Аспанда жұлдыз көп болғанымен Ай мен Күн жалғыз. Сондай-ақ, аты бар жұлдыздар секілді ерен еңбегімен ел есінде есімін қалдыра алатын адамдардың мағыналы ғұмыры арқылы ұрпақ тәрбиеленеді. Тар заманды, бар заманға жеткізу жолында еңбек еткен аналар қазақта ерекше құрметке ие. Ердің бәрі соғысқа кеткенде ұрпаққа ие болу, халықты асырау Ана жанкештілігінің арқасында жүзеге асқанын әр кез ұмытпаймыз.
Келешекке үлгі етер сондай асыл аналардың бірі де бірегейі Бәтима Сақауова апамыздың ұлт жадындағы орны мүлде бөлек. Жастайынан ауыр еңбек пен қатал талаптың ортасында шынардай шымырлықты игеріп, тастан тамыр өрбіткен Еңлікгүлдей ерте танылды. Күн, түн демей шапқылап, жаяулап жүріп ұлттың идеологиясын қалыптастыру әркімнің қолынан келе бермейді. Бүгінгі сайран салып жүрген әлеуметтік нысандардың біразы Бәтима апамыздың аялы алақанынан шыққанын көзі қарақты ағайын жақсы біледі. Ақсу, Кербұлақ аудандарында еселі еңбек етіп, облыстық әкімдікке өз еңбегімен жетті.
Қол бастаудан да, жол бастаудан да, сөз бастаудың қиындығын біздің алдымыздағы абыздарымыз ашық айтып кеткен. Бәтима апамыз сөзге келсе шешен, іске келсе көсем екендігін дәлелдеген адам. Күннің шуағы жер әлемге қалай тең түссе, апамыздың да қызмет бабындағы көзқарасы дәл солай еді. «Атасы басқа аттан түс» деген бүгінгідей озбырлыққа жаны қас апамыз ар жолында адалдық танытып өтті. «Алдыңнан артың таза болсын» деген халық даналығын ұран еткен апамыздың әр сөзі бізге насихат секілді естілетін. Ел басқару ісінде тапқырлығымен, өткірлігімен түйінсіз істердің шешімін тауып, халықтың ықыласына бөленді. Бір әулеттің ғана емес, бар жетісулықтың аяулы анасына айналды. Қаншама шәкірт тәрбиелеп, әркімге жалынан ұстата бермейтін қызмет деген арғымақты тізгіндеуге мүмкіндік әперді. Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ. Өмірінің соңына дейін үлкен мен кішіге бірдей сыйлы ғұмыр сүрді. Жасы жетіп, аяғынан қалса да ақылы мен парасаттылығынан айнымады. Бұл – тектілік.
«Ұлылардың ұлылығы өзінен төменгілермен қарым-қатынасынан білінеді» деген екен Шекспир. Мереке сайын облыс жұртшылығы асыл ананың ақ батасын алуға асығатын еді. Қағбаны айналуға құмартқандай, Бәтима апамыздың да шаңырағына жұрт асығатын еді. «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары болмайды». Көпшілік апамыздың келісті келбеті мен салиқалы сөзіне, елге деген махаббатынан шыққан ақылына құмартатын. Бара қалсаң барын жайып, бала демей, дана демей-ақ жүрегін ашып қарсы алатын асыл ананың бір күні ғасырға азық деп санаймын.
Соңынан ерген бауыр-туыстарына қамқорлық танытып, үлкендігін білдіріп, жылына бір жиын жасап тұратын енді кім бар? Мереке күндері телефон шала қалсам даусымнан айнытпай танитын еді. Қолынан дәрмен кеткенін айтып, «Саған жақсылық жасай алмадым» деп ақтала да бастайтын еді, жарықтық. «Сіз ешкімге қарыздар емессіз. Сізге біз қарыздармыз. Қайтара алмаған қарыздарымыз бен парыздарымыз үшін кешірім сұраймыз» деп жанын жадыратуға тырысатынбыз.
Жайдары жүзің жабылмай,
Жалбақтап бекер сабылмай,
Жан біткенге жалынбай,
Жақсы өліпсің, япырмай!
Оспан өлгенде Абай хакімнің жазған өлеңіндегідей апамыз да осындай бақытқа ие болды. Ел анасының биыл 100 жылдық мерейлі жылы. Соңында елі барда апамыздың да аты өшпейтініне сенім мол.
Жаныңыз жаннатта, тәніңіз рахатта болсын Жетісудың жарық жұлдызы!
Төлеужан ҒҰМАР,
ақын, композитор, Жазушылар
одағының мүшесі





