Теңге туралы сөз қозғалса, арғы-бергі тарихты қозғай кететін әдетіміз. Қазақстанның Ұлттық валютасының алғашқы үлгілерін әзірлеу 1992 жылы басталды. Сол жылдың 27 тамызында Ұлттық банк банкноттардың дизайнын бекітті. Алғашқы купюраларда қазақ тарихында өзіндік орны бар ұлы тұлғалардың портреттері бейнеленді. Ұлттық валютаның көркемдік үлгісін жасаған Тимур Сүлейменов, Меңдібай Әлин, Ағымсалы Дүзелханов және Қайролла Ғабжәлелов Англияға аттанып, алғашқы теңгелер Ұлыбританиядағы «Харрисон және оның ұлдары» компаниясында басылып шықты. Теңге тарихын біз осылай бастап жүрміз. Бірақ оның тарихы тым тереңде.
«Теңге» сөзінің нақты шығу төркініне қатысты ғалымдар арасында әртүрлі пікір бар. Бірі оны «таңба» сөзімен байланыстырса, енді бірі «дөңгелек» мағынасындағы көне сөздерден таратады. В. Радлов «теңерек» сөзімен сабақтастырған. Ал кейбір ғалымдар парсы тіліндегі «даң» немесе «данаг» сөздерінен шығуы мүмкін деген болжам айтады. Демек, теңге атауының тарихы ортағасырлық түркі дүниесімен, Алтын Орда кезеңіндегі ақша айналымымен сабақтасып жатыр. Бергі тарихқа оралайық. 1993 жылдың 12 қарашасында Қазақстан Республикасының Президенті «Қазақстан
Республикасында Ұлттық валюта енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы құжат негізінде 15 қарашада Ұлттық валюта – теңге айналымға енді.
Теңгені қолданысқа енгізу сол кездегі күрделі экономикалық жағдайда жүзеге асты. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін Қазақстан белгілі бір уақытқа дейін рубль аймағында қалды. 1993 жылдың қараша айына дейін ақша эмиссиясын Ресейдің Орталық банкі жүзеге асырды. Алайда рубльдің құнсыздануы мен инфляцияның күрт өсуі Ұлттық валютаны енгізу қажеттігін айқын көрсетті. Оның үстіне, елімізде банкнот басып шығаратын фабрика мен монета шығаратын кәсіпорын болған жоқ. Сондықтан алғашқы теңгелер 1992 жылы Англияда құпия түрде дайындалды. Ескі ақшаны жаңа валютаға айырбастау 1993 жылғы 15 қарашада таңғы сағат 8.00-де басталып, 20 қарашада кешкі сағат 20.00-де аяқталды. Бастапқыда бір теңге мың рубльге теңестірілуі мүмкін деген нұсқа қарастырылғанымен, оның бағамы 500 рубль болып белгіленді. Ал айналымға енген алғашқы күні бір АҚШ доллары 4,75 теңгені құрады. Осылайша, Қазақстанның Ұлттық банкі дербес эмиссиялық банк ретінде жұмыс істей бастады. Алматыда Ұлттық банктің Банкнот фабрикасы, Өскеменде Қазақстан теңге сарайы қалыптасты. Бүгінде бұл кәсіпорындар банкноттар, монеталар және мемлекеттік наградалар өндіреді. Теңге сарайының өнімдері көркемдік орындалуы мен сапасы жағынан халықаралық талаптарға сай келеді.
Теңгенің сыртқы келбеті де уақыт талабына сай бірнеше мәрте өзгерді. Алғашқы банкноттарда Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Әбілқайыр хан және Абылай хан сияқты тарихи тұлғалар бейнеленді. Кейін «Әл-Фараби», 2006 жылы «Бәйтерек», ал 2011 жылы «Самұрық» сериясындағы банкноттар шығарылды. Әрбір жаңа серия ұлттық құндылықтарды танытып, ақша белгілерінің қорғаныс жүйесін жетілдіруге бағытталды.
Отыз жылдан астам уақыт ішінде теңге бірнеше даму кезеңінен өтті. Алғашқы банкноттардан бастап бүгінгі заманауи қорғаныс жүйесі бар ақша белгілеріне дейінгі жол елдің экономикалық мүмкіндіктерінің қалыптасуымен тығыз байланысты. Сондықтан 15 қараша – тек Ұлттық валютаның айналымға енгізілген күні ғана емес, Қазақстанның экономикалық дербестігі қалыптасқан кезең. Бұл түйсінгенге экономикалық дербестік шынайы тәуелсіздіктің нақ өзі.
Дастанбек САДЫҚ





