпен күрес туралы жиі айтамыз. Заңды күшейту, бақылауды арттыру, жауапкершілікті қатаңдату – мұның бәрі маңызды. Бірақ бір ақиқатты мойындауымыз қажет: заң қаншалықты мықты болса да адам бойындағы ар-ұят әлсіресе, әділетті қоғам құру қиын. Кейде адамдар «бәрі осылай істейді», «басқаша жол жоқ», «бір реттен ештеңе өзгермейді» деген сылтаулармен өз әрекетін ақтауға тырысады. Осындай түсініктер жемқорлыққа қолайлы орта қалыптастырады. Шын мәнінде, жемқорлық тек пара алған адамның әрекетінен басталмайды. Ол заңсыздықты көріп тұрып үнсіз қалудан, әділетсіздікті қалыпты қабылдаудан, жеке пайданы қоғамдық мүддеден жоғары қоюдан да басталады. Міне, осы тұста көпшілігіміз үлкен қателік жасап жатқанымызды түсінуіміз керек.
Күнделікті тіршілікті балаларымызға «Адал бол. Адал еңбекпен ғана жетістікке жетуді ойла» деп аламыз да жарысқа қатыстыру, оқуға түсіру, жұмысқа орналастыруға келгенде таныс, тамыр іздеп кетеміз. Сонда сөзіміздің құны қайда? Біз ұрпаққа дұрыс өмір сүрудің үлгісін емес, жетістікке жетудің оңай әрі тез жолын түсіндіріп жатқандаймыз.
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, дамушы мемлекеттердің қатарына жетуді көздеп отырған шақта адамгершілік биігінен көрінуге тиіспіз. Заңды айналып, таныс-тамыр тауып, «ағалап, көкелеп» жүріп жұмысыңызды реттеп алуға болады. Бірақ ар-ұжданнан айналып өту мүмкін емес екенін де естен шығармағанымыз жөн.
Қоғамдағы жоғалтатын ең үлкен қорқыныш – ақша емес, сенім. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде халық парақорлық дертімен жиі «ауырып» жүргені де ақиқат. Сондықтан кез келген ортада пара беру мен алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқаруына кері әсерін тигізіп, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазіргі таңда қоғамымызға қауіп төндіріп, орасан кеселге қарсы шаралар қатаң қолға алынуда. Жемқорлықпен күрес арнайы дайындалған мемлекеттік бағдарлама негізінде жүзеге асырылуда. Қоғаммен бірге өркендеп, етек жайып, етене сіңісіп келе жатқан бұл кеселдің тереңнен құлаш жаймауына өз үлесімізді қосу және оған тосқауыл қою – біздің басты міндетіміз.
Бірінші оқиға:
– Апай: «Сөйлейтін сөзіңді толық жаттап ал. Ең бастысы – тоқтап қалмай, қобалжымай айт. Әділқазыға айтып қойдым. Саған орын береді. Қорықпа!» деп айтты. Сол үшін бәрін жаттап алдым. Енді ұмытпай айтып шығу керек. Бұл жарыстан орын бар деп санай берсем болады.
Екінші оқиға:
– Анашым, жарыста дұрыс айта алмаған бала орын алыпты. Мен бәрін жақсылап айтсам да, барлық сұраққа жауап берсем де маған орын бермеді. Неге? Керісінше, ұмытып қалған оқушыға орын бермеуі керек қой. Бәрі өтірік өтті. Енді жарысқа қатысқым келмейді.
Жемқорлықпен күресудің шарттары:
Біріншіден, заң үстемдігін қамтамасыз ету қажет. Заң алдында лауазымды адам да, қарапайым азамат та тең болуы тиіс.
Екіншіден, ашықтық пен есептілік қағидаларын күшейту маңызды. Мемлекеттік шешімдер мен қоғамдық ресурстарды пайдалану барынша ашық болғанда, заңсыз әрекеттерге мүмкіндік азаяды.
Үшіншіден, адал еңбек пен кәсіби біліктілікті бағалайтын орта қалыптастыру керек. Адам өз қабілетімен жетістікке жете алатынына сенсе, заңсыз жолды таңдауға деген ынтасы төмендейді.
Төртіншіден, әр азаматтың азаматтық ұстанымы берік болуы қажет. Жемқорлыққа қарсы күрес тек мемлекеттік мекемелердің есебіндегі міндет емес. Ол – қоғамның ортақ жауапкершілігі.
ТҮЙІН:
Адалдықтың бағасы жоқ. Бірақ құны бәрінен жоғары. Біз қандай қоғамда өмір сүргіміз келеді? Адамның әділдікке сенімін қайтаратын, адал еңбектің абыройын көтеретін, қоғамның рухани тазалығын сақтайтын, заң бәріне ортақ болатын, адамның білімі мен қабілеті таныстықтан жоғары тұратын қоғамда ма, әлде мүмкіндікті парамен сатып алатын, әділдікті жеке пайдаға айырбастайтын ортада ма? Бұл сұрақтың жауабы әрқайсымыздың бүгінгі таңдауымызға байланысты екенін ұмытпайық.
Еңлік КЕНЕБАЙ





